Осылайша, «Nur Otan» өзінің елдегі және халықаралық аренадағы жаңашылдыққа ұмтылған, заманның ағысын сезіне алатын саяси ұйым екенін тағы бір рет дәлелдеді. Негізінен, бұл шешім аяқастынан туындамағанын елдегі саяси жаңалықтардан хабары бар отандастарымыз жақсы біледі. Праймериз дегеніміз – барлығына тең мүмкіндік. Яғни, еліне, жеріне жаны ашитын, күш-қуаты мен білімін, ақыл-парасаты мен тәжірибесін ел мүддесі үшін паш етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосамын деушілерге айқын жол болмақ. Бұған дейін де «Nur Otan» партиясы тарапынан жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсынылған кандидаттар алдымен партияішілік праймеризден өтіп келген болатын. Бұл жолғы праймериз сайлаулары сол баяғы тәжірибені жетілдіріп, нағыз көшбасшыларды анықтау, тұрғылықты жерлердегі көкейкесті мәселелерді шешу жолдарын кең көлемді талқылауға салғанымен өзгеше. Жаңа бастаманың тағы бір көңіл көншітетін тұсы, бұрын партия қатарында болмаған азаматтардың да партия атынан түрлі сайланбалы органдарға ұсыныла алатынында. Бұл партия қатарындағы мүшелер санын арттырып қана қоймай, жаңа есімдердің, жаңа белсенділердің тәрбиеленуіне де себеп болмақ. Партия тарапынан ұсынылатын тізімде әйелдер мен жастар қауымына және жергілікті өзгешеліктерді ескере отырып, белгілі бір топтардың өкілдеріне басымдық берілуі көзделуде. Бұл өз кезегінде қоғамымыздағы өзекті мәселелерді анықтап, тиісті деңгейде мәселе көтеруге мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, праймериз арқылы үміткерлерді анықтау үрдісі өте тиімді әрі дер кезінде қабылданған шара. Алдағы уақытта өз жемісін береріне сенімім мол.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі