Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бағдарламаға бөлінетін қаражатты ұлғайтуды тапсырды. Оның бірден-бір себебін ауылдық мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігімен байланыстырды. Мемлекеттік бағдарлама маңызды. Сөзіміз дәлелді болу үшін айталық, аймақтарда мұғалімдер мен медицина мамандарының жетіспеушілігі күнделікті күн тәртібінен түсе қоймады. Биыл Атырауда «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ауылдық жерге жұмысқа орналасатын қырыққа жуық жас мамандардың басым бөлігі Индер ауданына баруға өтініш берген. Елді мекендерде жұмыс істеуге өтініш беретіндердің басым көпшілігі білім беру және денсаулық сақтау саласы оқу орындарын бітірген мамандар. Атап айтар болсақ, өткен жылы аталмыш жоба аясында білім беру саласына 21 адам, денсаулық сақтау саласына 8 адам тартылған. Атырау облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл 135 жас маманға жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр. – Қазіргі уақытта отыз тоғыз маманның өтініші мақұлданды. Жас мамандардың өтініш жіберуге әлі де мүмкіндіктері бар. Ол үшін қалалық және аудандық әкімдіктердің экономика және қаржы бөліміне немесе ХҚКО-на құжаттарын тапсыруы қажет, – дейді Атырау облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілдері. Биыл ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген мамандарға жергілікті бюджеттен 100 АЕК біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 1500АЕК бюджеттік несие қарастырылған.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы