Жала жабу енді қылмыс емес
Жала жабу енді қылмыс емес
Сенат тиісті түзетулер енгізілген заңды екі оқылымда қабылдады. Сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізу және қылмыстық заңнаманы же­тілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды. Мәжіліс де­путаты Асылбек Смағұлов заң жобасында Қылмыстық кодекске бірқатар түзету қосылатынын атап өтті. Ол түзетулер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жала жабу» бабын қылмыстық сипаттан арылту керек деген тапсырмасын орындауға бағытталған. – Осыған орай, депутаттар жала жабуды Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекске ауыстыруға бастама көтерді. Бұл халықаралық тәжірибеге, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбұл іс-қимыл жоспарының ұсынысына сай, – деді халық қалаулысы. Сондай-ақ әлеуметтік, ұлт­тық, рулық, нәсілдік, тектік, топтық немесе діни араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тартуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 174-бабы да біршама өзгерді. Атап айтқанда, «қоздыру» сөзінің орнына «тұтату» сөзі қолданылатын болды. Бұдан былай 174-бап бойынша заң бұзғандар айыппұл төлейді. Сонымен қатар заң жобасын­да азаматтардың шетелге бару жөніндегі конституциялық құқы­ғын қорғау мәселесі қозғалған. Мәжілісмендер елден шығуға уақытша шектеу қою мерзімін, тәртібі мен негіздерін, оның күшін жоюды қайта қарауды ұсынып отыр. Өндіріп алынған, жеке сот орындаушысының ағымдағы шотында уақытша жатқан ақ­шаны қорғауға бағытталған нормалар енгізілді. Асылбек Смағұловтың пікі­рін­ше, қазір осындай шот­тар­ды бұғаттау салдарынан бала­лар алиментсіз, үлкендер жала­қысыз, мертіккен адамдар жәр­демақысыз қалатын жағдай­лар кездеседі екен. Бұл өз кезе­гінде, жұрттың наразылығын туғызуы мүмкін.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ