Ол жайдан-жай емес. Бұл мәселе бүгінгі таңда мемлекеттің қауіпсіздігі тұрғысынан көңіл аударуды талап етуде. 2015 жылдан 2019 жылғы қазан айына дейінгі аралықта республикадан жалпы саны 200 мыңнан астам адам шетелдерге тұрақты тұруға қоныс аударған. Бұл көрсеткішті жылдарға бөліп қарайтын болсақ: 2015 жылы – 33,4 мың, 2016 жылы – 37,8 мың, 2017 жылы – 39,8 мың, 2018 жылы – 45,6 мың, 2019 жылы 10 айда – 44,3 мың адам. Байқалғандай, көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар кетіп жатқан азаматтардың 69 пайызы – еңбекке жарамды. Оның ішінде елімізде тапшы болып отырған сәулет-құрылыс, техника, педагогика, медицина саласының мамандары көптеп табылады. Елден кеткен азаматтар көбі Ресей, Германия, Беларусь, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея елдеріне табан тіреуде. Ал осы уақыт аралығында Қазақстанға көшіп келуші адамдардың саны 112 мың адамға жетті. Олар негізінен Өзбекстан, Ресей, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан, Моңғолия елдерінен келіп жатқан қандастарымыз. Енді елден кеткен және келген азаматтардың ара салмағын есептейтін болсақ, кеткен азаматтар 88 мың адамға артық болып отыр. Көшіп келушілер мен кетушілердің арасындағы мұндай үлкен айырмашылықты және көшіп кетушілер санының төрт жыл бойы тек артып отыруын ескерер болсақ, бұл табиғи көші-қон үрдісімен салыстыруға келмейді. Бұл еліміздің демографиясына да, еңбек ресурсына да кері әсерін тигізуі әбден ықтимал. Аталып, көрсетіліп отырғаны – тек ресми түрде құжат рәсімдеп елден кеткен азаматтардың көрсеткіші. Одан бөлек, мемлекеттік органдардың статистикасынан тыс, туристік және іскерлік визамен жұмыс істеу мақсатында шетелдерге кетіп жатқан азаматтар өте көп. Заңды түрде жұмыс істеу үшін виза рәсімделмегендіктен, ондай азаматтардың саны, еш жерде көрсетілмейді. Жоғарыда келтірілген статистикаға мұндай азаматтарды қоса есептейтін болсақ, елден кетуші азаматтардың саны тіпті екі есеге артуы мүмкін. Себебі бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақылы негізде шетелден жоғары жалақылы жұмыс тауып беріп, жақсы өмір деңгейін қамтамасыз етуді ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың жарнамасы көбейіп кетті. Елімізде қазір осы бағытта 92 жеке агенттік қызмет көрсетеді екен. Олардың қызметі тікелей жеке тұлғамен келісімшарт жасау арқылы жүзеге асырылатындықтан, қызмет нәтижелеріне мемлекет тарапынан терең талдау жасалмайды. Негізінен, мұндай компаниялардың қызметіне жүгіну арқылы жұмысқа орналасып жатқандар да бар. Алайда орналаса алмай алданып, қаражатынан айырылып, қайтып келіп жатқандар да өте көп. Олардың дені – қазақтың қаракөз жастары. Мұның тағы бір себебі, соңғы уақыттарда көптеген танымал интернет ресурстар Қазақстаннан шетелге кетіп, жақсы өмір сүру деңгейіне қол жеткізген азаматтар туралы оң материалдарды жиі жариялайтын болды. Мұндай материалдар өз елімізде маман болып қалыптаспаған, тәжірибесіз жастарды бас-көзсіз, шетелге кетуге талпындыратын ашық үгіттеу болып отыр. Осы тұста қылмыстық іс-әрекеттерге жол ашатын ұйымдасқан топтар да өз бизнесін гүлдендіріп отыр. Осы ретте ескере кететін тағы бір мәселе, қазір қолда бар деректерге қарағанда, Ресейдің жоғары оқу орындарында – 69 мың, Қытайда – 17,6 мың, Корея Республикасында – 1,6 мың, Ұлыбританияда 1 мың шамасында қазақстандық студенттер оқиды. Кейбір сараптамалар бойынша олардың 46 пайызы елге оралғысы келмейді екен. Мұндай азаматтардың көбісі шетелдік азаматтармен отбасын құрып, тұтас ұрпағы өзінің этникалық тамырынан біржолата ажырайды. Мұның себебі неде? Әрине, дамыған шет мемлекеттердегі тұрмыс деңгейі, онда білім алу, өмір сүру жоғарылығы мен жалақының едәуір көп болуы сияқты факторлар бар. Оның үстіне, Қазақстан түрлі интеграциялық үдеріске белсенді қатысушы болғандықтан, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында еңбек ресурстарының еркін қозғалысы, көптеген елдермен визасыз режимдердің орнатылуы және ең негізгісі халықаралық деңгейде жоғары білікті кадрлар үшін бәсекелестіктің күшейтілуі өз әсерін тигізуде. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткізілген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында: «Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Соның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі. Әрине, бұл қосымша инвестицияны талап етеді. Осыған орай, біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық» деп атап көрсетті. Бұл – үлкен жетістікке жеткізетін оң өзгерістің бастамасы. Қалыптасқан жағдайларға қарамастан, елімізде азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар біршама екенін мойындауымыз қажет. Соңғы жылдарда жастардың тегін жоғары білім алуы үшін оқу гранттарының санын едәуір арттыру, 11 мемлекеттік бағдарламаға жұмыс орындарын құру жөніндегі индикаторлар енгізу жөніндегі шаралар қабылдануда. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жақында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қандастарымызға азаматтық алуды жеңілдетуге және оларға әлеуметтік көмектің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған бірқатар оңды шараларды қарастырды. Осы ретте шетелге кетуге бейім азаматтардың ойын өзгерту үшін жалпыкөпшілік атсалысуды талап ететін кейбір мәселелер бар. Ең алдымен, шетелде жұмыс істеуге кеткендердің барлығы жоғары өмір сүру деңгейіне қол жеткізеді деген қате пікірден азаматтарды арылтуымыз керек. Бұл жөнінде жалпы қоғам тарапынан дұрыс түсінік қалыптастыру үшін түрлі аудиторияға арналған түсіндіру жұмыстары қажет. Ол үшін БАҚ-тар, блогерлер мәселенің оң, теріс жақтарын қатар қойып шынайы сараптамалар жасап, заңнамалық кедергілерді көрсете отырып халыққа түсіндіруі тиіс. Осы тұста мемлекетіміздегі демография, халықты еңбекпен қамту, елді әлеуметтік қамсыздандыру саясатымен айналысатын салалар мен мекемелер бұл үдерісті бейтарап қалдырмауы қажет. Бұл жағдайды қадағалауды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде және ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін іс-шаралардың бірі ретінде қабылдауымыз керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстаннан шет мемлекеттерге ағылып кетіп жатқан азаматтардың басым көпшілігі – еліміздің болашағы болып есептелетін жастар. Бұл үдерістің жаппай сипат алуы түбінде ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан дер кезінде тиісті шараларды қолға алып, жастарға білім беру, оларды жоғары оқу орындарынан кейін жұмысқа орналастыру, оларға арналған әлеуметтік жеңілдіктерді кеңейту, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты зерделеп, әлсіз тұстарын жетілдіруді қолға алу қажет. Бұл ретте баса көңіл бөлетін мәселе, бүгінгі күнге дейін елімізде жоғары және кәсіптік оқу орындарымен өндіріс, экономика, бизнес, қаржы саласының келісім негізіндегі ішкі байланысына әлі де қол жеткізе алмай келеміз. Мамандар дайындау ісінде нарық сұранысын ескерудің механизмін жетілдіру қажет. Оқу орнын аяқтаған, қолында дипломы бар қазақ жастарының тең жарымы жылдар бойы жұмыс таба алмай сергелдеңге түсуге мәжбүр. Салалық министрліктер осы мәселені зерттеп, шынайы сараптама жасап, осал тұстарды жетілдіру бойынша шараларды кешіктірмей қолға алуы тиіс. Жалпы алғанда, жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты мемлекеттік саясатты қоғамда көзі ашық, өзіндік ұстанымы бар әрбір азамат қолдауы тиіс деп ойлаймын.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Парламент Сенатының депутаты