Тапсырма талабы – нәтиже
Тапсырма талабы – нәтиже
5,125
оқылды
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек наурыз айындағы Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында  Жуалы ауданындағы  жергілікті іскер әйелдермен кездескен болатын. Басқосу кезінде жеке кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекова құс шаруашылығын дамыту мақсатында аудан әкімдігі Бауыржан Момышұлы ауылының сыртынан бөліп берген  1,2 гектар  алқапқа апаратын жолға шағал тас төсеуге ықпалдасуын өтінген. Ал «Білімді ұрпақ» оқу орталығының меңгерушісі Нұрилә Мәлібекова болса,  Жамбыл және Латикант көшелерінің қиылысында орналасқан оқу орталығы ғимаратының маңайын абаттандыруға жәрдемдесуді сұраған. Сол сәтте Бауыржан Қыдырғалиұлының  тарапынан бұқараның өтінішін бақылауға алып, қанағаттандыру тапсырылған еді.   Осыған орай, құрамында партия Жуалы  аудандық филиалының өкілдері, партиялық бақылау комиссиясының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, аудан әкімдігінің жауапты мамандары, мердігерлер мен  БАҚ өкілдерінен  құралған   жұмыс тобы ағымдағы жылдың 4 маусымы күні тапсырманың орындалу барысын зерделеп қайтты. Жалпы жеке кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекованың мәселесі бойынша жолға шағал тас төсеу жұмыстары аудан орталығындағы Парасат көшесін орта жөндеу үшін мердігер болып танылған «L-VIТА темп строй» ЖШС-не қосымша жүктелген. Ал жұмыс тобы ең әуелі  Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралаповтың кәсіпкердің келешекте салатын шағын құс фермасына апаратын жолды жүргізу туралы ұсынысын тыңдады. Ауыл әкімі бұл жолды Парасат көшесінен басталып, «Сәду» мал базарына тірелетін асфальт жолдан тартуды ұсынды. Алайда, кәсіпкерлік нысанның иесі Айнагүл Ахмадбекова жолды «Бауыржан Момышұлы-Қарасаз» бағытындағы автожолдың іргесіндегі магистралдық газ құбырларының аспа жолы арқылы шайынды суларды сүзгілеу алаңына апаратын қаражолдан тартқан тиімді екенін алға тартты. Кеңесе келе жұмыс тобы жеке кәсіпкердің уәжіне құлақ асып, ол ұсынған жердің жағдайымен танысты. Нәтижесінде, жол мал базардан емес, кәсіпкер ұсынған қаражолдан тартылатын болып шешілді. Мердігер жолға шағал тас төсеу жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтайтын болады. «Білімді ұрпақ» оқу орталығының меңгерушісі Нұрилә Мәлібекова қозғаған оқу орталығы орналасқан ғимараттың маңайын абаттандыру жұмыстарын «GT Аsyl tirek» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда оқу орталығының алдына тас төсенді  төсеу аяқталған. Одан бөлек, ғимараттың қарсы бетіндегі шағын гүлзардың шетінен автотұрақ салу көзделуде. Бұл міндетті  мердігер «Ғапар» ЖШС жауапкершілігіне алып, жоспарлы жұмысшы  1 шілдеге дейін аяқтайды деп күтілуде. Міне, осылайша  партия Төрағасының  бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Жуалы ауданындағы іс-сапары барысында берілген тапсырмалары жіті назарға алынып, тетігін табуда. Бұйыртса, бұқарадан келіп түскен екі өтініш те толықтай қанағаттандырылып, құрылыс жұмыстары шілде айында толықтай аяқталмақ. «Тапсырма талабы – нәтиже» деген осы.   Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы