Қазақстанның борышы қауіпсіз деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
"Бюджет тапшылығы 1,3 триллион теңге, яғни ЖІӨ-ге шаққанда 1,9 процентті құрады. Қазақстанның борышы қауіпсіз деңгейде сақталып отыр", – деді мәжіліс отырысында 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасаған Жамаубаев.Айтуынша, шығыстар 99,9 процентке игеріліп, 12 триллион теңгеге жеткен. Әлеуметтік шығыстар 2018 жылмен салыстырғанда 22 процентке ұлғайып, 5,2 триллион теңгені құрады. Бұл республикалық бюджет көлемінің 43 проценті. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер 100,4 процентке атқарыла отырып, 10,16 триллион теңгені құрады. Қаржы министрлігінің ақпаратынша, сәуір айының басында мемлекеттік қарыз 17,7 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 25,5%-тін құрады.