Дәл қазір қазақ қана емес, әлем халқы арзан, жеңіл дүниелерден мезі болғандай еді. Өзінің әсем дауысын, тума талантын, ерекше көркемдігін көрсетіп, тап-таза, мөп-мөлдір өнерді паш еткен Димаштың бұл жолда айы оңынан туды. Әуезді үнін тек таза дыбыспен табыстыра отырып, миллиардтарды мойындатты.
Ол, ең алдымен, «Жас қанат» байқауында жарқ етіп, кейін Ресей, Беларусь, Түркия мемлекеттерінде өткен ән додаларында абырой биігінен көрінді. Бүгінде бас қаламыздағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Жас болса да, мемлекеттік масштабтағы салтанатты концерттер мен гала ән кештері Димашсыз өткен емес. Енді, міне, Қытайдың Чанша қаласында қаңтардың орта шенінде басталған «Singer-2017» байқауында әлемді аузына қаратты. Міне, осы тұста әлем Димаш арқылы қазақты таныды.
Өнердегі кеңістікте шекара болмайды. Сұңқарды сұңқар парлап ұшқан қанат қағысынан, тұлпарды тұлпар жер тарпыған шалқар шабысынан таниды. Осы тұста Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева да «Мен – әншімін!» додасының финалына барып, Димашқа қолдау білдірді. Мәдениет министрі арнайы барып, жүрекжарды лебізін білдірді. Бұрын-соңды мұндай қолдау қай әншіге жасалып еді? Шабысты жүйрік атты сейілтер белдеуде, жабу астында тұрғанда таниды. Көздері көріп, көңілдеріне түйгенін әлемдік деңгейдегі өнер майталмандары жасырып қалған жоқ. Жер-жерге жарыса жазып, отандық телеарналарда қайта-қайта айтып жатты.