«Бие байлауға рұқсат бермейтін заңды кім шығарды?» – Ауыл тұрғындары кәсіптеріне бөгет болған әкіммен дауласты
«Бие байлауға рұқсат бермейтін заңды кім шығарды?» – Ауыл тұрғындары кәсіптеріне бөгет болған әкіммен дауласты
Шығыстағы Катонқарағайдың Белқарағай ауылдық округіне қарасты елді мекендердің тұрғындары редакциямызға хабарласып, ауыл әкімі биыл бие байлауға рұқсат бермей отырғанын айтып, шағымданды.   Жайлауға көшіңдер, жерді тоздырасыңдар деп жатыр  Айтуларынша, жаңа заң шыққан ба, әлде талап күшейген бе, әйтеуір, ауыл әкімі қымыз дайындап отырған халықтың қыр соңына түскен. Жергілікті шенеуніктер «Ауыл маңына бие байлауға болмайды. Сауғың келсе, жайлауға кет. Алтайдың биігіне алысқа көшесің. Әйтпесе маңайдағы жер тозып кетеді» дейтін көрінеді. Өрнек ауылының тұрғыны Бақытжан Метченов соңғы бірнеше жыл көлемінде ата кәсіп – қымыз өндірісін қолға алып, үйінің жанына 7-8 бие байлап отыр. Өткен-кеткен туристерге сатылатын ағарғаннан түсетін пайда да жаман емес. Балаларын еңбекке баулып, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтың қазір қолы байланып қалғандай. Ол ауылдың әкімі келіп, нақты  ескерту жасап кеткенін айтады. Ауылда бие саууға болмайды. Мүлдем. – Бұл қайдан шыққан заң? Ауылда отырып бие байлап, қымызымызды іше алмасақ, онда несіне отырмыз мына жерде? Бәрі қалаға көшіп кеткен. Жиырмаға жетер-жетпес түтін қалдық. Мектеп жоқ. Осы жылқының желініне қарап күн көріп отырмыз. Ауылда жұмыс жоқ дейсіңдер ғой. Мен сендерге айтайын, ауылда жұмыс бар! Еңбек ет, жылқы өсіріп қымызын сат та, адал маңдай теріңнің арқасында көл-көсір пайдаға кенел. Бірақ осы жұмысты да істетпей отыр ғой. Осындай заңдарды кім шығарады өзі, әкімдер ме әлде депутаттар ма, – деп тірлігі тоқтап ашынған Бақытжан. Оның айтуынша, жайлауға күн сайын түсіп шығу дегенің экономикалық жағынан өте ауыр әрі тиімсіз. Қанша күш, қанша шығын, қанша уақыт кетеді.   Бие байлатпаса, жастар қолды сілтеп қалаға боспақ – Бұл дегенің, ауылдағы еңбекқор жұртқа жасалған көпе-көрнеу кедергі. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек, кедерге келтірмеу керек, тексерісті азайту керек деп теледидардан күнде айтып жатқанын естіп отырмыз. Ал әкімнің істеп отырғаны мынау. Тағы бір нәрсені айтайын. Ауылда қазір қымыз сауып отырғандардың барлығы 20 мен 30-дың ішіндегі жастар. Үлкен кісілер бұл ауыр жұмысты істей алмайды. Ауылда бие сауғызбайтын болса, жастар не істейді? Қалаға кетеді, баяғы. Ауыл құриды сонымен. Шекараның бәрі бос қалады, – дейді ол. Осы мәселемен хабарласқанымызда бұл жөнінде аудандағы Белқарағай ауылдық округінің әкімі Қайрат Жеңісұлының да өз айтары бар екен. Әкімнің сөзіне сенсек, қымызшылардың жұмысына, яғни бизнеске ешқандай кедергі келтіріліп жатқан жоқ. Тек ауылда жаз бойы жылқы жүрсе, маңайда шөп қалмайтын көрінеді. – 30-40 бие байлап отырғандар бар. Жылқы ауыл маңын таптап тастайды. Халық күзге қарай 5-6 гектар шабындығынан жарытып шөп ала алмайды. Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңының 15-бабында жайылымдарды беру және пайдалану тәртібі жазылған. Сол жерде бәрі айтылған. Жер тозып барады. Мәселе сонда жатыр, – дейді ауыл әкімі. Ал аудан әкімдігіндегілер бұл туралы не дейді? Катонқарағайдағы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Қанапиннің айтуынша, ауыл маңында жайылымдық жерлердің белгіленген шекті мөлшері бар екен. Егер одан асып кетсе, жайылымға жүктеме түскен болып саналады. – Ешкімге кәсіп жасама, қымыз саума деп отырған жоқпыз. Ауыл айналасында сауынды малға арналған жайылым қарастырылған. Егер мал саны шекті мөлшерден асып кетсе, біз олардан жайлауға немесе белгіленген басқа орындарға баруын сұраймыз. Мұндай жағдайда ауылда тек жұмысқа арналған мал, яғни аттар ғана болуы керек. Ал жайылымдық жердің мөлшерлік жүктемесі былай есептеледі: 1 қойға – 2 гектар, 1 ірі қара малға – 7 гектар және жылқыға 9 гектар. Осыған сәйкес жер қатынастары бөлімі әкімдікпен бірігіп есеп жүргізеді. Жайылым жүктемесі шекті мөлшерден аспауы керек, – дейді Болат Жабашқанұлы. Ал «жиырма шақты ғана үй қалдық» деп отырған адамы аз ауылдарда жайылым жүктемесі де мөлшерден асып кетті ме деп сұрағанымызда бөлім басшысы дәл қазір қолына картаны алып тұрып ауыл-ауылды аралауға кеткелі жатқанын, мал саны мен жайылым мөлшерін тағы бір есептеп шығатынын мәлімдеді. – Егер жер кең болса, жайылым жетіп жатса ешқандай проблема жоқ. Биені саусын, қымызды өндірсін, ешкімге кедергі жасалмайды, – деді тағы бөлім басшысы. Осылайша екі тарап та өз айтқандарын алға тартып, әзірге нақты келісімге келе алмауда. Ал осы уақытқа дейін ешқандай проблема тудырмай, бәріне бірдей жетіп келген ауылдағы жайылымдық жердің неліктен биыл ғана тарылып қалғаны түсініксіз.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы