Уругвай құрамасының бапкері әлем футболының тарихына кірді
Уругвай құрамасының бапкері әлем футболының тарихына кірді

Футболдан Уругвай құрамасының бас бапкері Оскар Табарес әлем футболының тарихына енді. Ол құрама тізгінін ұстағаннан бері 200 кездесу өткізген алғашқы бапкер.

Мерейлі матч (200-кездесу) Америка кубогындағы топтық кезеңде Чили құрамасына қарсы кездесу болды. Бұл кездесуде Уругвай 1:0 есебімен жеңіп, плей-оффқа бірінші орынмен шықты. 72 жастағы маман құраманы 2006 жылдан бері баптап келе жатыр. Сондай-ақ ол 1988-1990 жылдар аралығында да бас командада жұмыс істеген. Ол баптаған 200 кездесуде құрама 99 рет жеңіске жетіп, 48 рет тең түсіп, 53 мәрте жеңілген. 2010 жылы оның басшылығымен құрама әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетті, ал келесі жылы Америка кубогын жеңіп алды.

Сонымен қатар Табарес уругвайлық «Белья Виста», «Данубио», «Пеньяроль», колумбиялық «Депортиво Кали», аргентиналық «Бока Хуниорс», «Велес Сарсфилд», италиялық «Милан», «Кальяри» командаларын жаттықтырған.