Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен палата отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс және оған ілеспе заң жобасы талқыға салынды. Нәтижесінде, сенаторлар төл өзгерістері мен толықтыруларын енгізіп, құжаттарды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. М.Әшімбаевтың айтуынша, бұл жобалар отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға жаңа серпін береді. – Кодекс жобасы Сенаттың барлық қомитеттерінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер пысықталды. Соған сәйкес Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзету енгізді. Олар ең алдымен, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІІ отырысында берген денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Аталған кодекс жобасы ұлт денсаулығын нығайтумен қатар медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау сияқты бірқатар маңызды басымдықты қамтиды. Алдағы уақытта бұл құжат отандық медицинаның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз, – деп атап өтті Мәулен Сағатханұлы. Мысалы, кодекстің 77-бабына енгізілген өзгерістерге орай Қазақстан азаматтары «емдеуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге ақпараттандырылған келісім беруге немесе бас тартуға» құқылы болады. Яғни, енді зорлап екпе жасау болмайды. Заң жобасындағы өзгерістер індеттер мен жұқпалы аурулардың пайда болу қаупі төнген жағдайда мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің шектеу іс-шараларын енгізу құқықтарын нақты реттейді және жүйелендіреді. Бұл алдағы пандемияға дайындық болса керек. Сонымен қатар отырыста Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің ІІІ жиынында берген тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің «дәрігерлік қателіктер» үшін жауапкершілігін заңнамалық реттеу мәселесі қаралды. Қылмыстық кодексте 7 баптан тұратын «медициналық қылмыстық құқықбұзушылықтар» деген арнайы тарау сақталып отыр. Қоғамға төнетін қатер дәрежесінің төмендігіне байланысты, егер оны лауазымды адамдар жасамаса не ауыр зардаптарға әкеп соқпаса, клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеу мен оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу «қылмыстық» – «әкімшілік құқықбұзушылық» қатарына ауыстырылады. Негізсіз өтініштер бойынша дәрігерлерді қудаламау үшін қылмыстық істі қозғауға сараптама комиссиясының қорытындысы қажет болады. Онсыз іс ашыла алмайды. Сондай-ақ депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын бірден екі оқылымда қабылдады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін әзірленген бұл құжат жала жапқаны үшін жауаптылықты қылмыстық сипаттан арылтуды көздейді. Тиісінше, әсіресе ақпарат құралдарының өкілдері негізсіз қудалаудан құтылады. Сонымен қатар сот орындаушысы қабылдайтын іс жүргізу құжаттарын, іс-әрекеттерді оңтайландыруға және осы іс-әрекеттердің дәйектілігін айқындауға; жеке сот орындаушылары кеңсесінің қызметін реттеуге; ЖСО-лар тәртібін күшейтуге; цифрлы технологияларды енгізуге, атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін мәжбүрлеп орындату жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға; азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын іске асыруда қылмыстық және әкімшілік заңнаманың ережелерін жетілдіруге бағытталған.
Айхан ШӘРІП