Тендер дауы: кәсіпкерлер жергілікті билікке өкпелі
Тендер дауы: кәсіпкерлер жергілікті билікке өкпелі
310
оқылды
Ортақ мәселесі – өздерінің айтуынша, мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктердің заңды өз мүдделеріне қарай бұрып алуы. Тіпті өңір кәсіпкерлері осы мәселенің анық-қанығын ажырату мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен құрыл­ған, құрамында өздері және құқық қорғау органдары мен мемлекеттік сатып алуға қатысты мекеме өкіл­дері бар облыстық арнайы комис­сияның жұмысына да сенімсіздік білдіріп, комиссия үкіметтік дең­гейде құрылса, өңірдегі жағдайды арнайы келіп тексерсе дейді. Мәселен, 1969 жылдан бері өңірдің жолдарын салып келе жат­қан «ДСУ-14» ЖШС директоры Александр Федосов соңғы жыл­дары тендердегі заңсыздықтарды әшкерелеу үшін құқық қорғау ор­гандарының табалдырығын тоз­дырып келгенін, бірақ ешқай­сы­сынан нәтиже жоғын айтады. Сол үшін облыстағы мемлекеттік са­тып алуға жауапты бірқатар ла­уазымды тұлғаларды айыптап отырған жайы бар. – Былтыр Өскемендегі Әуезов даңғылын жөндеуге маған 360 млн теңге берді. Оның 180 миллионын басқа жерге беруімді талап етті. Оған келістім. Кейін 36 млн теңге шамасында үлес сомасын талап етті. Одан бас тарттым. Ақша бе­руден бас тартқаннан бастап, қы­сым көріп келемін. Байқауға қа­тыс­тырады, бірақ байқау белгісіз се­бептермен өткізілмей қалады, – дейді Александр Федосов. Кәсіпкердің айтуынша, бас­қасын айтпағанда, Өскемендегі Виноградов көшесін жөндеуге байланысты мемлекеттік сатып алуды жеңгелі тұрған жерінде қо­лында құзыреті барлар «бюджеттегі түзетулерді енгізуге байланысты» деген желеумен тендер ойнатудан бас тартқан. – Бюджет тек мәслихат сессия­сымен түзетіледі ғой. Ал мәслихат сессиясы болған жоқ. Шенеуніктер заңды өздерінің мүдделеріне қарай бұрып алады. 2017 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроға, прокуратураға, Әдеп жөніндегі кеңеске арызданып келемін. Олар да жемқорлық фак­тісі орын алғанын растайды, бірақ іс жүзінде нәтиже жоқ. Облыстық басқармалар жемқорлық факті­лерімен ұсталып жатқанда, неге қалалық бөлімдерді тексермейді? Менде барлық қажетті техника, асфальт-бетон, цемент-бетон за­уыт­тары бар. Барлық талапқа сай­мыз. Біз жемқормыз ба, әлде бай­қауды өткізушілер жемқор ма? Кә­сіпкерлер мемлекеттік сатып алудың неліктен 70 пайызын «ДСУ-11» және «Востоквзрыв­пром» ЖШС жеңіп алатынын тү­сін­бей дал, – дейді кәсіпкер Федосов. Федосовтің сөзін 2018 жылы сәуірден бастап Өскемендегі «Са­мал» саябағын қайта жөндеу жұ­мыстарына қатысқан, алайда әлі күнге дейін атқарған жұмыстары үшін тиесілі қаржыларын алмаған 6 компанияның иелері де қолдады. Өкпесі қара қазандай мердігер компаниялар өкілінің бірі тіпті, көзіне жас та алды.  

Мемлекеттік қызметші кәсіпкердің ауласында не істеп жүр?

– Шенеуніктер сол кезде «жұ­мыс істеңдер, бас мердігер келеді, барлық шығынды өтейді» деп уәде еткен. Кейін біз жұмыс істеп жат­қан шілде айында бас мердігер келді. Ол бас мердігер – «ЭКСПЕР­ТИЗА И АНАЛИТИКА» ЖШС 85 пайыз жұмыс орындалып қойған­нан кейін тендерді 550 млн теңге сомасында жеңіп алғаны белгілі болды. Бірақ қалай алғаны, ол жағы белгісіз. Ал біздің жұмыс байқаусыз өтті. Істелген жұмыстың жалпы сомасы – 180 млн теңге. Қаржымызды әлі алмадық, – деді «Востокмонтажстрой» ЖШС директоры Анатолий Томилов. Мәселенің шеті көтеріле бас­тағанда «Самал» саябағындағы жөндеуге қатысқан 6 компаниядан қалалық әкімдік бұл жайтты көтермеуді сұраған. Артынша, қыркүйек айында 6 компанияға 87 млн теңге берген. Осылайша, әр­кім атқарған жұмыс көлеміне бай­ланысты транштың бір бөлігін ғана алған. Алайда берген соманы қайта беруді, анығын айтқанда үлесін беруді талап еткен. Ал осы мәселеге қатысты жа­уап берген облыс әкімі Даниал Ахметов барлық қаражат бас мердігердің есепшотына аударыл­ғанын, енді осы бас мердігер ком­пания қосалқы алты мердігермен істелген шаруа бойынша есептесуі керегін айтқан болатын. – Егер тиісті қаражат облыстық қазынадан мердігерге атқарған жұ­мысы үшін толық төленбесе, онда ол басқа жағдай. Бұл жерде қаражат толық төленген. Енді мер­дігерлер бұл мәселені өзара сот арқылы реттеулері тиіс, – деді облыс әкімі. Осылайша, кәсіпкерлер қала әкімі Жақсылық Омар мен қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Еркін Тұраровқа сенеміз деп, бармақтарын тістеп қалған. – Әкім бізбен кездесуден бас тартып жатыр. Бас мердігер Алек­сандр Хасис 15-17 пайызын қала­лық ТҮКШ бөліміне беретінін, қал­ған 25 пайызын ұстап қалаты­нын айтады. Былтыр тіпті, қыр­күйектің аяғында ТҮКШ бөлімінің басшысы Еркін Тұраров бас мер­дігер Хасистің территория­сында ақша жайында сөйлесуге келгенін өз көзіммен көрдім. Жұмысқа қа­тысты нысан аумағында кездессе, жұмыс жайында деп ақтап алар едім. Бірақ кездесу жеке аумақта өтті. Мемлекеттік қызметкер мұн­дай жерде жүрмеуі керек қой, – дейді қалған 100 млн теңгесін ала алмай жүрген мердігер компания – «777 и К» ЖШС директоры Айнаш Сұлтанбекқызы.    width= Ортақ мүдделері бір кәсіпке­р­лер енді қол жайып отырмақ емес. Дәлел мен дәйекті келтіре отырып, әуелі Парламентке, Бас прокура­тураға, тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін ашық хат жолдады. Хатқа қоса бейнеүндеу де жариялаған. Осылай еткен олар облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі құрған облыстық комиссияның бірінші отырысына қатысқанымен, екінші жиынға келуден мүлде бас тартты. Келмейтіндерін кәсіпкерлер сол күні түстен кейін өткізген екінші брифингтерінде журналистерге бірден мәлімдеген болатын.  

Атқамінерлердің де айтары бар

Облыстық комиссияның екін­ші отырысы кәсіпкерлер келмесе де, облыс әкімінің бірінші орын­басары Алмасхан Сматлаевтың төрағалық етуімен жалғасын та­уып, онда Александр Федосовтың айтқандарын комиссия мүшелері жеке-жеке нақты қарады. Кәсіп­керлерге қарсы мемлекеттік са­тып алуды ұйымдастырғандардың да өз айтары бар болып шықты. – Өткен жолғы комиссия оты­рысында Александр Федосов Өскемен қалалық қаржы бөлімінің және облыстық Мемлекеттік са­тып алу және коммуналдық мен­шік басқармасының атына бір­неше айып таққан болатын. Ол біріншіден, мемлекеттік сатып алулар заңсыз жүргізілді, мені конкурстан заңсыз шеттетті деген болатын. Екіншіден, екі компания өңірдегі барлық жол-құрылысы жұмыстарының 70 пайызын алып алды деді. Үшіншіден, қалалық бюд­жетке енгізілген түзетулер тек оның компаниясын конкурсқа қатыстырмау үшін ғана жасалды, басқа конкурстардың бәрі өтті деп мәлімдеді. Төртіншіден, ол өзінде лауазымды тұлғалардың мемле­кеттік сатып алудағы заңсыз әре­кеттері туралы факті бар екенін айтқан болатын, – деген Алмасхан Сматлаев комиссияға облыстық Ішкі мемлекеттік аудит депар­та­ментінен хат келгенін, онда депар­тамент арқылы биылғы 2 маусымда «ДСУ-14» ЖШС-не облыстағы мемлекеттік сатып алулардың бар­лығы да заң аясында өткізілгендігі туралы нақты жауап берілгенін, соның бәрі бүгінгі отырыста БАҚ өкілдерінің қатысуымен қайталап қаралатынын айтты. Осы мәселеге орай алғашқы сөзді алған облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамов алдымен биылғы 20 наурызда шыққан мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы Үкіметтің жаңа қау­лысын, оның көп жерлерде тү­сініспеушілік тудырған 39 пунктін де түсіндіріп өтті. Яғни, Төтенше жағдай енгізілген карантин кезін­дегі шектеу мен сақтық шарала­рына орай кәсіпкерлер өздерінің заңды тіркелген аумақтарындағы мемлекеттік сатып алуларға ғана қатыса алғанын мәлімдеді. – «ДСУ-14» ЖШС-не келер бол­сақ, компания жыл басынан бері Өскемен қаласында орташа жөндеу бойынша 10 конкурсқа қатысты. Олардың ішінде төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін екі конкурсқа жіберілді. Алайда баға ұсынымында жеңіліп қалды. Қалған сегіз конкурста «ДСУ-14» ЖШС-нің өтінімі 39 пунктке сәй­кес қайтарылды. Себебі аумағы бойынша кәсіпорын Көкпекті ауданының Самар ауылында орна­ласқан. Ал жеңімпаз болған меке­мелердің бәрі Өскеменде тіркел­ген. Қосымша ақпарат ретінде айта кетсем, «ДСУ-14» Көкпекті ауда­нын­да екі нысан бойынша кон­курсқа қатысып, жеңімпаз болды. Біріншісі, Өскемен–Тарғын–Самар автокөлік жолының 113-133 шақырымдарын орташа жөндеу, нысан құны – 375 млн теңге. Екін­ші нысан – Преображенка-Шұ­ғылбай автокөлік жолын орташа жөндеу, құны – 301 млн теңге. Екі конкурс бойынша бекітілген ке­лі­сім 646,4 млн теңгені құрайды, – деді Руфат Акрамов. Мұнымен бірге Руфат Акрамов А.Федосовтың екі компания өңір­дегі барлық жол-құрылысы жұ­мыс­тарының 70 пайызын алып алды дегеніне де жауап берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері салада 127 конкурс өтсе, «Вос­токвзрывпром» ЖШС соның жетеуін ғана ұтқан, бұл жалпының 5,5 пайызы. Ал «ДСУ-11» алтауын жеңген, сәйкесінше 4,7 пайыз. Ал «ДСУ-14» еншісінде жоғарыдағы екі конкурс бар. Ал Өскемен қаласының бюд­жетіне енгізілген түзетулер тек «ДСУ-14» ЖШС-н конкурсқа қа­тыстырмау үшін ғана жасалды де­ген айыптауға облыстық эконо­мика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова жауап берді. Басқарма басшысы еліміздегі төтенше жағ­дай режиміне орай 2020 жылдың 8 сәуірдегі Президент жарлығымен республикалық бюджет нақты­лан­ғанын, соған сәйкес облыстық бюджет шығыны 7,4 млрд теңгеге, Өскемен қаласының бюджеті 690,3 млн теңгеге қысқарғанын мәлім­деді. Ал ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бас­шысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин Александр Фе­досовтың «лауазымды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында заңсыздық іс-әреке­тіне» шағымы бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. – Шағымданушылардың ша­ғымы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық негіздер мен фак­тілер тексеріледі. Қылмыстық ко­дек­стің 201-бабы «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеуге» байланысты басқа ақпарат әзірге айтылмайды, қосымша ақпараттар болса жария етеміз, – деп мәлімдеді Жігер Байділдин. Жиында облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Ша­бер де комиссия жұмысы толықтай заң аясында жүріп жатқанын мәлімдеді. Комиссияның келесі үшінші отырысы осы аптаның сәрсенбі кү­ніне, яғни 10 маусымға белгі­ленді. Онда комиссия мүшелері та­ғы бір шағымданушы кәсіпкер «То­паз» ЖШС директоры Болат Бағадаевтің шағымын қарамақ. Ал оған жоға­рыда аталған кәсіп­кер­лердің қаты­сар, қатыспауы әлі белгісіз.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан