Цифрландыру үдерісінің нақты жүйесі жоқ па?
Цифрландыру үдерісінің нақты жүйесі жоқ па?
360
оқылды
Дамыған елдер барлық саласын жаппай цифрландырып, интернеті жоғары жылдамдыққа жетті. Әрине, Қазақстан да одан қалыс қалмау үшін қадамдар жасап келеді. Дегенмен қарқынды әлі де үдете түсу қажет секілді. Бір ғана мысал, республикада көптеген елді мекенде әлі күнге дейін интернет жоқ. Мемлекет басшысы наурыз айында өткізген «Цифрлы Қа­зақстан» мемлекеттік бағдарла­масын жүзеге асыру жөніндегі кеңесте біршама тапсырма берген еді. Онда Президент Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміздегі заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, цифрландыру ісі түрлі ведом­ство­ларға бөлініп кеткенін баса айт­қан болатын. Сондай-ақ Мем­ле­кет басшысы интернеттің жоқ­ты­ғын немесе оның баяу жұмыс істейтінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары арасында цифр­ландыру алшақтығы бар екенін атап өтті. «Бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сон­дықтан Үкімет цифрлы алшақ­тықты реттеу жұмыстарын жан­дандыруы қажет», – деді Пре­зи­дент. Осыдан-ақ бізде цифрлан­дыру үдерісінде нақты жүйенің жоқ екенін байқауға болады.  

2 000 ауылда интернет жоқ

Елімізде интернетке қолы жет­пей жүрген қаншама ауыл тұрғыны бар. Қазіргі 2 000-ға жуық ауылда интернет атымен жоқ. Интернетке қосылмай, құд­ды бір ғаламнан алшақтап кет­кендей. Елдегі ірі қалалардағы интернет жылдамдығы жоғары, ал шалғай өңірлер шабан аттай қалып бара жатқаны жасырын емес. Осыдан 2 жыл бұрын «Цифр­лы Қазақстан» бағдарла­масы іске асырыла бастады. Әу баста 741 елді мекенді кеңжо­лақты интернетпен қамтамасыз етеміз деген мақсат қойылған. Бірақ бұл жоспар толық орын­далған жоқ. Өткен 2 жыл ішінде тек 481 ауыл кеңжолақты интер­нетке қосылған. Жалпы, бүгінгі таңда кеңжолақты интернет желісімен 3 324 ауыл қамтылған екен. Бұл – халқының саны 250 адам және одан асатын ауылдар. Қазіргі заманда адамдар негізінен мобильді құрылғыларды көп пай­даланады. Осы кезде елде 34 млн-нан астам құрылғы тіркелген екен. Ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын белсенді пайда­ланушылар шамамен 14,9 млн астам. Олардың интернетті смарт­фондар арқылы пайдалана­тыны анықталған. Цифрлық да­му, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрлігі жыл соңына дейін 928 ауылды, ал келер жылы тағы 1 000 ауылды интернетке қоспақ. Осылайша, алдағы 2 жылда жылдың соңын­да жылдамдығы жоғары мобильді интернет 163 елді мекенде қол­жетімді болмақ. Ал 3G және 4G байланысын 18 млн адам пайда­ланады деп жоспарлануда. «Өңір­лердің әлеуметтік мүмкіндіктерін теңестіру және ауданнан ауылға дейін талшықты-оптикалық жет­кізу желісі бойынша жылдамдығы жоғары интернетпен қамту үшін 2018 жылдан беру МЖӘ жобалары іске асырылуда. Бұл жоба аясында біз талшықты-оптикалық кабель құрылысын қаржыландыр­май­мыз, дайын сервисті сатып ала­мыз. Осылайша, біз қазіргі кезде әдеттегі АКТ инфрақұрылымын салудан бас тарттық. Бүгінде ауылдардың 50%-ы 607 ауылдық елді мекен талшықты-оптикалық жеткізу желісімен қамтылған. Биыл жыл соңына дейін 250-ден аса адам тұратын 928 ауыл 3G және 4G жоғары жылдамдықты интернет технологияларымен қамтылатынын еске салғым келе­ді» деген еді Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов. Осылайша, министрлік 2021 жылы интернетпен қамтуды 98 пайызға жеткіземіз деп меже қойып отыр. 2 жылдық бұл жоспар толық жүзеге аспағанын ескерсек, екі жылда 2 мың ауы­л­ды толық қамтимыз дегені кө­ңілде күдік ұялататыны рас. Жоспардың толық іске асуы – уақыт еншісінде.  

Елімізде интернетке қолы жет­пей жүрген қаншама ауыл тұрғыны бар. Қазіргі 2 000-ға жуық ауылда интер­нет атымен жоқ. Интернетке қосылмай, құд­ды бір ғаламнан алшақтап кет­кендей. Елдегі ірі қалалардағы интернет жылдамдығы жоғары, ал шалғай өңірлер шабан аттай қалып бара жатқаны жасырын емес.

   

Байланыс желілерін тарту қалай жүруде?

Елде шалғай ауылдарға тал­шықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы жүзеге асып келеді. Мәселен, жыл бас­талғалы 76 ауылға базалық стан­салар салынған. «Қазақтелеком» 303 ауылға оптикалық сым жүргізген екен. Жыл соңына дейін 463 ауылға желі тартпақ. «Транс­телеком» АҚ осы жылдың соңына дейін 161 ауылдағы оптикалық желі құрылысын аяқтауды жос­парлап отырғанын айтты. Жоспар жақсы, ал оның іс жүзінде орын­далуы – екінші мәселе. Ауыл-аймақтарда интернеттің қолже­тімділігін қамтамасыз ету мәсе­лелеріне қатысты жақында Пар­ламент Мәжілісі заң жобасын ма­құлдады. Онда мобильді байла­ныс желілеріне арналған антен­налық құрылыс жайлар салу, жер учаскелерін алу рәсімін оңайлату көзделген. Депутат Майра Айсина «заң жобасында мобильді бай­ланыс желілеріне арналған антен­налық құрылыс жайлар салуға жер учаскелерін алу рәсімін оңайлату көзделеді. Қазіргі уақытта опера­торлар базалық ұялы байланыс стансаларын салу үшін жалға алынған жер учаскесін міндетті түрде нысаналы мақса­тынан өз­герту қажет. Соның нә­тижесінде, іс жүзінде телекомму­никация жабдығын салу 1,5-2 жылға дейін созылып кетеді», – дейді. Заң жобасы байланыс объектілерін салу кезінде жер учаскелерін ресімдеу бойынша рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға бағыт­талған. Сонымен бірге бай­ланыс операторларының барлы­ғына телекоммуника­циялық инфра­құрылымға тең қол жеткізу мүмкіндігін бермек. Яғни, бұл салада заң жобасы бар. Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Кселл» АҚ, «Мобайл Те­леком-сервис» ЖШС және «Кар-Тел» ЖШС компаниялары ара­сындағы меморандум бекіген. Яғни, тиісті келісімдер бар. Ендігі міндет тек жұмыс істеуде. Министр Асқар Жұмағалиев байланыс операторларына жұмыс қарқынын баяулатпау қажетін айтып, карантин кезінде енгізіл­ген шектеулерге байланысты мәселелерді шешуге көмектесуге дайынбыз деп сендірген еді. Ал мердігерлік ұйымдар жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік беруін сұрап, өз міндеттемелерін сапалы әрі уақытылы орындаймыз деп отыр. Қазақстан қосылу жылдам­дығы 100 мБит/сек болатын интернет қызметінің тарифтері­нің төмендігі бойынша әлемдегі елдердің бестігіне кіреді. Ал әрбір оныншы қазақстандық­та интер­нет пайдалану мүм­кіндігі жоқ. Осыдан-ақ біздегі интернет қыз­метін бағамдай беріңіз. Цифрлан­дыру бір ғана саланы немесе бір бағытты да­мыту емес, ең алдымен эко­номиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегей­лі өзгерістер әкелуі қажет қой деп ойлаймыз.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=