Күнделікте де өмір бар
Күнделікте де өмір бар
449
оқылды
Көзі тірі бол­ғанда Дидағаның 70-ке толғанын атап өтіп жатар едік. Амал не, сұм ажал қаламгерді ара­мыз­дан ерте алып кетті. Оның со­ңында өлмейтін, ұмы­тыл­майтын шығармалары қалды. «Аққабаның тол­қы­ны», «Жер аңсаған сары атан», «Самырсын сазы», «Он бірінші күз» атты әң­гі­мелер мен повестер жи­на­ғы – соның айғағы. Дида­ғаның тағы бір ерекше қасиеті – көрген-білгенінің бәрін хатқа түсіретін. Ке­шегі күн – бүгінгі тарих. Аға­н­ың қолтаңбасы қалған күнделіктерінде кешегі ізі сайрап жатыр.  

12 апрель (сейсенбі) 1977. Алматы

 «Тас моншаны» бастадым (9 апр). Басы жаман емес. Осы қал­­пында, кібіртіктемей аяқта­сам, жаман дүние болмас. Басты ке­йіпкерді – әкемнің прототипі етіп алдым. Бірақ ол әкемнің өмірдегі шынайы бейнесі емес. Әдеби тип. Ал типтік дәрежеге көтеріле ме, жоқ па, әңгіме аяқталғанда белгілі болмақ. Бұны алдағы бір-екі ап­тада қалайда бітіруім керек. Жексенбіде Қалиханның дача­сында болдым. Жолда Сайын Мұратбеков машинамызға отыр­ды. Үлкен ақыл иесі сияқты. Тал­ғамы да аса жоғары ма деп қал­дым. «Жуықта қолым боста экс­пе­римент ретінде Ғабиттің «Оян­ған өлкесін», Ғабиденнің «Қа­рағандысын», Әбдіжәмілдің «Қан мен терін» қолыма алып, алғашқы бір-екі беттерін оқып шықтым. (Бұлар мектепте жүрген кезімде қатты ұнаған дүниелер ғой). «Оянған өлкеде», «Қарағандыда» да негізгі оқиғаға жеткенше үш-төрт бет бос суреттеме екенін аң­ғардым. Ал «Қан мен терде» адамға деген жиреніш, жек­кө­рініш бірден байқалады екен», – деді ол жолда әңгіме туып отыр­ғанда. Кешке дачадан бізді алып қайтуға Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаровтар келді. Амантай Са­таевпен де сол күні таныстым.  

15.04.1981 жыл

Қазақстан жазушыларының VIII съезі ашылды. Ашқан – Ға­бит Мүсірепов. Қонаев, Шеста­ков, Камалиденов, Аухадиев, Имашев қатысып отырды. Есепті баяндаманы Жазушылар одағы­ның бірінші секретары Ж.Мол­дағалиев жасады. Жазушылар съезіне менің тұңғыш қатысуым. Сондықтан да іштегі бір мақтаныш сезіммен сөйлегендердің әр сөзіне, отыр­ғандардың әр қимылына жіті қа­раумен болдым. Сексенге таяп қалса да, Ғабеңнің сөзі де, өзі де әлі тың екен. Тек жиналысты бас­қарып отырып, президиумға адам сайламас бұрын есепті баяндамаға Жұбанды шақыруы жұртты ду күлдірді. Бірқатар артта отырған Қонаевтің өзі де күліп жіберді. Қонаев өзін тым қарапайым ұстап отырды. Үстінде қаракөк кос­тюм, көк галстук. Сөйлеген­дерге құлақ тіге отырып, жанын­дағы Шестаковпен де еркін әң­гіме құрды. Қалтай Мұхаметжановтың баяндамасы өте әсерлі шықты. Сөзі тым өткір, әрі юморлы екен. Бір жазушыға мінездеме бергенде «қара судан қаймақ алып, піскен жұмыртқадан балапан суыратын адам» дегенде жұрт күлгенде көз­дерінен жас ақты. С.Досанов пен Советхан Ғаббасовты қатты сынады. Әділ сынады. Съезге Мархабат Байғұтов ке­ліпті. Біраз әңгімелестік. Үзілісте Құрманғазымен сөйлестім. «Қыз­ғыш құстағы» «Жалғыз салт атты» повесі жөнінде пікірімді айттым. Ұнамағанын астарлап, «ептеп» жеткіздім. Ол өз перзентін аздап қорғағысы келді. Бірақ мені тү­сінген болар. Сөзіне қарағанда, қатты еңбектенетін көрінеді. 30 баспа табақтық кітап аударып жатқан көрінеді. «Уақытымның бәрін сол жеп жатыр» дейді. Тек соңғы уақытта ғана 1 200 сағаты осы кітапқа кетіпті. Бұл тозақтық михнет қой. Азаматтығы да ғой.  

28.10.1981 жыл, Горный-Гигант

Екі-үш күннен бері К.Паус­тов­скийдің «Золотая роза» пове­сін оқып жатырмын. Расымды айтсам, осыны бұрын неғып оқы­мағаныма өкініштімін. Қандай үлкен жүрекпен, сезіммен, бі­лім­мен жазылған дүние бұл! Повесть болғанда өзінде не фабула, не сюжет жоқ, әншейін автордың творчестволық еңбек, творчество адамдары жөніндегі толғаныстары ғана. Бірақ кәдімгі көркем шы­ғар­малардан артық болмаса бірде кемдігі жоқ. Меніңше, қолына қалам ұстаған әр адам бұны оқып шығуы керек... Бір қызығы, жа­зушының көп ойлары менің пікірлеріммен үндес, ұқсас келеді екен. Екіншіден, өз бойымдағы кейбір ерекшеліктерді де алғаш рет осы повесті оқығанда сезіндім. Творчество адамына, оның ішінде талантты жазушыға тән қасиеттер менің де бойымда бар екен. Бүгінге дейін өз басым көркем прозаның қарапайымдылығын, әуезді ырғақтылығын жоғары бағалаушы едім. Байқасам, шын таланттардың көбі осы қағиданы ұстаған екен. Демек, менде талант болуы әбден мүмкін. Және қан­дай шығарма жазбас бұрын өзіме сол шығарманың табиғатына сай көңіл күй іздейтінмін. Оны тап­қан, дұрысында сондай күйге түскен кезімде әлгі шығарманың ырғағы да табылатын. Бұл жазу­шы үшін ең керекті қасиет сияқ­ты. Менде қиналып жазатын жа­зушылық бар. Меніңше, осы қина­лып жазудың өзі талғам­паз­дықтан туса керек. Ал талғам бар жерде талантты шығарманың тууы заңды. «Тез жазам» деп жаз­ғандардың шығармасының шың­ға шығып кеткенін әлі көргем жоқ. Ондай шығарманы тез жаз­сам, мен де жазатын секілдімін. Сөз жоқ жазамын да. Мәселен, Сайымжан Еркебаев бірде: «Бір күнде отыз бет аудардым» деп келгені бар. Әрине, мен оның бұл аудармасын оқығам жоқ, бірақ ке­ремет болмасын сеземін. Өйт­кені оның бұрынғы дүниелерінен тәуір ештеме оқи алмадым. Мүм­кін Сайымжан ол шығармала­рында өстіп тез жазған шығар. Француз әдебиетінде ең қи­налып жазғандардың бірі – Гюс­тав Флобер, орыстан – Лев Толс­той. Бірақ екеуі де ұлы жазушылар. Оларды ұлылық биігіне көтерген де сол қиналып жазғандары. Демек, қиналудан қашудың ке­регі аз сияқты. Мен үш күннен бері үш-ақ бет аударма жасап, қазір ғана біттім. Не ол көркем шығарма емес, не ол менің атымнан шығар дүние емес. Әншейін М.Зверевтің аң­шылық жайындағы мақаласы. Бірақ мен оны: «Бұл мақала ғой. Маған не абырой, не пайда бар?» деп, сүйкете салуға дәтім жетпей-ақ қойды. Неге екенін білмеймін, өзімдікі болсын, басқанікі бол­сын, бір сөйлем жазсам да әрлеп жазғым келеді де тұрады. Жексенбі күні (25 окт.) күні бойы отырып, медицина ғылым­дарының докторы Естөре Ораза­қовтың мақаласын қайта жазып шықтым. Кеше өзі оқып алып, «Жазғанымды тым шұнтитып жіберіпсің» деп ренжиді. Япырау, сол оның «жазғаны ма» еді, менікі емес пе? Оныкі тек фамилиясы емес пе? Ал бүгін мақаласын екін­ші рет оқып болып, кетерде пай­даланған үш кітабын сұрағанда, мен бермедім. Ол: «Бала, өзің бір сараң екенсің» деп шығып жүре берді. Мақаласын, жазып берген­де алған рақметім осы! Жаңа Шерхан телевизордан сөйледі. «Қазақ әдебиеті» жөнінде айта келіп, биыл шыққан мате­риалдардың ішінен екі-ақ мате­риалды атап өтті. Ол менің «Па­рақорларым» мен «Жалғыз ба­лам». Ар-ұятпен, үлкен қина­лыс­пен жазған материалдарымның бұл да болса жемісі.  

1 январь 1982 жыл. Горный-Гигант

Өз ғұмырымда талай есте қа­ларлық күн өткіздім десем, соның бірі бүгін болды. Мен бүгін басшы адам қандай болу керектігін де алғаш білген сияқтымын. Әңгіме Шерхан Мұртазаев жайында. Сол кісінің бастауымен бүгін бүкіл коллектив боп, семья­ларымен жаңа жылдың ал­ғаш­қы күнін «Отырар» рестора­­нын­­да өткіздік. (Ол кешке «бой­дақ» барған мен, Бекен және Рахымжан ғана. Қысқасы, үш «ішкішпіз»). Шерағаң кеш бойы төрде отырып, отырысты қыздырумен болды. Өзіне көңілді болған аса жарасады екен. Алыс төрде отыр­са да кімнің қандай күйде отыр­ғанын да нақ сезеді екен. Кейбір қылымсып, бүге түскендерге «Әй, неге ішпейсің, тартып таста» деп күлдіріп те қояды. Бірінші антракт­та фоеге шығып, бәріміз ән айттық. Мен «әудемжерге» бастым. Жұрт риза болып қалды... Сосын екінші отырысқа шықпай жатып, залда әй кеп аңыраттық-ау. Біраздан соң Шерағаң мені жанына шақырып алып, «ән айт» деді. Сосын екеуіміз «Жеңешені» шырқадық. Енді бір уақытта өзі Қызырғалидің әйелімен қосы­лып «Ғалиябануды» шырқады. Қысқасы, сол кеште біз Шера­ғаңды тек басшы емес, үлкен жүректі адам екенін де таныдық.   xat3    

24 февраль 1982 жыл, Горный-Гигант

Әлкей Марғұланның үйінде болдым. Тұрған жерлері – Шев­ченко көшесі мен 8-март көше­сінің қиылысындағы (Шевченко 113, кв15) бір тып-тыныш тұйық тұс екен. Үшінші этажға көтеріліп, есіктің қоңырауын бастым. Үсті­не сұрғылт халат киген, дөңгелек жүзді, 30-35-тер шамасындағы бір әйел адам мені бөлмеге кіргізді. Әлекеңнің Дәмелі деген қызы осы болар деп шамаладым. Мен онымен телефонмен бұрын бір­неше сөйлескен едім. Сол уақытта оның қазақша да тәп-тәуір сөйлейтінін аңғарып қалғанмын. Киімімді коридордың ортасында тұрған киім ілгішке ілдім де, Дә­мелінің нұсқауымен залға кірдім. Осы сәтте есік қоңырауы тағы да шылдыр ете түсті. Сосын іле-шала бөлмеге 45-50 шамасындағы бір татар әйелі кірді. Бұл Ғылым академиясында істейтін маши­нист әйел болып шықты. Қо­лын­да қолжазба салған жуан папка. Дәмелі залдың оң жағындағы, түкпірдегі есікке бас сұқты да: «Папа, саған адамдар келіп тұр» деді. Көп күттірмей-ақ әлгі бөл­меден еңкеңдей басып, Әлекеңнің өзі де көрінді. Басында жасыл мен ақшыл махер жіпті қоса тоқыған жүні бұрқыраған тоқыма малақай. Қалың линзалы көзілдірігінің екі ұшынан жіп байлап, сол мала­қайын бастыра желкесінен тар­тып тастапты. Кеудесіне кигені екі қатарлы қоңыр түйме таққан көнетоз тері желетка, қызыл-жа­сыл аралас шақпақты шатланка көйлек. Бұтында екі жағына лям­ка жапсырған көншіл трикотаж шалбар. Аяғында замокті киіз бәтеңке. Машинист әйел онымен қос-қолдап амандасып, «Әлеке, жұмысыңызды бітіріп әкелдім» деді. «Оның дұрыс болған екен» деп Әлекең папканы ақтарып көре бастады. Сосын әйелге тағы бір папка қолжазба беріп тұрып: «Ақшасын қазір аласың ба, әлде бәрін бітірген соң бір-ақ есеп­тесеміз бе?» деді. Әйел жымиып: «Бүгінге дейін басқанымды қазір алып кетейін, ақша керек боп тұр» деді. Әлекең: «Қанша?» деді. Әйел: «52 сом» деп еді, Әлекең бөлмесіне (кабинетіне) кіріп кетті де, сәлден соң 53 сом әкеп берді. Әйел оны алып шығып кеткеннен кейін, ол маған бұрылып: «Сен қандай жұмыспен келдің?» деді. Мен оған шаруамды айттым... Осы тұста сәл шегініс жасай ке­тейін. Бұдан бір ай бұрын жазушы Әнес Сараев бізге «Қобыланды батыр» жыры және тарихи де­ректер» деген 17 беттік мақала ұсынған. Мен ол мақаланы ұна­тып, бірден замредакторымызға (Ә.Жәмішев) бергем. Ол кісі көп шұқшиып оқып, біраз жерін қыс­қартып, машинкаға қайта бас­тырған. Рас, сол уақытта мен ол кісіні: «Осы-ақ көлеңкесінен қор­қа береді екен» деп жаратпай қалғанмын. Мақала машинкадан шыққан соң, редактор (Ш.Мұр­тазаев) оқып, тағы да көп күмән келтірді де: «Бұны Әлкей Марғұ­ланға оқытып алу керек» деп, ма­ған қайтарып беріп еді. Сол се­бепті кеше мен Әлкеңнің өзі­мен телефонмен сөйлесіп, бүгін баруға өтінген болатынмын. Міне, енді сол жағдаймен келіп тұрмын. ... Әлекең «Қобыланды жы­ры» және тарихи деректерді» қо­лына алып, сәл қарап отырды да: – Бұның авторы кім? Жас адам ба? – деді. Мен Әнес Сараев жөнінде қысқаша айтып өттім. Сосын: – Ақсақал, бұл мақаланы мен Сізге оқып берейін, – дедім, жұ­мысты жеңілдеткім келіп. – Оқысаң оқы, – деді Әлекең қарлыққан қартаң дауыспен. Үнінен: «Сол не жазды дейсің» деген сыңайды да байқап қалдым. Бірінші беттің аяғына тақа­ғанда ол: – Сонда бұл Мәлік Ғабдул­линнің айтқанына қарсы ма? – деді қолжазбаға шұқшия қарап. – Қарсы. Кейінгі беттерде не­ге қарсы екенін дәлелдейді де, – деп қойдым мен. Екінші беттің жартысына келгенімде: – Бұл өзі (Әнесті айтып отыр) тарихта екі Қобыланды болғанын біле ме екен. Әншейін, бос дол­барлауға болмайды ғой. Бірінші Қобыланды ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Қобда бойындағы «Қобы­ланды бейіті» дейтін бейіт – со­ның бейіті. Ал жырдағы батыр Қо­быланды, Қара қыпшақ Қобы­ланды ХV ғасырда тіршілік еткен. Ол Әбілқайыр ханның батыры. Мынауың сонда қай Қобылан­дыны шатастырып отыр? – деп Әлекең бір сәт наразылық білдіре бастады. Мен мақаланы әрі оқи бердім. Қобыланды жайындағы О.Нұр­мағамбетованың пікіріне жет­кенімде, Әлекең: – Оразкүлдің бұл ойы дұ­рыс, – деп бас шұлғыды. Қысқасы, бұдан кейін басқа ғалымдардың ешқайсысының пікірін қолдағысы келмеді. – Қарағым-ау, мынауың қият пен оғыз, қыпшақтарды қатар қойғаны несі? Оғыз бен қып­шақтың өзі сол қияттан тараған ғой. Ал қият дегеніміз – баяғы гүндер ғой. Ойға келгенді сөйлей беруге бола ма екен? Тарихқа дә­лел керек. Дәлелсіз тарих – тарих емес, ол халықты алдау... Жә, әрі оқышы! – деді тағы бірде. Әнестің айтуынша, (дәлел­де­уінше) қызыл бастар – парсы емес, оғыздар еді. Оған айтар дә­лелі – оғыздардың өңі сары бол­ған, сақалдары қызғылт келген. Сондықтан да қыпшақтар оларды «қызыл бас» деп атаған. – Оттапты, – деді осы тұста Әлекең күйіп, – Қызылбастардың парсы екендігі баяғыда дәлел­денген. Әлекең сондай-ақ бұл мақа­ладағы Ақжол (Дайырқожа), Май­қы би, Қотан жайындағы пікірлерге де қарсы болды. – Мына жазып отырған адам Шәкәрімді оқымаған екен, – деді бір мезет. – Ол қай Шәкәрім? – дедім мен. – Құдайбердіұлы, – деді ол маған тік қарап, соны да білмей­сің бе дегендей: «Қазақ ханда­рының тарихы» деген кітабы бар ол кісінің. Кітапханада ол кітап бар. Соны оқымаған ғой бұл. Оқуы керек еді. Бір қызығы, Әлекең өзі қарсы болған тұстарды «сызып таста!» деп отырды. Мен қолжазбаны бүл­діргім келмей, күмәнді тұс­тарға сұрақ белгісін қойып, әрі жылжи берсем: –  Әй, мен сызып таста деген жерді неге сызбай отырсың?! Осы мақаланы өзің жазған жоқпысың өзі. Тіпті, қолың батпайды, – дейді ол маған шұқшия қарап.  

09.02.1983 жыл

Түстен кейін Шер-ағаң бәрі­мізді кабинетіне шақырып алып: – Кеше біздің Қажкеңді (Қа­жығали Мұқаметқалиевті) Ор­талық Комитеттің секретариа­тында бекітті. Бүгіннен бастап оны газетіміздің заңды түрде жа­уапты секретары деп біліңдер, – деді әдетінше ернін жымқыра түсіп. Сосын бізге барлай қарап отырып: – Ал, енді жолдастар, Қажы­кеңнің бұрынғы орны – проза бөлімі бос тұрғанын білесіңдер. Оған кім лайық? Арамыздан кім сол бөлімнің жұмысын алып жүре алады? – деді. Мен ол орынға іштей «Сейт­қазы баратын шығар. Одан басқа кімді қояр дейсің?» деп жүрген­мін. Сондықтан бірден: – Сейітқазы лайық қой, аға. Очерк бөліміне ол кісінің біраз еңбегі сіңді емес пе?! – дедім. Шер-ағаң: – Оған қалай қарайсың­дар? – деп тағы да отырғандарға көз тастады. – Сейтқазы болсын. – Сейтқазы лайық ол бөлімге, – деп шуласты бәрі. – Ал оның орнына кімді таға­йындайсыңдар? – деді Шер-ағаң. – Бергі жағындағы (Сейт­қа­зының) мұртты лайық қой, – дедім мен Мұсаға қарап. Бұны да жұрт мақұлдасты. Сөйтіп, проза бөліміне Сейтқазы, очерк бөліміне Мұса Рахман­бердиев меңгеруші болып таға­йындалды.   P.S. Әрине, оларды біз таға­йында­ғамыз жоқ. Секретариатта да ке­лісілген болуға тиіс. Бірақ біздің бір риза болғанымыз – Шер-ағаңның тактикасы еді. «Ана бөлімге анау, мынау барады» десе де, өз правосы өзінде еді оның. Жаңағы такти­касымен кол­лективтің атмо­сфе­расына да бір көз жүгіртіп өткен сияқты.  

Дайындаған Айым БЕКТҰР