Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Енді біз үшін тың тәсілді қолдану арқылы не ұтамыз? Бұрын дамыған батыс елдерінде кеңінен қолданылып келген әдістің қарапайым халыққа немесе электоратқа пайдасы қандай деген сауалға жауап бере кетейін. Біріншіден, біздің таңдау еркіміз кеңейеді. Партия ішіндегі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» саналатын «сен тұр, мен атайын» дейтін азаматтарды бір сүзгіден өткізіп, оларға мол сенім арта аламыз. Екіншіден, өзі партия қатарында болмаса да, партиямен ниеттес әрі түйткілді мәселелердің түйінін жаңаша тарқата алатын тұлғаларды саяси ұйымның қатарына қабылдап, олардың әлеуетін ел игілігіне пайдалануға септесетін боламыз. Бұған мысал ретінде осыған дейін партия қатарында болмаса да, өзінің ілкімді істері арқылы қоғамда оң пікір қалыптастырған нағыз елжанды азаматтардың келісімін алу арқылы оларды партияның мерейлі мақсаттарын іске асыруға жұмылдырамыз. Биылғы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында жоспарланған праймериз партияның Саяси кеңесі қабылдаған ережеге сай өтпек. Тағы бір жаңа ерекшелік – партияішілік саяси додада дәстүрлі дауыс берумен қатар, онлайн түрде дауыс беру практикаға енгізілгелі отыр. Бұл бір жағынан уақытты үнемдеуге ықпал етсе, екінші жағынан әлемді дүрліктірген пандемия тұсында дер кезінде қолға алынған ұтымды әдіс. Сондықтан елім деген нағыз отаншыл азаматтардың праймеризге белсене қатысқаны жөн. Себебі бұл – біздің еліміз, бұл – біздің Отанымыз! Сондықтан елімнің ертеңіне бейжай қарай алмайтын азамат ретінде барша белсенді азаматтарды праймеризге белсене қатысуға шақырамын! Еліміздің ертеңгі жетістігі – бүгінгі тындырымды тірлік пен лайықты таңдаудың жемісі екенін әрдайым жадымыздан шығармағанымыз абзал.
Икрам ХАШИМЖАНОВ, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, «Nur Otan» партиясының мүшесі