Аталған қаулыға сәйкес, Үкімет, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері Сенат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.
Айта кетейік, Сенат Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және ел астанасынан 2 адам өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады.
Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге Орталық сайлау комиссиясы басшылық етеді. Тиісті аумақтық сайлау комиссиялары Парламент депутаттарының сайлауын өңірлерде дайындауды және өткізуді қамтамасыз етеді. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы Президент қаулысы жарияланған күні, яғни кеше Сенат депутаттарының сайлауына байланысты онлайн режимде отырыс өткізді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің айтуынша, осы жылдың қазан айында Сенатқа 2014 жылы сайланған 17 депутаттың өкілеттік мерзімі аяқталады. Осылайша, 12 тамызда Парламенттің жоғарғы палатасына 17 өңірден бір-бір депутаттан сайлануы қажет.
«Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар – мәслихат депутаттары сайлайды. Оларды (мәслихат депутаттарын – авт.) өз кезегінде республика азаматтары сайлады. Осылайша, ел азаматтары өз өкілдері арқылы Сенатты қалыптастыруға қатысады», – деді ОСК төрағасы өз сөзінде.
Онлайн режимде өткен бұл отырыста Сенат депутаттарын сайлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес, Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен жиырма күн бұрын, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18.00-ден кейін басталады және дауыс беру күнінің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша 11 тамызда сағат 00.00-де аяқталады.
Орталық сайлау комиссиясы 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі мерзімде, яғни 2020 жылғы 14 қазанға дейін Сенаттың жаңадан сайланған депутаттарын тіркейді.
Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 6 жылды құрайды. Сенаттың 15 депутатын Қазақстан Президенті тағайындайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 1998 жылғы қазанға дейін 4 жыл болса, 1998 жылғы қазаннан бастап 6 жылға ұзартылды.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен, яғни 13 маусымнан басталады және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 2020 жылғы 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады. Отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам Сенат депутаты бола алады. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарды сайлауға және олардың сайлануға құқы жоқ. Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат бола алмайды», – деді ол.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сайлау комиссиялары сайлау процесінің заңдылығы мен жариялығын қамтамасыз етумен қатар, сайлауды барлық қатысушылардың денсаулығы үшін қауіпсіз жағдайда өткізуге басымдық береді.
Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру бiр күннiң iшiнде өткiзiледi. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиясы анықтайды. Сенат депутаттарын сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған пункттердi аша бастауы тиiс. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады. Дауыстарды санау әрбiр кандидат, әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуы тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады. Сенат депутаттарын сайлау таңдаушылардың бiрлескен отырысында жүргiзiледi. Егер бiрлескен отырысқа тиiсiнше облыстың барлық мәслихатынан, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының мәслихатынан өкiл болатын сайланған депутаттар санының елу проценттен астамы қатысса, ол заңды болады. Егер Сенат депутатын сайлау жөнiндегi отырыста болған таңдаушылардың елу процентiнен астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлген болып есептеледi. Таңдаушылардың бiрлескен отырысына тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен республика астанасы) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қатысады. Бiрлескен отырыс тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының төрағасы Сенат депутатын сайлау жөнiндегi дауыс беру нәтижелерiн жариялағаннан кейiн жабылады.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы карантин және қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында онлайн режимінде жұмыс істейтін болды.
Айдана БЕГІМ