Елорданың ескі орталығындағы «Жауқазын» балабақшасы жеке тұрғын үйлер арасындағы бұрынғы қос қабатты гараж-сарай орнында ашылған. Ал сол жағалаудағы ірі шенеуніктер балаларына арналған «Қарлығаш» балабақшасы аялы-саялы, қоршалған аумақта, су жаңа ғимаратта орын тепкен. Елордадағы ең үлкен балабақша. Тіпті, бассейні де бар. Мектепке дейінгі білім беру (МДБ) саласында алда реформа басталады. Өйткені салада бірегей саясат пен жүйе жоғалып барады. Мемлекеттің талаптарын орындату да қиынға түсуде. Мысалы, ел Президенті өткен жылы барлық МДБ ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жабдықтап шығу туралы тапсырма берді. Егер балаңыз балабақша немесе мини-орталықтан бет-аузы көгеріп оралса, оның себебін анықтау күрделі. Ішкі істер министрі мен Білім және ғылым министрінің «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтауға стандарттарды және оларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2019 жылғы 23 қаңтардағы №32 бірлескен бұйрығына сәйкес, МДБ ұйымдары тегіс бейнекамералармен жабдықталуы тиіс. Бірақ Ұлттық білім беру деректер базасының ақпараты бойынша, 3 мың 63 балабақшада немесе 29%-ында ешқандай бейнекамера жоқ. Тек 5 мың 812 балабақшада немесе 55%-ында ғана сыртқы және ішкі бейнебақылау жүргізіледі. Қалғандарында неге екені белгісіз, видеокамералары не тек ауланы ғана түсіреді, не балалар ойнап, сабақ оқитын бөлмелерді ғана бақылайды.
Уханьның үлгісіне сай болмады
Коронавирус пандемиясымен күрес аясында қабылданған шектеулер және карантин саладағы мәселелерді ушықтыра түсті. Әуелде төтенше жағдай режимі жойылғасын балабақшаларға есігін қайта ашуға рұқсат ету жоспары жарияланды. Дегенмен оларда санитарлық-індетке қарсы шаралардың сақталуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес екені белгілі болды. Ата-аналар кейбір балабақша ішіне тәрбиелеушілерден, педагог пен меңгерушіден бөгде кісілердің кіріп-шығып жүретініне шағымдана бастады. Себебі бұл ұйымдарда негізінен, күзетші жоқ. «Үлгілік қызмет ережелеріне» сәйкес, МДБ ұйымдары балаларды ағымдағы медициналық бақылаумен, екпе егіп, иммундаумен және профилактикалық тексерумен қамтуы тиіс. Сондай-ақ оның медицина маманы жергілікті емханалармен байланыста болуы шарт. Бұған енді COVID-19 індетімен күрес қосылды. Алайда біразында онымен айналысатын маман жоқ болып шықты. Ресми дерек бойынша мектепке дейінгі білім және тәрбие ұйымдарының тек 6 315-інде немесе 61,2%-ында ғана штатына кіретін медициналық қызметкер бар. Реформа аясында 2025 жылға қарай МДБ ұйымдарында штаттық медицина мамандарының үлесін 65%-ға жеткізу жоспарланған. Көрші шың елінде, коронавирустың бастапқы ошағына айналған Ухань қаласында карантин режимі жойылғасын қытай телеарналары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қалай жұмысқа кіріскені туралы бейнероликтер түсіріп, тарата бастады. Онда балдырғандарды ата-анасы ұйымның сыртқы қақпасына дейін әкеледі. Ары қарай оны қос қызметкер қабылдап алып, баланың үсті-басын, аяқкиімін, сөмкесін дәрі сеуіп мұқият өңдейді. Қызуын өлшейді. Тек содан соң ішке енгізеді. Айта кету керек, бұл роликтерде паш етілген ҚХР-дің форматын әлемде көптеген елдер үлгіге қабылдады. Қазақстанда да идея бойынша ата-аналар бүлдіршінді таңертең балабақша ауласына дейін жеткізіп, кешке сол жерден алып кетуі тиіс еді. Кіреберісте қызу өлшейтін құралы бар медицина қызметкері тұруы шарт. Бөтен адам ауладан әрі аяқ баспауы міндет. Балабақша қызметкерлері тегіс бетперде тағып, балалар қолдарын ұдайы жуып, антисептикпен өңдеуі керек-тін. Өмірде олай болмады. Сондықтан көп қалада МДБ ұйымдары ашыла сала жабылды. Көбінде тіпті ашылмады.Салаға төнген төрт қауіп
Алматы қаласындағы «Родничок-2» балабақшасының меңгерушісі Әсем Талғатқызы өз ұйымының мемлекеттік бағдарламаға сай жұмыс істейтінін айтады. Яғни, ата-аналар төлеуі тиіс төлемақының бір бөлігін мемлекет өтейді. «Карантин кезінде балабақша мемлекеттен толық көлемде қаржыландырылды. Бірақ жұмыс беруші қызметкерлерге толық еңбекақысын бермеді, тек 42 500 теңгеден аударды. Мамыр айына мүлдем ештеңе төлемей тастады. Мемлекет болса, тиісті қаражатты жіберіп жатыр», – деп шағымданады ол. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада 893 мектепке дейінгі ұйым барын, олардың қызметі сол бұрынғыдай тоқтап тұрғанын хабарлады. – Қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақтануына қарай балабақшалар жұмысын кезең-кезеңмен жандандыру мәселесі қаралуда. Оның нақты мерзімдері, балабақшалардың жұмыс істеу тәртібі туралы әкімдік басқармасы қала тұрғындарын алдын ала хабардар етеді, – деді қалабасы. Алатау бөктеріндегі ірі мегаполисте біраз балабақша маусым айының басында іске қосылуы тиіс еді. Елорданың Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова балабақшалар 1 маусымнан бастап еш шектеусіз, жаппай ашылады деп жариялады. Ізінше Нұр-Сұлтан әкімдігіне бұл жоспарынан бас тартуына тура келді. Әзірге тек бірқатары «кезекші топ» режимінде жұмысын жалғастыруда. Егер төтенше жағдайға дейін 55 мыңнан астам астаналық бала МДБ мекемелеріне барып жүрсе, бүгінде кезекші топтар небәрі 3 мыңдай балақайды ғана қабылдайды. – Біз балабақшаларды ашуға енді асықпаймыз. Бұл мәселеге эпидемиологиялық ахуалға қарай маусым айының ортасына таман қайта ораламыз. Ата-аналар қалауымен жұмыс істеп жатқан қалған балабақшалар бір топта 15 баладан аспайтын көлемде, кезекші топтар бойынша жұмысын жалғастыра береді, – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов. Ол бас қалада балалар лагерьлері де әзірше ашылмайтынын нықтады. Ендеше жас ұрпақтың жаз бойы іші пысатын болды. «Қазақстанда карантин және шектеулер кесірінен жеке балабақшалар банкрот алдында тұр» дейді сарапшылар. Осы салаға маманданған Мидас компаниясының атқарушы директоры Анапия Жанпейісова бұл деректі растады. «Қынжылтатыны сол, мектепке дейінгі білім беру – билік шектеуді еш жұмсартпай отырған жалғыз сектор. Жеке балабақшалардың бәрінің жағдайы сын көтермейді. Себебі біріншіден, көбісі ғимарат жалдап тұрады және жабық болғанына қарамастан қарызға батып, жалға алу ақысын төлеуді жалғастыруда. Екіншіден, кейбір жалға берушілер ұзақ жұмыссыз мерзім қаңтарылып тұрғандықтан балабақшадан ғимаратты босатуын талап етуде. Демек, ертең ашылғанда асыға жеткен ата-аналар оның тек орнын сипап қалады. Жаңа балабақшадан орын табу оңай емес. Үшіншіден, қызметкерлер үйлерінде жұмыссыз отыр, үлкен бөлігі ақысыз демалысқа жіберілген немесе ең төменгі жалақы деңгейінде ғана алады. Мемлекет әлеуметтік төлем төлемейді», – дейді А.Жанпейісова. Маманның айтуынша, төртіншіден, салаға білікті кадрлардан айырылу қаупі төнді. Елде мысалы, дәрігерлердің жалақысы көтерілді, ал МДБ мекемелеріндегі медқызметкерлер еңбекақысы бұрынғы деңгейде өзгеріссіз қалды. Педагогтер мен тәрбиешілер де бос уақытта біліктілігін арттырып, жұмыс орындарын тастап кетуде. Кәсіпкер санитарлық-індетке қарсы шараларды толық сақтайтын ұйымдарға есігін қайта ашуға мүмкіндік беру керек деген пікірде.Тәрбиеші дегені техник екен
Мектепке дейінгі ұйымдарда сапалы тәрбие және оқыту үшін жағдай жасалмаған. Білім және ғылым министрлігі реттеушілік әсерді талдау нәтижесінде осындай қорытындыға келді. Бұған не себеп? Осыдан біраз жыл бұрын мемлекет «Балапан» мембағдарламасын қабылдап, жасөскіндерді 100% қамту үшін осы саладағы лицензиялауды жойды, хабарлама тәртібіне көшірді. Яғни, балабақша ашу үшін рұқсат алып жүрудің қажеті жоқ, тек әкімдік Білім басқармасын құлағдар етіп қойса болды. «Мектепке дейінгі ұйымдардың үлгілік ережелері» бойынша мұндай мекеме балалардың қолын сапалы тәрбие мен білімге жеткізуі, дұрыс әрі нәрлі аспен тамақтандыруы, таза сумен қамтуы, лайықты санитарлық жағдай жасауы міндет. Алайда ашылмай тұрып қадағалаушы орган тексере алмайтындықтан, балабақшалардың көбі талапты сақтамайды. Істі бастап алайын, көш жүре түзелер деп сенеді. Бұл олқылық мемлекеттік балабақшаларға да тән көрінеді. «МДБ ұйымдарымен балаларды қамтуды ұлғайту және балабақшаларда орын тапшылығын қысқарту мақсатында мемлекет бизнес-құрылымдарды қолдау шараларын қолданып келді. Мысалы, жаңа Санитарлық ережелерде МДБ ұйымдарында балаларға күтім жасау жағдайларына қойылатын талаптар жұмсартылды. Сондай-ақ жекеменшік МДБҰ саны өсуі үшін 2011 жылы мектепке дейінгі білім беруді лицензиялаудың күші жойылды. Осылайша, балабақшалар саны өсті, бағалары ата-аналарға қолжетімді бола түсті», – дейді БҒМ. Меморган енді одан бас тартатын кез жетті деген пікірде. Өйткені саны жеткілікті деңгейге жетті: 2012 жылы елде небәрі 807 жекеменшік балабақша ғана болса, содан бері саны 5,3 есе ұлғайып, 2019 жылы 4 299-ға жетті. Бұдан былай мемлекет санға емес, сапаға мән беріп, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі арттыруға көшпек. Оның бір шарты – лицензиялауды қайтару. Мемлекеттік бақылау да күшейтілуі тиіс. Оның үстіне реформаға ата-аналар шағымының артуы да түрткі. Кейінгі кезеңде, карантинге дейін 140 шағым бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті. Қорытындысында 96 балабақшаға қатысты әкімшілік іс қозғалған. Әрқайсысына 1125 АЕК көлемінде 60 айыппұл салынды. Бұдан бөлек, профилактикалық бақылаудың 205 іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде, 205 әкімшілік іс қозғалды, айыптылар 1470 АЕК сомасында 113 әкімшілік айыппұлмен жазаланды. Ата-аналардың көбі балабақшадағы орнымнан айырыламын деп қорқып, шағым хат жаза бермейді. Әйтсе де, ара-тұра балаларды ұрып-соғу фактілері әшкере болып, қоғамдық пікірде дүмпу туғызып жатады. Мысалы, былтыр балабақшаларда педагогтің балаларға қол жұмсауының 7 дерегі тіркелді. Педагог кінәсінен 2 жазатайым оқиға болған. 6 балабақша тамақтан уланған. 28-і басқа талаптарды бұзды. 2019 жылдың соңына қарай балабақшаларда барлығы 97 209 адам жұмыс істепті. Оның тек 64,6%-ы (62 802 адам) ғана жоғары білімге ие. Соның ішінде бар-жоғы 29 707 адам немесе 29,9%-ы жоғары педагог біліміне ие. Қалғаны кәсіптік-техникалық мамандық иелері. Осыдан «жас ұрпақты кімдер тәрбиелеп жатыр?» деген сауал туады...