Тоқаевтың 1 жылы: тарихи сындар толқыны

Тоқаевтың 1 жылы: тарихи сындар толқыны

Ұлан-байтақ Ұлы даладағы билік тізгінін қолға алған тұлғаны өмір небір сынаққа салады. Ол сонда не құрыштай шынығады, не шыдамай морт сынады. Мұны сақ, ғұн, көк түрік бабаларымыз, бертіндегі Қазақ хандығының тарихы куәландырады. Елбасы жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің іргесін күрделі шақта қалап, қалыптастырды. Енді халық сайлаған жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сансыз сыннан өтіп келеді. Тура бір жыл бұрын, 2019 жылғы 12 маусымда елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаңа сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Осы күннен бастап, ол Мемлекет басшысы қызметіне ресми кірісті. Бұл елдегі билік транзитін түйіндеген тарихи меже болатын. Содан бергі бір жыл ішінде халқымыз елдестіруші дипломат әрі заң шығарушы депутат Тоқаевты жаңа қырларынан таныды. Оның табанды саясаткер, батыл реформатор, білікті дағдарыс менеджері, ел үніне құлақ түре білетін мемлекеттік қайраткер қабілеттеріне қанықты. https://www.facebook.com/askar.kumyran/posts/3026480674107532

Осы 1 жыл ішінде елді дүрліктірген, әлемді жалт қаратқан қаншама дүрбелең, тосын оқиға ауыр сынаққа айналды.

1) Арыстағы жарылыс;

2) Қордайдағы этностық сипаты бар ірі жанжал;

3) Теңіз кен орнындағы жұмысшылардың жаппай бас көтеруі және мигранттарға қатысты ұлттық саясаттың өзгеруі;

4) Көп балалы аналардың наразылық шеруі және атаулы әлеуметтік көмектің қайта құрылуы;

5) Bek Air ұшағының құлауы және азаматық авиация саласындағы күйзеліс;

6) жаһандық коронавирус пандемиясы;

7) Өзбекстанның ірі су қоймасындағы бөгеннің бұзылуы және Мақтаарал ауданы ауылдарының тасқын астында қалуы.

8) Қазақстандағы ауыс-түйісті пайдаланып, Мәскеудің Еуразиялық одаққа қатысты тұжырымдаманы қайта түзуге тырысуы.

Егер ел басына түскен барлық сынақты тізе берсе, тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады.   Арыстағы жарылыс 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймада өрт шығып, сонда Кеңес кезінен бері жиналған миналар мен снарядтар жарыла бастады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бірінші ірі сын-тегеурінге айналды. Ресми дерек бойынша үш адам қаза тапты, 165 адам медициналық жәрдемге жүгінді. Тұтас шаһар жұрты эвакуацияланды. Қаладағы үйлердің 85 пайызына нұқсан келген, біразы қирап, жанып кетті. Қ.Тоқаев үкіметтік комиссияны жіберумен шектеле салмай, елордадан өзі ұшып шығып, эвакуациялық пунктке барды. Елмен бірге екенін көрсетті. Қауіпті аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру барысымен танысты, жұртшылықпен тілдесіп, жағдайын білді, көңілдеріне демеу білдірді. Президент жеке мән бергесін, назарға алғасын, бейбіт күнде бомбаланған Арыс кезегін күткен ірі проблемаларының біріне айналмады. Бір айдай уақыт ішінде бүкіл қазақстандықтың қолдауымен оның орнында жаңа қала бой түзді. Арысты қалпына келтіруге 56,1 миллиард теңге жұмсалды. 8 мыңға жуық тұрғын үй қайта салынды, күрделі жөнделді. Тіпті бизнес нысанына нұқсан келген кәсіпкерлер де миллиондап ақша алып, кәсібін қайта жолға қойды. Қазіргі кезде Арысты кеңестік мыңдаған тонна жарылғыш құрылғылардың бәрінен тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.   Теңіздегі кикілжің 2019 жылғы 29 маусымда Теңіз кен орнында жергілікті және келімсек жұмысшылар арасында төбелес болды. Үшінші буындағы зауыт құрылысы алаңында қазақстандық жұмыскерлер Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore мердігер кәсіпорынның шетелдік қызметкерлерін аяусыз соққыға жықты. Тәртіпсіздіктің басталуына әлгі компания менеджерлерінің бірі, ливандық Эли Даудтың қазақ қызына рация антеннасын шошайтқан күйде бейнеленген фотосы себепкер болды. Жергілікті тұрғындар мұның намысқа тиетінін, ұлттық болмысымызды қорлайтынын алға тартты. Ал шынында, қақтығыстың түп-төркіні бұрыннан қордаланған түйткіл – отандық және жатжұрттық жұмысшылар арасындағы еңбек жағдайларының және жалақының әртүрлі болуы еді. Төбелес барысында қырық шақты адам жарақат алды. Наразылық білдіруге 15 мыңдай адам шыққан. Төмпештеу астында қалған өз азаматтарына ара түскен Иордания, Ливан және Палестина елшілері жағдайды талқылау үшін Атырау облысы әкімімен кездесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған реакциясы қатаң болды. Жауапты министрлерді шақырып алып, кеңес өткізген Мемлекет басшысы бірдей қызмет атқаратын жұмысшылардың жалақысы әртүрлі болуына жол бермеу керегін нықтады. Қажет болса, бұл үшін шетелдік инвесторлармен арадағы контрактілерді қайта қарап, мәселені күн тәртібінен алып тастауды тапсырды. «Ұлттық мүддені қолдау – барлық меморганның басымдығы! Қазақстандық мамандардың лайықты біліктілікке қол жеткізуіне баса көңіл бөлу керек», – деді Қ.Тоқаев. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Президент Үкіметке 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны айтарлықтай, 40%-ға кемітуді жүктеді. 2019 жыл соңында шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 95 компанияға тексеру жүргізіліп, 930 заң бұзушылық анықталды. Осыдан кейін елде шетелдік мигранттармен келісімшарттарды бұзу науқаны басталды. Барлық дерлік салада көптеген экспат отандық мамандармен ауыстырылды. Үкімет шетелдік жұмыс күшін шақыруға берілген квотаны 2019 жылғы 48 мың 700 адамнан биыл 29 мың 292 адамға дейін азайтты. Бұл жергілікті жұмыс күшінің 0,32%-ына тең. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 4-санат бойынша шетелдік жұмыскерлерді шақырудан толықтай бас тартты. Олар жұмыс берушілердің қажеттілігін тек жергілікті мамандар есебінен жабатын болады.   Қордай жанжалы 2020 жылғы ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай бейберекетсіздіктер орын алды. Төбелес кезінде 11 адам қаза тапты. 140 тұрғын және 20 полицей жараланды. 164 үй және сауда нысаны, сондай-ақ жүзден аса көлік не қиратылған, не өртелген. Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасаған Қ.Тоқаев бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтауға шақырды: «Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын», – деді Мемлекет басшысы. Кейін ол ұлтымыздың өзін айыптауға көшкен блогерлер сөзінің жаңсақтығын ескертіп, «қазақ халқы жалқау, еріншек, қолынан ештеңе келмейді» деген негізсіз әңгімелерді доғаруды талап етті. Оқиға орнына суыт аттанған Үкіметтік комиссия біраз мәселенің басын ашты. Оның мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл дүнгендер арасындағы діни тәрбиеге, олардың қазақстандық қоғамнан оқшаулануына, әскерден қашатынына қатысты мәселелерді әшкере етті. Кейін Қордай ауданына барған зерттеу тобы да бұл мәселелерді растады: зерттеудің қорытынды есебінде айтылғандай, Қазақстанда этникалық топтардың жабық қауымдарға айналып кетуі; қазақ жеріндегі ресурстарды монополияландырып алғаны; жинақы орналасқан әрі оқшауланған этникалық қауымдарға Қытай, Ресей, Қырғызстан секілді көрші мемлекеттердің ықпалының жоғары екені; этностарды қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеудегі олқылықтар проблемаға айналғаны ашық айтылды. Қақтығыстың басталуына түрткі болғандар, яғни 76 жасар ақсақалды соққыға жыққандар жазасын алды: Эрсман Юнхудың 2,5 жылға бостандығы шектелді, оның ұлы Марат Юнху екі жарым жылға абақтыға қамалды. Жаппай төбелеске қатысқан 59 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Сот әзірге болған жоқ. 29 қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі кезде Қордай ауданында 109 тұрғын үй және сауда нысаны қалпына келтірілді. Сарапшылар жаңа Президентті этностардың оқшаулануына және қазақстандық қоғамға кірікпеуіне тоспа құру, этносаралық татулықты нығайту секілді мәселелерді шешу міндеті күтіп тұр деген байлам айтады. Әрине, бұл бір жылда түйіні тарқай салатын проблема емес.   Коронавируске қарсы күрес COVID-19 көптеген державалардың өзіне ауыр сын. АҚШ-та осы вирусты 2 миллионнан астам жұқтырып, оның 116 мыңнан көбі жантәсілім етті. Көрші Ресейде бүгінде коронавирустық инфекцияға шалдыққандар саны жарты миллиондық межеден асып, 502 мыңға жетті. Оның 6,5 мыңнан астамы дүние салған. Өзге державалардың жағдайы да мәз емес. Тіпті халқының саны Қазақстаннан екі есе аз Беларусьте COVID-19 құрсауына іліккендер саны 52 мыңға жуықтады. Оның 293-і өмірден өтті. Қазақстанның пандемиямен күрес шараларын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоғары бағалады. Мемлекет дер кезінде төтенше жағдай жариялап, карантин шараларын енгізді. ТЖ 16 наурыздан 11 мамырға дейін созылды. Жаһандық індеттің бастапқы ошағы саналатын Қытайдың дәл іргесіндегі қазақ елінде бұл кесел бой бермей кетеді деп болжам құрғандар болды. Әрине, күрес әзірше аяқталған жоқ және адамзаттың қашан жеңіске жетері де беймәлім. Дегенмен, ДДСҰ байламынша, вирустың елді жаппай қамтуына жол бермеу ісі қазақстандық биліктің қолынан келуде. Ел Президенті батыл қимылдауы арқасында бұл сын-қатерді еңсеру үшін қажетті шараларды түзе білді. Шамамен 3 миллионнан астам қазақстандық 42 500 теңге әлеуметтік төлем алды. Nur Otan партиясы қолдауымен аз қамтылған отбасылар тегін азық-түлікпен қамтылды, 50 мың теңге ақшалай жәрдем жасалды. 15 мың теңге көлемінде коммуналдық төлемін мемлекет төлеп берді. Қазақстандықтардың және компаниялардың кредит бойынша қарызды төлеуі кейінге қалдырылды. Кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев – әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушысы. Сондықтан қазақстандықтар ел Президентінің ой-пікірін, ұсыныстары мен тапсырмаларын ғаламтор арқылы да жедел біліп отыру мүмкіндігіне ие. Өзін сарабдал, белсенді әрі батыл билеуші ретінде таныта алған Тоқаевтың президенттігі тұсында еліміз талай ірі әрі бетбұрысты оқиғаға куә болары сөзсіз.

Айхан ШӘРІП