Еуразия ұлттық университеті 1 002 үздік шетелдік университеттердің ішінде 357-орынға ие болды. Сонымен қатар ЕҰУ алғаш рет әлемдегі жоғары оқу орындарының үздік 30%-на кірді. Саралау 6 критерий бойынша жүргізілді: академиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы беделі, дәйексөздер, білім алушылардың профессор-оқытушылар құрамына арақатынасы, шетелдік оқытушылардың саны және шетелдік білім алушылардың саны. Танымалдығын арттыру және халықаралық имиджін нығайту үшін Еуразия ұлттық университеті академиялық беделді дамыту саласында ең жоғары нәтиже көрсетті. Ғылыми нәтижеліліктің маңызды көрсеткіші – жарияланымдардың дәйексөз деңгейі. Соңғы 5 жылда біздің университет ғалымдарының бір мақаласының орташа дәйегі – 3,05. Бұл көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен 2,5 есе артық. Еуразия ұлттық университетінің ғалымы, Top Springer Author сыйлығының иесі, профессор Рәтбай Мырзақұлов Қазақстан бойынша бір автордың бір жылда импакт-факторы бар журналдарда жарияланған мақалалар саны бойынша абсолюттік рекорд иесі екенін айтып өткен жөн. Университеттік екі ғылыми басылым Scopus халықаралық деректер базасына кіреді. Бұл – елдегі және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орнының ғылыми тартымдылығының тікелей көрсеткіші. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жас ғылыми өскіні де отандық академиялық қоғамдастық ішінде аса танымал. Өйткені білім ордасының Жас ғалымдар Кеңесі республикалық байқаудың қорытындысы бойынша «Ең үздік жас ғалымдар Кеңесі» атанды. Университеттің осы және басқа да жетістіктері Қазақстанның жоғары оқу орындарының ұлттық сұранысқа ие рейтингісінде оң бағаланып, осындай үлкен жеңіс әкелуге өз септігін тигізді.
А.СҰЛТАН