Елордада карантин талаптарын сақтамаған тағы 100 мекеме жабылды
Елордада карантин талаптарын сақтамаған тағы 100 мекеме жабылды
145
оқылды
Елорда әкімдігінің мониторинг тобы Сарыарқа ауданында орналасқан шағын бизнес нысандарының карантин талаптарын сақтауын тексерді. Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілі Дамира Нұранның айтуынша, бүгінге дейін 300-ге жуық дүкен, дәмхана мен мейрамханаға мониторинг жасалған. «Қазіргі уақытта Сарыарқа аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдерінен жасақталған мобильді топ карантин шараларының сақталуын қадағалау мақсатында аудан аумағындағы шағын бизнес нысандарына мониторинг жүргізіп жатыр. Мониторинг жұмыстары Нұр-Сұлтан қалалық бас санитарлық дәрігерінің қаулыларын орындау мақсатында жүргізілуде. Бүгінгі таңда басқарма мамандары 300-ге жуық нысанға мониторинг жүргізді. Оның ішінде 100 нысанда аталған қаулы талаптарының орындалмайтындығы анықталып, жіберілген кемшіліктер түзелгенше шағын бизнес субъектілері уақытша жабылды. Мониторинг – бұл тексеру емес. Тексеру болған жағдайда шағын кәсіпкерлік нысандарына 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатын еді. Ал мониторинг барысында тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді ол. Осы ретте департамент өкілі қоғамдық тамақтану орындарында қандай шараларды сақтау керектігін айтып берді. «Қоғамдық тамақтану орындарында үстелдердің арасындағы әлеуметтік арақашықтық 2 метр болуы тиіс. Даяшылар маска тағып, қолдарына қолғап киюлері қажет. Ал келушілер нысанға кіргенде қолдарын антисептикпен залалсыздандыруы, тамақтанатын орынға дейін маскамен баруы тиіс. Жалпы мұндай нысандарда әлеуметтік арақашықтық, маска режимі сақтала бермейді», - деді Дамира Нұран. Осыдан кейін БАҚ өкілдері аталған маниторинг топ өкілдерімен бірге Сарыарқа ауданындағы бірқатар нысанда болып, олардың жұмыс істеу барысымен таныс болды. Мониторинг тобының өкілдері дүкен, дәмхана әкімшілеріне карантин талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіріп, нақты нұсқаулықтар да берді. Айта кетейік, елордада мекемелердің санитарлық талаптарды сақтауына рейд жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған нысандардың жұмысы қайта тоқтатылуда.