«Тарих жасаған тұлғa» түрік тіліне аударылды
«Тарих жасаған тұлғa» түрік тіліне аударылды

30 жыл бойы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге қызмет атқарып келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасының адамгершілік қасиеттері, қарапайымдылығы сынды ерекшеліктерімен қатар, қызметтік белестері, оның қиын-қыстау кезеңдердегі игілікті істері жайлы естеліктерін жинақтаған. Кітапта Елбасының сарабдал саясаты, көреген көшбасшылығымен жүзеге асқан халықаралық деңгейдегі бастамалары да орын алған.

Кітапты белгілі қаламгер, дипломат, халықаралық «Жамбыл» сыйлығының лауреаты Мәлік Отарбаев түрік тіліне аударған.

Аталған жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркі Кеңесі Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі профессор, ғылым докторы Әділ Ахметов, Түркі Кеңесінің құрушы бас хатшысы, елші Халил Акынжы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, сондай-ақ көптеген мемлекет қайтаркерлері, ғалымдар, зиялы қауым және дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, Түркия Республикасы Президентінің орынбасары Фуат Октай, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп атынан құттықтау жедел хаттары келіп түсті.

Кітаптың тұсаукесер салтанаты Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының алғы сөзімен ашылды. Елші өз сөзінде «Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы әрі қолдауымен ел тізгінін ұстаған майталман мемлекеттік қайраткер, қазақ дипломатиясының марқасқасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды жаңа белестерге бастайтыны анық» деді. Қазақстан елшісі үстіміздегі жылдың 9 маусымында жаңа сайланған Мемлекет басшысы Елбасының қол жеткізген табыстарын еселеп арттыратындығына сенімін білдірді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатта өзінің теңдестірілген, конструктивті және прогрессивті тұлғалығын тілге тиек етті. Елбасының өмірі мен қызметтік белестерімен қатар, Мемлекеттің құрылу кезеңі мен заманауи Қазақстан туралы жазылған бұл кітаптың, әдеби стилі және оқиғаларға куә болу өзгешелігін ескерсек, құнды әдебиеттер қатарынан орын алатындығы сөзсіз екендігін атап өтті.