Ресми: Еркебұлан Сейдахмет «Қайрат» сапына ауысты (видео)
Ресми: Еркебұлан Сейдахмет «Қайрат» сапына ауысты (видео)

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет Алматының «Қайрат» командасы сапына ресми түрде ауысты. Бұл туралы ресейлік «Уфа» және алматылық клуб мәлімдеді.

«Уфа» сапында ол 2018 жылдың ақпан айынан бастап ойнап, төрт ресми кездесуде алаңға шықты. Ал алматылық клубпен келісімшарты үш жылға жасалған. Одан кейін тағы екі маусымға созуы мүмкін. Командада ол 10 нөмірмен ойнайды.

«Қайратқа» ауысқаным үшін қуаныштымын. Бұл менің бала кезден бергі арманым. «Қайратпен» бірге биік белестерге жеткім келеді. Ол үшін көп жұмыс істеймін және үлкен ойыншылардың біріне айналамын деп үміттенемін. Мұнда менің ағаларым, достарым ойнайды» дейді Еркебұлан.

Еске салсақ, «Уфа» Еркебұланды биыл болгариялық «Левскиге» жалға берген. Алайда шабуылшы ол жақта да көп матчта жарақатына байланысты алаңға шыққан жоқ. Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Александр Кузнецов оның «Қайратқа» ауысуын дұрыс шешім деп есептейді.

«Қазіргі жағдайда бұл оңды шешім. «Қайратта» керемет жағдай жасалған. Ол жақта дамуға болады. Ал «Уфа» мен «Левскиде» ондай инфрақұрылым енді-енді ғана қолға алынып жатыр. Қазір алматылық клубтағы Сұлтанов, Әлім, Оразов, Шверев секілді ойыншылар командада маңызды рөлге ие. Ол жақтағы лидерлер Исламхан мен Қуат та Еркебұланды жақсы таниды. Олар құрамада бірге ойнап жүр. Сондықтан командаластарымен түсінісу аса қиынға соқпаса керек. Қазіргі міндеті – қажетті кондицияға ие болып, ойын ритміне ену. Ол команданың шабуылына міндетті түрде креатив әкеледі» дейді бапкер.