Симптомды һәм симптомсыз: қайсысы қауіптірек?
Симптомды һәм симптомсыз: қайсысы қауіптірек?
Дамыған елдерде мұндай жоқ. Бізде неге екіге бөлінеді? Көпшілік пікірі осыған саяды. 7 маусымда жалпы статистикаға қосылмаған 313 симптомсыз коронавирус тасымалдаушы тіркелген еді. Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистиканы жариялай бастаған-ды. «Бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын коро­навирус инфекциясын жұқ­тырған адамдар бойынша статис­тика жүргізіп келді. Аталған статистикада COVID-19 вирусын жұқтырған, ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ адамдар есепке алынды. Бүгіннен бастап барлық ресми дереккөздерінде коронавирус инфекциясы бойын­ша ауру белгілері бар және кли­никалық белгілері жоқ вирус та­сымалдаушылар бойын­ша статис­тика жеке-жеке жария­ланады» делінген еді. Министрлік мұндай тәсілдің халықаралық тәжірибеде бар екенін және көп елдерде қолданылып келетінін айтады. «Бұлай бөлудің мақсаты – симптоматикалық емдеуді қажет ететін науқастардың саны бойынша жағдайды көр­сету. COVID-19 ауруының клини­калық белгілері жоқ адамдар айна­ласындағыларға елеулі эпиде­мио­логиялық қауіп төндіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда тестілеу кезінде күн сайын анықталып жат­­қан жағдайлардың 60 пайызға жуығы – бұл инфекцияны симп­том­сыз тасымалдаушылар еке­нін атап өткен жөн. Елімізде коро­навирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушыларды бақылау жалғаса бермек» деп жазды министрлік. Бұлай бөлудің дұрыс-бұрыс­­тығына күмән келтіріп жат­қандар да бар. Әлеуметтік желі қолданушылары «маусым­ның 3-нен бері вирус жұқты деп анық­талған 1 357 адам симп­томы бол­мағаны үшін негізгі санға кірмей қалды. Ресми дерек бо­йын­ша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 1 357-ге азайтылып, 12 859 болып тұр. Әлем сүйенетін Джонс Хопкинс дерек базасына да соңғысы кеткен. Осыған дейін Е.Біртанов вирус жұқтырғанның 82 (шамамен, өйткені жиі өзгереді) пайызында ауру белгісі жоқ деп айтып келді емес пе? Демек, емдеуді қажет ететіні – қалғаны, солай ғой? Оның үстіне,  ауру белгісі кімде бар, кімде жоғын ДСМ он­сыз да біліп отыр емес пе? Сонда мұның не қажеті болды екен?» деп жазады. Ал бас санитар Айжан Есмағам­бетова мұны «халықаралық тә­жірибеде бар нәрсе» деп отыр. «Симптомсыз тасымалдаушылар аса жұқпалы емес, олар вирус таратпайды», – дейді бас санитар. А.Есмағамбетованың айтуынша, симптомсыз және симптомға де­йінгі инкубация кезеңінде жүр­гендерді бөліп алу керек. Олардың белгілері анық емес екенін, бірақ оның дамитынын жеткізді. «Эпидемиология тұрғысынан біз симптомды науқастарға кө­бірек уақыт бөлуіміз керек, өйт­кені олар ең қауіпті, жұқпалы дерт­ті кем дегенде жеті адамға дейін жұқтырады», – дейді бас санитар. Ол «өткен аптадағы күнделікті науқастар өсімі 1,9% бен 4,7% аралығында болды. Бұл – симптомды және симптомсыз науқастардың жалпы саны. Науқастарды 3 маусымнан бастап, симптомды және симптомсыз деп бөле бастадық. Сәйкесінше, 3-7 маусым аралығында 1 357 симп­томсыз, 1 073 симптомды науқас тіркелді. Барлығы 13 074 коронавирус инфекциясын жұқ­тыру жағдайы анықталды», – деді Айжан Есмағамбетова онлайн-брифингте. Вирус тасымалдаушылар қан­дай жолмен анықталып отыр? Бұл туралы бас санитар: «нау­қастардың 45% – байланысқа түскендер. Ал 40% – профи­лактикалық тек­серуден өт­кендер, 10% – ауру бел­­гі­лерін байқап, дәрігерге хабар­лас­қандар болса, 5% – шетел­дер­ден келгендер. Қазіргі уақытта 8 мыңға жуық адам аурудан айы­ғып, үйлеріне қайтарылды», – дейді. Сонымен, 8 маусымдағы дерек­терге сәйкес, жалпы белгілері жоқ тасымалдаушылар саны – 1 696 адам. Қазір дәрігерлер тарапынан симптомсыз тасымалдаушылар қауіпсіздеу деген пікір айтылып жатыр. Клиникалық белгілері бар науқас орташа есеппен 3 адамға ауру жұқтырады деген де дерек бар. «Қазіргі таңда біз эпи­демиоло­гиялық тәртіп бойынша симптомы бар науқастарға көбірек назар аударамыз. Бірақ симптомсыз науқастар да назардан тыс қал­майды», – дейді бас санитар. Коронавирустың ауру белгілері бар науқастар симптом пайда болғаннан кейін 10 күн өткен соң ғана өзге адамдар үшін қауіпсіз болады деседі. Дегенмен дерт жұқтырған науқастың қауіпті екені белгілі. Ал адамның бойында коронавирустың симптомы бар-жоғын қалай анықтаймыз? Мәселе – осында. Мүмкін, әр­қайсысымыздың жанымызда симптомсыз тасымалдаушы жүрген шығар. Кім білсін?!  

 width=Гүлзина БЕКТАС