Су, жылу, жарық. Айына қанша төлейсіз?
Су, жылу, жарық. Айына қанша төлейсіз?
© фото: Айтжан Мұрзанов
Коммуналдық қызмет төлема­қысының түбіртегі келген сайын елеңдейтініміз анық. Кей кез­де жұрт қымбаттағанын айтып наразылығын білдіріп жата­тыны да жасырын емес. Осыған орай, еліміздегі ком­муналдық қызмет тарифінің бағасына шолу жасаған едік.  

Тариф құны құбылды ма?

2018 жылы тұрғындар ком­му­налдық қызмет бағасының өс­кенін айтып шағымданған бола­тын. Рас, ол кезде қызмет құ­ны 10 пайызға қымбаттап шы­ға келген. Енді сол жылғы баға­ны 2020 жылғы тариф құны­мен салыстырып көрсек. Мысалы, 2018 жылы жылу үшін қазақстандықтар 3 761,2 теңге төлесе, 2020 жылы 3 215,6 тең­ге­мен есеп айырысқан екен. Яғни, баға төмендеген. Сондай-ақ су мен кәріз жүйесінің арзанда­ға­нын байқаймыз. 2018 жылы судың текше метрі 72,25 теңге болса, биыл  – 67,82 теңге. Кәріз жүйесінің текше метріне сол жылы  – 49,51 теңге, осы жылы 46,6 теңге төлемақы сұралады. Ал электр қуатының бағасында айтарлықтай өзгеріс болмаған. 2018 жылы 1 киловатт тоқ 12,61 теңге болып белгіленсе, қазір 12,36 теңгені құрап отыр. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің дерегіне қарасақ, Ақтау қаласында салқын судың текше метрі 223,87 теңге (Қазақстан бойынша ең қымбат) деп белгіленсе, Қызылорда қала­сында 45,61 теңгеге бағаланады. Ыстық судың бағасында да айыр­ма­шылық аз емес. Алматы қала­сында 427,19 теңге болса, Пав­лодар облысында 152,54 тең­ге екен. Айырмашылық – жер мен көктей. Осы тұста тағы бір сұрақ туындайды. Коммуналдық қызмет тарифтерінің құны неге әр өңірде әртүрлі?  

Баға қалай белгіленеді?

Көбіне мамандар коммунал­дық қызмет бағасын төмендету бизнес үшін кедергі екенін ал­ға тартады. Экономиканы да­мыту үшін әуелі бәсекелестікті арттыру қажет. Сол себепті 2017 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап нарықтағы мемлекеттік баға түбегейлі жойылған. Ком­му­налдық қызмет құны да еркін ай­налымға жіберілді. Қазір жеке­меншік кәсіпорындарға та­рифті көтермеңдер деп бұйрық беру – заңға қайшы әрекет сана­лады. Демек, тариф құнын кө­теріп жатқан монополистерге шектеу қойылмайтын сыңайлы. Аңғарсақ билік өкілдері «халық­қа коммуналдық қызмет көрсе­тіп жат­қандардың барлығы кәсіп­кер­лер, олар да шығынға батып жұмыс істей алмайды» дегендей уәж келтіреді. 2017 жылдың қыркүйек айын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке коммуналдық қызмет бағасын өсіруге тапсырма берген еді. Бұл салаға инвестор тарту үшін осындай қадамға бару қажет болатын. Мұның себебі де бар. Жыл сайын су және жылу құбырларын жаңартуға қазынадан мол қаржы кетіп жатқаны белгілі. – Егер біз электр жарығы, жылу, су бағасын көтермесек, бізге инвесторлар келмейді. Әр инвестор: «Мен сендерге станса салып берсем, электр жарығын, жылуды қаншадан сатамын» деп сұрайды. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. ТМД елдерінің арасында ең арзан электр қуаты бізде ғана, – деген болатын Елбасы. Мысалы, көрші Ресеймен салыстырғанда коммуналдық қызмет бағасы елімізде 2-3 есеге арзан. Көрші елде айына коммуналдық қызмет үшін тұрғындар орташа есеппен 6 450 рубль (37 860 теңге) төлейді. Қош, ал біздегі бағаны кім тізгіндейді, ер­кіне жіберген құн шарықтап кетпесіне кім кепіл? Осыдан кейін «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтары бағаны себеп­сіз көтеріп жүрмей ме?» де­­ген сауал болатыны заңды. Ал Алматы қаласы Алатау ауда­нын­дағы «Поиск ПК» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының төрайымы Вера Крючкова жоға­рыдан қандай нұсқау берілсе де орындауға мәжбүрміз деп отыр. – Тариф бағасына қатысты жауап бере алмаймын. Мұны моно­полистер білуі тиіс. Кей кез­де ха­лыққа қиын соғып жата­тыны жа­сырын емес. Сондықтан тұрғын­дар, көбіне зейнеткерлер коммунал­дық қызметтің баға­сына наразылық танытып оты­рады. Біз не істей аламыз? – дейді Вера Крючкова. Экономика ғылымының кан­дидаты Асхат Наметша болса елдегі коммуналдық қызмет түрі әлі күнге реформалауды қажет етіп тұрғанын айтады. – Коммуналдық қызмет на­рыққа өткен соң мемлекет шы­ғындарды өз мойнына алмайды. Яғни, барлық шығындар тариф­тің ішіне енуі тиіс. Моно­по­лис­тер мемлекет бекітіп берген бағамен келіспейді. Олар белгі­лен­ген тариф шығындарды жа­буға, инфрақұрылымдарды жаңар­туға, инвестиция тартуға жетпейтінін алға тартады. Тариф құны қымбаттаса, халық наразы болатынын мемлекеттік органдар жақсы түсініп отыр. Сосын келіп монополистер бағаны өсіргісі келеді, мемлекет керісінше рет­тегісі келеді. Осы жерде бір мә­селе шығады. Қарасаңыз, қазір­гі коммуналдық қызмет сала­сындағы кәсіпорындар кеңес­тік кезден бері толық жаңар­тылмаған. Мол қаржы керек. Мемлекет оны толығымен жаңар­туды өзі­не жүктемейді. Егер кәсіп­орын­дар жаңаруы керек десек, комму­налдық қызмет тари­фін 3-4 есеге қым­баттатуға тура келеді. Олай істесе әлеумет­тік салдар пай­да болады. Менің ойымша, инвес­тиция тартылуы тиіс. Әрине, ол кезде баға қым­баттайды. Бірақ көпте­ген жылдар бойы шешілмей келе жат­қан құбыр, электрдің тұйық­талуы, сапа­сыз су деген сияқты мә­се­­лелер толығымен шешілер еді. Ол кезде мемлекет әлеумет­тік жағдайы төмен топтарға көмек көрсетуі қажет, – дейді маман. Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындарды басқарушылар арасында да түйткіл бары анық. Себебі қаржылық ашықтық жоқ. Сондықтан бұл салаға тиім­ді жүйе қалыптастыратын меха­низм­дер енгізу керегі айдан анық. Қорыта айтқанда, 2020 жыл әзірше «тарифтік тыныштық» уақыты болып тұр. Ұлттық эко­номика министрлігі 2025 жылға дейін коммуналдық қызмет құны өспейтінін мәлімдеп отыр. Тек электр қуаты қымбаттауы мүмкін деп болжайды. Жыл басынан бері коммуналдық тариф құ­нын себепсіз көтерген 400-ден астам кәсіпкер анықталған екен. 2019 жылғы дерекке сүйен­сек, қазақстандықтардың ком­мунал­дық қызметтерге қарызы 11,4 млрд теңгеден асып кеткен. Бұл тағы бір күрделі мәселенің тиегін ағытары сөзсіз.  

 width=Мадияр ТӨЛЕУ