Олар үшін күнделікті жұмыс болса да...

Олар үшін күнделікті жұмыс болса да...

Кейде бейбіт күнде де  тәуекелге бел байлап,  жедел әрекет етуге мәжбүр болатын кездеріміз аз емес. Бір қызығы, сондай азаматтар  құқық  қорғаушылардың арасында жиі кездесетіні бар. Талай адамды суға батудан, өрттен құтқарған полицейлер,  жауынгерлер жүр арамызда. Жуырда  Алматының 112 жедел желісіне  бір әйел «Көмектесіңдер,  қызымды құтқарыңдаршы, үйім өртеніп жатыр. Онда  қызым қалып қойды. Жемчужная көшесіндегі үй» деп жанұшыра  хабарласады. Жедел қызметтің кезекшісі аталған көшеге жақын жердегі 21 учаскелік  полиция пунктіне хабар береді. Сөйтіп, өрт шыққан жерге полиция қызметкерлері асыға жетеді. Полиция қызметкерлері  келген кезде  10-нан астам адам тұратын үй өртеніп жатыпты. Олардың көбі  өрттен қашып шыққан. Алайда бір әйел  жанып жатқан үйде  қызының қалып қойғанын айтады. Полиция капитаны Асхат Қасымов өрт ошағына өзгелердің жақын­­дамауын қамтамасыз етсе, аға лейтенант Әбілқайыр Шыныбай ойлан­бастан  жанып жатқан үйге қойып кетеді. Әрине, полиция  қызметкері алдын ала көршілермен тілдесіп, қыздың қай тұста қалып қоюы мүмкін екенін сұрастырған болатын. Содан соң ғана үйдің терезесін сындырып,  ішке енген. Сөйтіп,  батыл полицей 14  жастағы Нағима деген қызды құтқарып қалды. Кейін  белгілі болғандай,  жасөспірім  электр шәйнегін қосып қойып, өзі ұйықтап қалыпты. Ал кейін шәйнек өртене бастаған.  Абырой болғанда  үйде тұрған газ баллонын жалын шарпымапты. Әйтпесе,  жарылыс болуы әбден мүмкін еді. Ал мұндай жағдайда өрттің салдарының қандай боларын болжау да қиын. Сондықтан тұрғындар  полиция қызметкерлерінің әрекетін ерлікке балап отыр. Полицейлер құтқарғна қыздың анасы Гюзаль Хасиятова  капитан  Асхат Қасымов пен аға лейтенант Әбілқайыр Шыныбайға айрықша  ризашылығын білдірді. Ал полиция қызметкерлері болса  өздерінің ерлігін күнделікті жұмыстарына балайды. «Бұл менің жұмысым ғой» деген еді Ә.Шыныбай сол оқиғадан кейін. Бәлкім,  шынымен де азамат­тарды құтқару, оларды қорғау полиция  қызметкерлерінің  жұмысы шығар, бірақ  бұқара үшін олардың мұндай «жұмысы» ерлікпен пара-пар.  

Диас ҚҰЛМҰХАМЕТОВ, блогер