Жылына 100 вагон жаңартылады

Жылына 100 вагон жаңартылады

Елорданың «Нұрлы жол» вокзалында «Жолаушылар тасымалы» компаниясының бас директоры Михаэль Кортюм Беларусьтің Гомель қаласында күрделі жөндеуден өткен вагондарды таныстырды. Михаэль Кортюмнің айтуын­ша, ескі вагондарды жөндеу кезінде тұтас металл шанақ пен қаңқасынан басқа бөлшектер түгел жаңартылған. – Біздің мақсат – жолау­шы­ларға сапалы қызмет көрсету. 2020 жылдың жазына дейін жет­кілікті деңгейде вагондармен қам­тамасыз етуге тиіспіз, сон­дықтан ескі вагондарды күрделі жөндеуден өткіземіз және жаңа вагондар сатып аламыз. Вагон­дардың сапасы жақсы болуына мән береміз, яғни жөндеу жұ­мыстарына экологиялық тұрғыда таза материалдар қолданыла­ды, – дейді компания басшысы. Күрделі жөндеуден өткен ку­пе вагонынан плацкарт вагоны жасақталған. Вагон ішіне бей­небақылау, кондиционер жүйесі, әрбір жолаушының отыратын орнында қуаты 220Вт-тық электр нүктесі, жолсерікті шақыруға арналған сигналды түймешік, таза су құтысы, тоңазытқыш пен қысқа толқынды пеш орна­тыл­ған. Бұл вагондар көмірмен де, электр қуатымен де жүре береді. Компанияның даму страте­гия­сының маңызды бір бағыты – жолаушы вагондарының тапшы­лығын шешу. Осы орайда, «Жо­лау­шылар тасымалы» АҚ вагон­дардың санына ғана емес, сапа­сына да көңіл бөледі. Қазір ескі ва­гондарды жөндеу кестесі әзір­лен­ген. Вагон паркін кезең-ке­зеңімен жаңарту бойынша жұ­мыстар жүріп жатыр. Бұдан былай жыл сайын 100 вагон жа­ңартылмақ. Жалпы, 2016-2019 жылдар аралығында компания 269 ва­гон сатып алыпты. Оның ішінде был­­тыр «Тұлпар» зауытында ре­сейлік технологиямен құрасты­рылған 91 жаңа вагон бар. 2020 жы­лы «Тұлпар» зауытынан 118 ва­гон сатып алу жоспарланған. Оның 18 данасы 2020 жылдың бірінші тоқсанында, қалған 100 данасы 2020 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылмақ. Сон­дай-ақ пайдалану мерзімін ұзарту үшін тағы 85 вагонды күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Бүгінде ұлттық тасымалдау­шы паркінде 2 200-ден астам вагон бар, оның 670-і – «Тұлпар-Таль­го» вагондары. Айта кету керек, бір жолаушы вагонын күрделі жөндеуден өткі­з­уге 148 млн теңге жұмсалады. Ал жаңа вагонның құны – 400 млн теңге.   Ерсайын БАҒДАТ