Халықаралық жарыстарда еліміздің атын талай мәрте әйгілеген даңқты спортшының спорттық мансабында жеткен жетістіктері аз емес. Қазақстанның атынан әлемдік додаға қатысқан алғашқы мәнерлеп сырғанаушы ретінде тарихта қалды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері аз ғұмырында талай турнирдің бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. «Денистің болашаққа құрған мақсат-жоспарлары көп еді», – дейді анасы. Солардың бірі Қазақстанда мәнерлеп сырғанау академиясын құру болыпты. Баласының асқақ арманын жүзеге асыруды мақсат тұтқан Оксана Тен 2 жылдан бері осы жұмыстармен айналысып жүр. Таяуда ол сүйінші жаңалығымен бөлісті. Әңгіме барысында Денис Тен атындағы Global Figure Skating Academy мәнерлеп сырғанау академиясы 2020 жылдың соңында ашылатынын айтты. Бұл туралы Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев, Алматы қалалық Спорт басқармасының бастығы Рүстем Байсейітов және Денис Теннің анасымен кездесуінде белгілі болды. Болашақ жобаның тұжырымдамасымен таныстырған Оксана Тенге министрлік өкілдері Алматы әкімдігімен бірлесіп академияның ашылуы мен жұмыс істеуіне мемлекеттік қолдау тетігін әзірлеуге жәрдемдесетінін жеткізді. Академия Алматыдағы мұз айдындары бірінің базасында ашылады. Оған әлемнің ең үздік жаттықтырушылары шақыртылады деп жоспарлануда. Осы бағытта белгілі мамандар Татьяна Тарасова мен Фрэнк Кэроллмен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Денис Тен атындағы арнайы қоғамдық қор құрылған болатын. Қазіргі кезде қордың жұмысы бойынша бастапқы қадам жасалды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бірнеше рет фотокөрмелер ұйымдастырылды. Бір ерекшелігі, аталған шаралардың бәріне де халықтың ықыласы ерекше болды. Оңтүстік астанада мемориалдық тақта ашылды. Алда Денистің жоспарлары мен жобаларын жүзеге асыру мақсатындағы бірқатар маңызды жобаның шеңберінде музыкалық дискілер шығару, ертегілері мен өлеңдерінің жинағын басып шығару да көзделіп отыр. Сонымен қатар Денис Тен қатысқан мұз шоуларын жыл сайын өткізу жоспарға енгізілді. Ендігі кезеңде академия жұмысына қанша қаражат кететіні, қаржыландырылуы және құрылыс жобаларындағы өзге де мәселелер талқылануда. Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары министрліктің бұл мәселелерді бақылауда ұстайтынын айтып отыр. – Алматыда 500-ден астам бала қоғамдық және жеке секцияларында мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Денис Тен академиясының ашылуымен балалар мәнерлеп сырғанау орталығындағы үздік мамандардың жетекшілігімен жаттығуға мүмкіндік алады. Осының арқасында мәнерлеп сырғанаумен шұғылданатын балалардың санын 2 есеге көбейтуге болады. Таяу уақытта тұжырымдама пысықталады, қаржылық қаражат есептелді. Жылдың аяғында академияны ашамыз. Алматы әкімдігі де бізді қолдап отыр, министрлік те бұл жұмысты бірлесе істеуге дайын, – дейді Серік Жарасбаев. Екі жыл бұрын қалың жұртшылық арасында талқыға түсіп, кейін құрылыс жұмысы кейінге шегерілген мәнерлеп сырғанау академиясы жаңа жыл қарсаңында ашылса, қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік те молаяды. Әрі бұл бастама жастардың мәнерлеп сырғанау спортына қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз. Келешекте Денис Тен атындағы осынау академиядан елімізге танымал мәнерлеп сырғанаушылары шығады деген үміттеміз. Спорт саласының мамандары да бұл орталық жастардың үлкен жетістікке жетуіне жолбасшы боларына сенеді.