Тарихтан тәбәрік
...Бүгінгі Атырау музыкалық колледжі, кешегі музыкалық училище қалай құрылып еді, әуелгі аз-кем әңгіме сол жөнінде. Қазақтың бай музыкалық шежіресін аманат етіп қалдырған күйшілердің асыл мұрасын ұрпақ игілігіне қалдыру мақсатында Құрманғазы консерваториясының қос түлегі Сейілхан Құсайынов пен Раушан Нұрпейісова Алматыдан Атырауға (ол кезде қала Гурьев аталатын) жіберіледі. Ал музыкалық училищенің ашылуына себепкер болған – қоғам қайраткері, сол жылдары Гурьев облыстық атқару комитетін басқарған Нұртас Оңдасынов пен әйгілі композитор, Алматы консерваториясын басқарған Ахмет Жұбанов еді.
1958 жылы музыка училищесі ашылды, дарынды жастарға өнер әлеміне жолдама берілді. Ал оған дейін атқарылған жұмыс жеңіл болған жоқ. Сейілхан Қасиетұлы училищеге директор болып тағайындалған соң училищенің материалдық-техникалық базасын жасақтау, оқу бағдарламасын үйлестіру, ноталық әдебиеттер, оқулықтар, музыкалық аспаптар жинақтау, оқытушылар ұжымын ұйымдастыру сияқты келелі міндеттерге назар аударды. Музыкалық аспаптар тапшылығын жеңу үшін көптеген қиындықты жеңуге тура келді. Алдымен жергілікті шеберлерді іздеп тауып, солармен ақылдаса отырып, домбыра, қобыз, бас домбыра, бас қобыз аспаптарын жасауды қолға алды. Училищенің алғашқы оқытушылары И.Колтайс, О.Герлах, Р.Нұрпейісова, Б.Рзаханов, М.Құспаналиев, Е.Нұрашев жанқиярлықпен еңбек етті. Жалпы, ноталық әдебиеттер тапшылығы өз алдына, халық аспаптарына жазылған ноталық әдебиеттер мүлдем жоқ еді. Күндіз сабақ өткізіп, түнде күйлер мен шығармаларды нотаға түсіріп оқушыларды қамтамасыз етті. Училище ұжымы концерттік шаралармен халық арасына көбірек шығып, ұлы өнерді насихаттап, ел ішіндегі өнерлі жастарды іздеп тапты. Бұл үрдіс жетпісінші жылға дейін жалғасып отырды. Училище жоғары білімді мамандармен толыға бастады.