Орталық Азия елдерінің әуекомпаниялары басшыларының 2-дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараға Қазақстаннан Air Astana, QAZAQ Аir мен SCAT, Қырғызстаннан AviaTraffic, Тәжікстаннан Somon Air, Әзірбайжаннан AZAL компанияларының, сондай-ақ ІАТА (Халықаралық әуе транспорты қауымдастығы) өкілдері қатысты. Қатысушылар авиация саласының дамуы, ұшқыштардың қауіпсіздігі, авиация саласындағы мәселелер, қызмет көрсету механизмін бағалау, авиаотынмен қамтамасыз ету сияқты жайттарды талқылады. Дөңгелек үстелде қауіпсіздік авиация саласындағы маңызды басымдық екеніне назар аударылды. Жоғары қауіпсіздік деңгейіне жету үшін бірлесіп күш салу керегі айтылды. Бұл күні азаматтық авиацияны дамыту, жолаушыларға қызмет көрсету жайы да сөз болды. «Алдағы 20 жылда Орталық Азия аймағындағы жолаушылар тасымалы екі есе өседі. Жолаушылар тасымалының артуы Қазақстан дамуы үшін оң ықпалын тигізбек. ІАТА әуекомпаниялары мен мемлекеттер арасындағы диалогке әрқашан мүмкіндіктер қарастырады. Біз бұл саланың өсіп, дамуы үшін биліктің нарықты дұрыс реттеуіне көмектесеміз», – деді Халықаралық әуе транспорты қауымдастығының аймақтық тасымал жөніндегі директоры Раймондс Грунтинс. Журналистерге арналған баспасөз мәслихатында жолаушылар тасымалы мәселесіне Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер де тоқталып өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, компания 5,05 миллион жолаушыны тасымалдаған. Тасымалдау алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға өскен. Ішкі тасымалдау нарығы да 36 пайызға өскені мәлім болып отыр. – Егер екінші жартыжылдықты алар болсақ, онда тасымалдау 62 пайызға өскен. Бұл өз қызметіміз барысында ең жоғары өсім. Мұның себебін FlyArystan лоукостерін іске қосумен түсіндіруге болады. IATA әлі статистиканы жариялаған жоқ, біз қазақстандық нарық әлемдегі ең жоғары қарқынмен дамып келе жатқан нарық болып танылады деген сенімдеміз», – деді П.Фостер. Дөңгелек үстелде авиаотын, оның бағасы кеңінен сөз болды. Нарықта авиаотын қолжетімділігі үшін бәсеке болуы керегі айтылды. Бұл бағаны түсіріп, әрі қызмет көрсету сапасын арттырады. Сол себепті отын тасымалдаушылар әуекомпаниялармен тікелей келісім жасауы тиіс. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ