Сән-салтанатсыз диплом
Сән-салтанатсыз диплом
290
оқылды
Тиісінше  Білім және ғылым министрлігіне  дипломның түпнұсқа екенін тексеру үшін 500-ге жуық ұсыныс түседі екен.  Вице-министр Рүстем Би­ғари мәлімдегендей, расы­мен бұл жұмыс көп уақыт ала­ды. Сол үшін уәкілетті орган арнайы жүйе жасап шығармақ. Ал биыл жоғары оқу орындары дипломды қалай табыстайды? Білім және ғылым вице-ми­нистрі биыл барлық жоғары оқу орны мен колледж түлектері дип­ломды қағаз түрінде емес, электронды форматта алатынын мәлімдеді. Осыған сай нормативті акті қабылданған. Енді дипломның Білім министрлігінде тіркелген-тіркелмегенін онлайн режимде тексеруге болады. Бұл дипломның қағаз нұсқасы болмайды дегенді білдірмейді. Рүстем Биғари қағаз нұсқа сақталатынын, себебі шетелге баратындар сол жақта қағаз түрін тапсыратынын атап өтті.  

Цифрландыру не үшін қажет?

«Дипломын жоғалтып алып­ты», «аттестаты қолды болды» дегенді жиі естиміз. Оның үстіне, жұмысқа қабылданар алдында да түрлі құжатпен қоса диплом көшірмесін өткізесіз. Министрлік 1992 жылдан бастап берілген 2,5 млн дипломды цифрлы форматқа көшірді. Министрлік мәліметіне сүйенсек, 1976-1992 жылдары берілген дипломдар жыл соңына дейін цифрландырылады. Бұл не үшін керек дерсіз? Нәтижесінде, дипломды растауға жұмсалатын уақыт пен ресурс үнемделеді. Жұмыс берушілер жұмысқа орналасуға үміткерлердің біліктілігі туралы шынайы ақпаратпен қамтылады. Бастысы – мемлекеттік үлгідегі жалған дипломдардың айналымы жойылады. Сәйкесінше, түлектер туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету есебінен білім беру сапасы артады. Осыған сай барлық білім беру ұйымына құжаттарды қабылдау автоматты жүйеге көшкен. Диплом мәліметтер базасына енген соң еркін тыныстауға болады. Оның заңды екенін растау үшін нотариусқа барып, ақша төлемейсіз. Жұмыс берушімен араңызда түрлі сұрақ тумайды. Айта кетерлігі, министрлік мәліметтер базасын бәріне бірдей ашып бере алмайды. Әр адам дипломның түпнұсқа немесе жасанды екенін өзі тексере алады. Жұмыс беруші дипломның электронды көшірмесіне Білім және ғылым министрлігі арқылы қол жеткізеді. Әрине, екеуара мәліметтерді таратып жібермеу жөніндегі келісімге қол қойылады. Осы тақырып төңірегінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың академиялық мәселелер депар­таментінің директоры  Шәмен Балтабайұлы өз ойын айтты. «Биыл дипломның бәрі министр­лік дайындаған арнайы бланкі бойынша дайындалды. Жалпы, ортақ нұсқада дайындап жатырмыз. Келесі жылдан бастап әр жоғары оқу орны өз дипломын табыстайтын болады. Қандай форматта бола­тынын айту әлі ерте», – дейді ол. Демек, білім жүйесін тағы бір тың жаңалық күтіп тұр.  

Диплом табыстау салтанаты өте ме?

Бұл сұрақ қазір көпті мазалап жүр. Жоғары оқу орны түлектері мектеп бітірушілер сияқты кештетіп болсын үлкен өмірге «қоңырау» соққысы келеді. Дегенмен соңғы шешімді министрлік қабылдайды. Сол үшін университеттер диплом табыстау салтанатының бірнеше форматын дайындап қойған. Министрлік қандай пәрмен берсе, соны орындауға сақадай сай. Еуразия университеті диплом табыстау рәсімін онлайн режимде өткізуді жоспарлап отыр. Әр  факультеттің онлайн-жиын өткізу мерзімін академиялық күнтізбеге сай дайындаған. «Факультеттер онлайн дип­лом беру салтанатын өткізеді. Университет басшыларын қайта-қайта онлайн байланысқа шақыр­мау үшін ректор мен прорек­торлардың құттықтау сөзі жазба түрінде дайындалды. Типогра­фиялық нұсқада әрбір түлекке құттықтауымыз бар. Мұны дип­лом­мен бірге поштамен жіберуді көз­деп отырмыз. Дипломның денін поштамен жолдаймыз. Түлек Нұр-Сұлтан қаласында тұратын болса, алдын ала ескер­теді. Ол белгіленген күні дека­наттан дипломы мен құ­жатын алып кете алады.  Негізгі құт­тық­тау онлайн режимде өтеді», – дейді ЕҰУ-дың академиялық мәсе­лелер департаментінің дирек­торы  Шәмен Балтабайұлы. Ал Астана медициналық уни­верситетінде арнайы салтанат өтпейді. Түлектер дипломын өздері келіп немесе туысқаны арқылы ала алады. Әрине, санитарлық талапты қатаң сақтауы керек. «Биыл дипломды табыстау кеші өтпейді. Ректор мен декандар арнайы видеоқұттықтау жолдайды. Әлеуметтік желідегі парақшалардан көре аласыздар. Ал дипломға келсек, түлектің өзі немесе туысы (сенімхатпен) университетке келіп, алып кете алады», – дейді Астана медициналық университетіндегі баспасөз орталығының жетекшісі Динара Есенғалиқызы. Бұл сауалды М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетіне де жолдадық. Олар диплом тапсыру рәсімінің бірнеше нұсқасын әзірлеген. Министрліктің арнайы нұсқауын күтіп жүр. «Үш форматта ұйымдастыруды жоспарладық. Әрине, министрлік нұсқауын күтеміз. Біріншісі, оф­лайн форматта өткізу. Диплом алатын түлек санитарлық талапты сақ­тап, университетке келіп, құжа­тын алып кетеді. Екіншісі, әр студентке дипломды пошта арқылы жіберу. Үшіншісі, биыл оқу орнын аяқтаған түлектің дипломын келесі жылғы түлектер кешінде табыстауды қарастырамыз», – дейді КАЗГЮУ университетінің баспасөз хатшысы Назерке Бауыржанқызы. Қазақ ұлттық қыздар педаго­гикалық университеті де бас санитар мен министрліктің шешімін кү­тіп отыр. Университеттің оқу ісі және оқу әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Еркін Нұрсағатқызының айтуынша, 12 маусым күні арнайы жиын өтеді. Алматы әкімдігі, ректорлар мен бас санитар қатысатын жиында осы мәселе талқыға түседі. Егер онлайн форматта өткізу туралы шешім шықса, университет түлектерге барынша қызықты онлайн-шара ұйымдастыруға күш салады.  

 width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ