Коронавируспен күреске арналған госпиталь Шымкентте де салынды

Коронавируспен күреске арналған госпиталь Шымкентте де салынды

Өкінішке қарай Шымкент қаласында коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайы өсіп жатыр. Қала аумағында басқа да аса қауіпті инфекциялардың таралу қаупі сақталуда. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада коронавирустық инфекцияны төмендету бойынша шараларды күшейту үшін модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы басталған. 200 орынға арналған госпиталдың құрылысы аяқталды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Госпиталь Қаратау ауданының «Ақжайық» шағын ауданында орналасқан. Ғимаратта 20 төсектік реанимация бөлімшесі бар. 200 төсек-орынға арналған бір қабатты модульдік үлгі бойынша салынды. Бас мердігер - «BI Industrial» ЖШС. Бұл госпиталь қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы болмақ. Енді мұнда коронавирустық инфекцияға күдікті барлық пациент қабылданады. Ғимараттың жалпы ауданы 6353 м2 құрайды. Стационарда барлығы 300-ден астам білікті медицина қызметкері медициналық көмек көрсетеді. Инфекциялық госпиталь барлық қажетті заманауи медициналық техникамен жабдықталып отыр. Мұнда компьютерлік томограф, сандық рентген аппараты, 20 ИВЛ аппараты бар. Инфекциялық госпиталь жобасының ерекшелігі - пациенттерге білікті медициналық көмек көрсету үшін операциялық блок пен перзентхана залының болуы. Реанимациялық залдар «open space» қағидаты бойынша ашылған. Бұл - медициналық персоналға пациенттердің жағдайын бақылауға жеңілдетеді. Госпитальде барлығы 160 жұқпалы ауруға арналған төсек, 20 боксталған палата, 20 реанимациялық төсек бар. Стационарды жобалау кезінде ғимараттың ішінде эпидемиологиялық режимді сақтауға ерекше көңіл бөлінді.

Н. Назарбек.