Түркістан облысының Жетісай ауданында егістік басында жаппай төбелес болып, 12 адам жарақат алған. Осы оқиғаға қатысты екі адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жаппай төбелестің видеосы әлеуметтік желіге тараған. Онда егістік басындағы диқандар бір-бірін таяқтап жатқаны көрінеді. Оқиғаны тексерген жетісайлық полицейлер төбелестің 29 мамыр күні болғанын айтады. Егістік алқабына шұғыл шыққан тәртіп сақшылары адамдар арасындағы төбелес егістікке жіберілетін суға таластан пайда болғанын анықтаған. Төбелестен кейін дәрігердің көмегіне 12 азамат жүгінген. Олардың бесеуі Жетісай аудандық ауруханасына жатқызылып, өзгелері алғашқы медициналық көмектен кейін үйлеріне қайтарылған.
«Аталған жайт ҚР ҚК-тің 293-бабымен тіркелді. Қазіргі таңда тұрғындардың алған дене жарақаттарының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды.Тәртіп сақшылары тексеру барысында осы төбелеске қатысқан 2 азаматты ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша барлық тұлғаларды және кінәлілерді анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тексерілуде» делінген хабарламада.