Ортақ мәселесі – өздерінің айтуынша, мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктердің заңды өз мүдделеріне қарай бұрып алуы. Тіпті өңір кәсіпкерлері осы мәселенің анық-қанығын ажырату мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен құрылған, құрамында өздері және құқық қорғау органдары мен мемлекеттік сатып алуға қатысты мекеме өкілдері бар облыстық арнайы комиссияның жұмысына да сенімсіздік білдіріп, комиссия үкіметтік деңгейде құрылса, өңірдегі жағдайды арнайы келіп тексерсе дейді. Мәселен, 1969 жылдан бері өңірдің жолдарын салып келе жатқан «ДСУ-14» ЖШС директоры Александр Федосов соңғы жылдары тендердегі заңсыздықтарды әшкерелеу үшін құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып келгенін, бірақ ешқайсысынан нәтиже жоғын айтады. Сол үшін облыстағы мемлекеттік сатып алуға жауапты бірқатар лауазымды тұлғаларды айыптап отырған жайы бар. – Былтыр Өскемендегі Әуезов даңғылын жөндеуге маған 360 млн теңге берді. Оның 180 миллионын басқа жерге беруімді талап етті. Оған келістім. Кейін 36 млн теңге шамасында үлес сомасын талап етті. Одан бас тарттым. Ақша беруден бас тартқаннан бастап, қысым көріп келемін. Байқауға қатыстырады, бірақ байқау белгісіз себептермен өткізілмей қалады, – дейді Александр Федосов. Кәсіпкердің айтуынша, басқасын айтпағанда, Өскемендегі Виноградов көшесін жөндеуге байланысты мемлекеттік сатып алуды жеңгелі тұрған жерінде қолында құзыреті барлар «бюджеттегі түзетулерді енгізуге байланысты» деген желеумен тендер ойнатудан бас тартқан. – Бюджет тек мәслихат сессиясымен түзетіледі ғой. Ал мәслихат сессиясы болған жоқ. Шенеуніктер заңды өздерінің мүдделеріне қарай бұрып алады. 2017 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроға, прокуратураға, Әдеп жөніндегі кеңеске арызданып келемін. Олар да жемқорлық фактісі орын алғанын растайды, бірақ іс жүзінде нәтиже жоқ. Облыстық басқармалар жемқорлық фактілерімен ұсталып жатқанда, неге қалалық бөлімдерді тексермейді? Менде барлық қажетті техника, асфальт-бетон, цемент-бетон зауыттары бар. Барлық талапқа саймыз. Біз жемқормыз ба, әлде байқауды өткізушілер жемқор ма? Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алудың неліктен 70 пайызын «ДСУ-11» және «Востоквзрывпром» ЖШС жеңіп алатынын түсінбей дал, – дейді кәсіпкер Федосов. Федосовтің сөзін 2018 жылы сәуірден бастап Өскемендегі «Самал» саябағын қайта жөндеу жұмыстарына қатысқан, алайда әлі күнге дейін атқарған жұмыстары үшін тиесілі қаржыларын алмаған 6 компанияның иелері де қолдады. Өкпесі қара қазандай мердігер компаниялар өкілінің бірі тіпті, көзіне жас та алды.
Мемлекеттік қызметші кәсіпкердің ауласында не істеп жүр?
– Шенеуніктер сол кезде «жұмыс істеңдер, бас мердігер келеді, барлық шығынды өтейді» деп уәде еткен. Кейін біз жұмыс істеп жатқан шілде айында бас мердігер келді. Ол бас мердігер – «ЭКСПЕРТИЗА И АНАЛИТИКА» ЖШС 85 пайыз жұмыс орындалып қойғаннан кейін тендерді 550 млн теңге сомасында жеңіп алғаны белгілі болды. Бірақ қалай алғаны, ол жағы белгісіз. Ал біздің жұмыс байқаусыз өтті. Істелген жұмыстың жалпы сомасы – 180 млн теңге. Қаржымызды әлі алмадық, – деді «Востокмонтажстрой» ЖШС директоры Анатолий Томилов. Мәселенің шеті көтеріле бастағанда «Самал» саябағындағы жөндеуге қатысқан 6 компаниядан қалалық әкімдік бұл жайтты көтермеуді сұраған. Артынша, қыркүйек айында 6 компанияға 87 млн теңге берген. Осылайша, әркім атқарған жұмыс көлеміне байланысты транштың бір бөлігін ғана алған. Алайда берген соманы қайта беруді, анығын айтқанда үлесін беруді талап еткен. Ал осы мәселеге қатысты жауап берген облыс әкімі Даниал Ахметов барлық қаражат бас мердігердің есепшотына аударылғанын, енді осы бас мердігер компания қосалқы алты мердігермен істелген шаруа бойынша есептесуі керегін айтқан болатын. – Егер тиісті қаражат облыстық қазынадан мердігерге атқарған жұмысы үшін толық төленбесе, онда ол басқа жағдай. Бұл жерде қаражат толық төленген. Енді мердігерлер бұл мәселені өзара сот арқылы реттеулері тиіс, – деді облыс әкімі. Осылайша, кәсіпкерлер қала әкімі Жақсылық Омар мен қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Еркін Тұраровқа сенеміз деп, бармақтарын тістеп қалған. – Әкім бізбен кездесуден бас тартып жатыр. Бас мердігер Александр Хасис 15-17 пайызын қалалық ТҮКШ бөліміне беретінін, қалған 25 пайызын ұстап қалатынын айтады. Былтыр тіпті, қыркүйектің аяғында ТҮКШ бөлімінің басшысы Еркін Тұраров бас мердігер Хасистің территориясында ақша жайында сөйлесуге келгенін өз көзіммен көрдім. Жұмысқа қатысты нысан аумағында кездессе, жұмыс жайында деп ақтап алар едім. Бірақ кездесу жеке аумақта өтті. Мемлекеттік қызметкер мұндай жерде жүрмеуі керек қой, – дейді қалған 100 млн теңгесін ала алмай жүрген мердігер компания – «777 и К» ЖШС директоры Айнаш Сұлтанбекқызы.Атқамінерлердің де айтары бар
Облыстық комиссияның екінші отырысы кәсіпкерлер келмесе де, облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалық етуімен жалғасын тауып, онда Александр Федосовтың айтқандарын комиссия мүшелері жеке-жеке нақты қарады. Кәсіпкерлерге қарсы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырғандардың да өз айтары бар болып шықты. – Өткен жолғы комиссия отырысында Александр Федосов Өскемен қалалық қаржы бөлімінің және облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының атына бірнеше айып таққан болатын. Ол біріншіден, мемлекеттік сатып алулар заңсыз жүргізілді, мені конкурстан заңсыз шеттетті деген болатын. Екіншіден, екі компания өңірдегі барлық жол-құрылысы жұмыстарының 70 пайызын алып алды деді. Үшіншіден, қалалық бюджетке енгізілген түзетулер тек оның компаниясын конкурсқа қатыстырмау үшін ғана жасалды, басқа конкурстардың бәрі өтті деп мәлімдеді. Төртіншіден, ол өзінде лауазымды тұлғалардың мемлекеттік сатып алудағы заңсыз әрекеттері туралы факті бар екенін айтқан болатын, – деген Алмасхан Сматлаев комиссияға облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментінен хат келгенін, онда департамент арқылы биылғы 2 маусымда «ДСУ-14» ЖШС-не облыстағы мемлекеттік сатып алулардың барлығы да заң аясында өткізілгендігі туралы нақты жауап берілгенін, соның бәрі бүгінгі отырыста БАҚ өкілдерінің қатысуымен қайталап қаралатынын айтты. Осы мәселеге орай алғашқы сөзді алған облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамов алдымен биылғы 20 наурызда шыққан мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы Үкіметтің жаңа қаулысын, оның көп жерлерде түсініспеушілік тудырған 39 пунктін де түсіндіріп өтті. Яғни, Төтенше жағдай енгізілген карантин кезіндегі шектеу мен сақтық шараларына орай кәсіпкерлер өздерінің заңды тіркелген аумақтарындағы мемлекеттік сатып алуларға ғана қатыса алғанын мәлімдеді. – «ДСУ-14» ЖШС-не келер болсақ, компания жыл басынан бері Өскемен қаласында орташа жөндеу бойынша 10 конкурсқа қатысты. Олардың ішінде төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін екі конкурсқа жіберілді. Алайда баға ұсынымында жеңіліп қалды. Қалған сегіз конкурста «ДСУ-14» ЖШС-нің өтінімі 39 пунктке сәйкес қайтарылды. Себебі аумағы бойынша кәсіпорын Көкпекті ауданының Самар ауылында орналасқан. Ал жеңімпаз болған мекемелердің бәрі Өскеменде тіркелген. Қосымша ақпарат ретінде айта кетсем, «ДСУ-14» Көкпекті ауданында екі нысан бойынша конкурсқа қатысып, жеңімпаз болды. Біріншісі, Өскемен–Тарғын–Самар автокөлік жолының 113-133 шақырымдарын орташа жөндеу, нысан құны – 375 млн теңге. Екінші нысан – Преображенка-Шұғылбай автокөлік жолын орташа жөндеу, құны – 301 млн теңге. Екі конкурс бойынша бекітілген келісім 646,4 млн теңгені құрайды, – деді Руфат Акрамов. Мұнымен бірге Руфат Акрамов А.Федосовтың екі компания өңірдегі барлық жол-құрылысы жұмыстарының 70 пайызын алып алды дегеніне де жауап берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері салада 127 конкурс өтсе, «Востоквзрывпром» ЖШС соның жетеуін ғана ұтқан, бұл жалпының 5,5 пайызы. Ал «ДСУ-11» алтауын жеңген, сәйкесінше 4,7 пайыз. Ал «ДСУ-14» еншісінде жоғарыдағы екі конкурс бар. Ал Өскемен қаласының бюджетіне енгізілген түзетулер тек «ДСУ-14» ЖШС-н конкурсқа қатыстырмау үшін ғана жасалды деген айыптауға облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова жауап берді. Басқарма басшысы еліміздегі төтенше жағдай режиміне орай 2020 жылдың 8 сәуірдегі Президент жарлығымен республикалық бюджет нақтыланғанын, соған сәйкес облыстық бюджет шығыны 7,4 млрд теңгеге, Өскемен қаласының бюджеті 690,3 млн теңгеге қысқарғанын мәлімдеді. Ал ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин Александр Федосовтың «лауазымды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында заңсыздық іс-әрекетіне» шағымы бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. – Шағымданушылардың шағымы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық негіздер мен фактілер тексеріледі. Қылмыстық кодекстің 201-бабы «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеуге» байланысты басқа ақпарат әзірге айтылмайды, қосымша ақпараттар болса жария етеміз, – деп мәлімдеді Жігер Байділдин. Жиында облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер де комиссия жұмысы толықтай заң аясында жүріп жатқанын мәлімдеді. Комиссияның келесі үшінші отырысы осы аптаның сәрсенбі күніне, яғни 10 маусымға белгіленді. Онда комиссия мүшелері тағы бір шағымданушы кәсіпкер «Топаз» ЖШС директоры Болат Бағадаевтің шағымын қарамақ. Ал оған жоғарыда аталған кәсіпкерлердің қатысар, қатыспауы әлі белгісіз.Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан