Бұл жайында Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Жиында депутаттар 2019 жылғы бюджеттің қалай орындалғаны тәптіштей баяндалған Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін қарады. Жалпы, өткен жылы ел экономикасының даму қарқынына, жоспарланған көптеген көрсеткішке қол жеткізіліпті. Қазақстанның ЖІӨ-сі 4,5%-ға өсті. Сыртқы сауда айналымы 97 миллиард долларға дейін артты. – «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», өңірлерді дамыту мембағдарламаларын жүзеге асыру арқасында 13 миллион шаршы метрден астам жаңа баспана тұрғызылды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, бұл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын және Қазақстан халқына Жолдауды орындау жолындағы Үкімет пен Парламенттің үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды, – деді спикер Нұрлан Зайроллаұлы. Ол өткен жылды қорытындылағанда, ел басшылығының «экономиканы терең әрі радикалды реформалау бағдарламасын әзірлеу қажет» деген тапсырмасын басты назарда ұстау керегін нықтады. Бірінші кезекте бюджеттің тағы да ұтымсыз шығындалуына қатысты жағдай түбегейлі өзгерісті талап етеді. – Бюджеттік бағдарламалар тиімділігін бөлінген және игерілген мемлекет қаражатының көлеміне қарай бағалау жеткіліксіз. Берілген және жұмсалып кеткен бюджет ақшалары нақты әлеуметтік экономикалық міндеттерді шешуі тиіс. Соның нәтижесінде қазақстандықтардың тұрмыс сапасы көтерілуі керек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет алдына дәл осындай міндет қойды, – деді Мәжіліс Төрағасы. Былтыр өткізілген «ревизорлық» тексерулер көрсеткеніндей, барлық дерлік шешуші көрсеткіштер бойынша заңбұзушылықтар мен жөнсіздіктер саны айтарлықтай артып отыр. Республикалық бюджеттің тиімсіз пайдаланылған қаржысы 3 есе өсті. Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың байламынша, бұл ең алдымен аудитпен қамту көлемінің ұлғаюына байланысты көрінеді. Өйткені «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» жаңа заң толық күшіне енді. Тиісінше, шенеуніктердің жасырын жасаған ел қаржысын талан-тараж ету деректері әшкереленуде. Әрине, бұл қуантарлық жайт емес. Мәжіліс депутаттары ақырғы нәтижеге қол жеткізілмегенімен, бюджет қаржысының толық игерілуі секілді түйткілге назар аудартты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың түсіндіруінше, қазіргі кезде алдымен қаражаттың шек-лимиті анықталады, содан соң меморгандардың стратегиялық жоспарлары бекітіледі. Бұл тәжірибе енді өзгереді: бастапқыда әр меморган үшін басымдықтар мен ақырғы нәтижелер белгіленеді, сосын оларды орындауға қажетті қаражат бөлінеді. Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан бағытталған миллиардтардың да ұтымсыз шығындалатынын мәселе етіп көтерді. Мысалы, Ұлттық қордың ақшасына жоғары оқу орындарының коуоркинг аймақтарын ашу жоспарланыпты. Парламентшілер болашақ ұрпаққа және қазіргі ең шұғыл шығындарға арналған мұнай қорын осындай елеусіз іске жұмсаудың орынсыздығын ескертті. Және шығыны да аз емес: 2019 жылы университеттердің коуоркинг орындарын сайлауға 663 миллион теңге беріліпті. Алайда абырой болғанда, ЖОО-ның барлығы бұл соманы 100% игермеген. Үкімет есебінде айтылғандай, ғылым ордалары «ұжымдық кеңсе» ашуға басқа қаржы көздерін тартатынын және ҰҚ қаражатын қажет етпейтінін хабарлапты. – Қаражатты жете ойластырмай бөле салу фактілері анықталуда. Мұндай шаралар Ұлттық қордан қаржы бөлмек тұрмақ, тіпті бюджеттік қаржыландыруды да талап етпейді! Бәлкім, Үкімет қор қаржысын пайдалануға қатысты өз ұсыныстарын мұқият елеп-екшегені, бұл іске қатаң әрі жауапты келгені дұрыс болар! – деді Нұрлан Нығматулин. Сондай-ақ әлемдік дағдарыс кезеңінде әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге жаңа тәсілдердің керегі айтылды. – Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа экономикалық стратегия дайындауды тапсырды. Ол заңнамалық қамтамасыз етуді қажетсінетіні мәлім. Сондықтан Мәжіліс ел үшін маңызды осы мәселеде Үкіметпен тығыз әрекеттесуге әзір. Бұл жерде Үкімет, оның экономикалық қанаты депутаттардың барлық сын-ескертпесі мен ұсыныстарын егжей-тегжейлі талдауы және оларды тек жоспарлау кезінде ғана емес, сонымен қатар мембағдарламаларды жүзеге асыруда да ескеруі қажет. Тек осындай тәсілдеме ғана ел басшылығының бүкіл тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді, – деп түйді Н.Нығматулин. Жалпы алғанда, 2019 жылы 13 мембағдарламаға, 53 стратегиялық бағытқа, 344 бюджеттік бағдарламаға 12 триллион теңге бөлініпті. Қаржы 99,9% игерілді. 264 көрсеткіш орындалды, 48 индикаторға қол жеткізілмеді. Үкімет пен Есеп комитеттерінің есептері Сенатқа жолданды.
Елдос СЕНБАЙ