Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі – қазақтың қолайына жағатын іс еді. Біріншіден, халқы 33,7 миллионнан асқан іргедегі ірі нарық отандық өндірушілер үшін қолжетімді бола түспек. Екіншіден, түркітілдес халықтар топтасса, одақта Орталық Азияның үні басымырақ естілер ме еді, кім білсін?! Мысалы, тәжіктер «егер Өзбекстан ЕАЭО-ға кірсе, ізін ала біз де мүше боламыз» деді. Үшіншіден, онда еуразиялық идея қайта түлеп, тұтынушылары 200 миллионнан асатын одақ әлемде тартымды әрі маңызды ойыншыға айналары кәдік.
Бірақ Өзбекстан Еуразиялық одаққа мүше болудан ақыры бас тартты.
2019 жылғы 2 қазанда Ташкентке ресми сапармен барған Ресей Федерация кеңесінің, яғни сенатының төрағасы Валентина Матвиенко: «Өзбекстанның ЕАЭО-ға қосылуы мәселесі пысықталып жатыр», – деп тосын мәлімдеме жасады. Бұл хабар тек оңтүстік көршіде ғана емес, бүкіл одақ аясында қоғамдық пікірде дүмпу туғызды, жұртты екіге жарды. Әлеуметтік желілер қауесет және қайшы пікірлерден кернеп, гулеп кетті. Кейбір сарапшылар өзбектердің Еуразиялық экономикалық одаққа енуі шешілген мәселе екенін, бұл тарихи оқиға 2020 жылғы ақпанда болатынын аңдатып қойды.
Осыдан кейін Батыстан биік лауазымды тұлғалар өзбек ағайындарды бұл ойынан айнытуға, райынан қайтаруға кірісті. Вашингтонда Америка–Өзбекстан сауда палатасының жиынын өткізген және оған өзі қатысқан Құрама Штаттардың сауда министрі Уилбур Росс «Өзбекстанның ЕАЭО-ға қосылуы оның ДСҰ-ға кіру процесін күрделендіріп жіберетінін» болжады.
«АҚШ пен Өзбекстан қарым-қатынастары өте табысты дамып келеді. Бір жыл ішінде тауар айналымы екі есе, яғни 2017 жылғы 136 миллион доллардан 2018 жылы 300 миллион долларға дейін артты. Өзбекстанның Орталық Азиядағы жетекші экспорттық бағытқа айналуға үлкен мүмкіндігі бар», – деді АҚШ сауда министрі.
Өз кезегінде Ресей саясаткерлері мен медиа құралдары одаққа кіруден Өзбекстанның тек ұтатынын дәлелдеуге күш салды.
Алайда осынау бос дүрлігіске өзбек президенті Шавкат Мирзиёев нүкте қойып отыр. Сенаттың осы аптадағы отырысына қатысқан ол Өзбекстанның ЕАЭО-ға мүше болу ниеті жоғын, әрі кетсе бақылаушы мәртебесімен шектелетінін жариялады.
– Интеграция туралы бірауыз сөз. Көптеген азаматымыз шетелде, Қазақстан мен Ресейде жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Олардың тағдырына бейжай қарай алмаймыз. Бірақ бір мәселеде сенім бекем болсын: біз ешқашан ешкімге тәуелсіздігімізді бермейміз. Тәуелсіздік туы халық сенім білдірген президенттің берік қолында. Өзбекстан бұл одақтың мүшесі болмайды! – деді Шавкат Миромонұлы.
Кезінде Ислам Кәрімов «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегенге саятын «ұстамды изоляционизм» саясатын ұстанды. Мұндай даму моделі аз қамтылғандарды қолдауға, жергілікті өндіруші мен ішкі нарықты қорғауға, мың құбылған жаһандық саяси және экономикалық ахуал-конъюнктураға тәуелді болмауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге оқшаулану стратегиясының дамуды шектейтін салмақты кедергілері де болды. Сондықтан өзбектің жаңа лидері экономикалық ұйымнан теріс айналмайды, ынтымақтасудың ұтымды форматтарын іздейді.
«Бақылап, қандай теріс және оң тұстары барын білеміз. Санкт-Петерборда Владимир Путинмен біраз мәселе бойынша уағдаластық. Мен не істесем де, ұлттық мүддені әрдайым алға қоятыныма сенімді болыңыздар», – деді депутаттарға президент Ш.Мирзиёев.
«Сырт көз – сыншы» деген, өзбектер ұзақ уақыт бойы қазақ елінің Еуразиялық одақтағы қиналысы мен көрген қиянаттарын бақылап келеді. Мысалы, Қазақстанның Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында еліміздің ЕАЭО мемлекеттерімен сауда-саттығы небәрі 14,8 млрд долларды құрады. Бұл 2018 жылғы ұқсас кезеңдегіден 1,2% кем. Біздің одаққа сата алған экспортымыз бар-жоғы 4,4 млрд доллардың тауары болды, яғни бір жыл ішінде 2,8%-ға азайды. Салыстыру үшін айтсақ, қияндағы Италияға Қазақстан 10 миллиард доллардың өнімін сатады.
2019 жылғы қарашада Қазақстан Ресейдің өз аумағы арқылы Украинаға және өзге елдерге көмір жеткізілімдерін шектеуі кесірінен ай сайын 11 млн доллар табыстан қағылғанына шағымданды. Таяуда Беларусь президенті Александр Лукашенко қазақ мұнайын сатып алайын десе, оны өзіне бәсекелес тудырмау үшін Ресейдің өткізбей отырғанын мәлім етті. Мұның барлығы өзбектерді еш ынталандырмасы анық.
Мәскеу егер Өзбекстан ЕАЭО-ға мүше болса, жұмыс күшінің еркін қозғалысына ие болатынын алға тартады. Бұл тақырып өзбек үшін өзекті: 2 миллионнан астам азаматы Қазақстан мен Ресейде нәпақа тауып жүр. Бұл елде бойында бұла күші бұлқынған жас жігіттер саны жыл сайын еселене көбеюде, олардың одақтың жұмыс күші нарығына шығуының жеңілдеуі Ташкентке түсер жүктемені азайтар еді.
– Еуразиялық одаққа кірудің басты дәйектемесі ретінде еңбек көші-қоны мәселесін басшылыққа алу орынсыз. Өйткені бұл проблема онсыз да екіжақты деңгейде, мемлекетаралық келісімдер негізінде табысты шешілуде. Жалпы, мигранттар әлеуметтік шиеленіс туғызып, халық наразылығы мен ұлтшылдықты өршітетін жағымсыз коннотация ретінде қабылданады. Демек, ЕАЭО тағдырын мигранттар шешпеуі керек, – дейді белгілі саясаттанушы, Өзбекстанның «Білім керуені» мемлекеттік емес ғылыми мекемесінің директоры Фарход Толипов.
ЕАЭО төмен тарифі, либералды сауда режимі болған Қазақстан, Қырғызстан және Арменияны кедендік баж салығын көтеруге мәжбүр етті. Бұл одақтан тыс елдерден келетін тауарларды қымбаттатты. Ал оңтүстік көршіге қонаққа барған қазақстандықтар оларда тауарлардың арзандығына тамсанады.
«Әу баста уағдаласып, уәде етілгенімен, Еуразиялық одақ өзіне мүше мемлекеттер арасындағы инвестиция мен капиталдың артуына елеулі серпін бермеді. ЕАЭО-ға кірсе, Өзбекстан төл сауда саясатын бақылаудан айырылып қалады. Бүгінде осы елдің жаңа басшылығы өз бетінше сауда режимін ырықсыздандыруда. Ал одақта олай жасай алмайды, ережелері тыйым салады. Өзбекстан болса, ары қарай әлемге ашыла бермек», – дейді экономист Сэм Бутия.
Әйтсе де, сарапшылар өзбек елінің Еуразиялық одақпен ат-құйрық кесісіп, қатынас үзе алмайтынына да назар аудартады. Қазіргі кезде Өзбекстанның сыртқы сауда айналымының 70%-ы – ЕАЭО елдеріне тиесілі. Қазақстан да, Беларусь те одаққа дәл осынша тәуелді емес. Олай болса, ынтымақтастық бәрібір өркен жаяры сөзсіз.