Интернетте белсеніп жүретіндер 14 маусымды мереке ретінде белгілеп алған-ды. Ал Қазақстанда «блогер» деп дәріптеп жүргеніміздің көбі шынында блогер емес. Олар – «әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылар» ғана. Блогер болу үшін байбалам салып, жұрттан ерек шуылдау аздық етеді. Дамыған елдерде қабылданған стандарт бойынша блогер де журналист қатарлы байыпты зерттеу жүргізуі, терең талдау жасауы, құзырлы органдарды сөйлетіп, тың фактілерді табуы шарт.
Блоггинг «қазасы»
ХХІ ғасырдың басында Қазақстанда талғамы жоғары, танымы жан-жақты, ұстанымы берік нағыз блогерлер қозғалысы өркен жая бастады. Олар өз ойларын Kerekinfo, Aitaber, Yvision, Blogging, Samizdat, өзге де блог-платформаларда тұрақты жазып тұрды. Бұдан бөлек, Ерлан Асқарбеков, Аян Нұрмағанбетов, Бақытжан Молдатаев, Нұрлан Исин, Артем Игликов, Асқар Исабеков, Рүстем Мұсабеков, Александр Смирнов, Александр Ляхов, Ольга Цепилова секілді блогерлер жеке блогын жүргізді. Компьютер мен смартфон арасындағы тың буынға айналған планшеттер сияқты, блогерлік – публицистика мен зерттеу журналистикасы аралығындағы маңызды жаңа буын ретінде дамуға ден қойды. Алайда тез-ақ күйзеліске ұшырады. Блог-тұғырлардың көбінің жұмысы доғарылды. ЖЖ секілді тұғырнамалар жеке күнделікке айналып кетті. Мысалы, 2020 жылғы 7 мамырда Kerekinfo.kz блог-платформасы жұмысы аяқталғанын жариялады. «17 жылдық КерекИнфо серуенінің соңына жеткен сияқтымыз. 2003 жылы форум ретінде бастадық. Кейін заманауи блог-платформа форматына өтіп, екінші деміміз ашылды. Осы уақыт аралығында үлкен бір нетуорк жасалды, жаңа таныстық, достық, тіпті серік тауып үйленгендер болды. Қазақ интернетінде төл стилімізді қалыптастырдық, пост пен пікір жазу мәдениетін үйрендік, түрлі іс-шаралар өткіздік. Оффлайнда түрлі кездесулер өткіздік, Блог-Құрылтай, Интернет форум сияқты іс-шаралардың өтуіне мұрындық болдық», – дейді оның «админі», яғни әкімшісі Аршат Ораз. Оның байламынша, бүгінде блоггинг өлді. «Әлеуметтік желі қарқын ала бастаған кезде блоггинг белсенділігі де бәсеңдеп сала берді. Ал соңғы 4-5 жылда тіпті басылды. Блоггинг бітті бізде! Блогосфера қалмады. Блогер деп енді басқа адамдар аталып жүр. КерекИнфо да блоггингтен гөрі жаңалықтар сайтына ұқсап кеткенін өкіне мойындаймын. Жаңалықтар мен есеп-посттар сайтына айналды. Сондықтан осы жерден тоқтағанымыз жөн деп шештім. Бұдан әрі өзімді де, өзгені де былғамасын! КерекИнфо блоггинг мұрағаты ретінде қала береді. Тек жаңа жазбалар жазылмайтын болады», – деді А.Ораз.Ақырзаман айғайшысы ма?
Қынжылтатыны сол, бұл – бүкіл әлемді жайлаған жаман көрініс. Енді әлеуметтік желіде өзін «блогер» атайтындар ақша табу жолына түсті. Демек, сол жолда кез келген нәрсені жасайды. Бір топ отандық блогердің алаяқ ломбардтарды жарнамалауы, спайс тұтынуды насихаттауы, жалған конкурстар өткізуі – соның айғағы. Блогерлер биыл «мұны ешкім жасамаған!» деген ұранмен қоғамдық орындарда унитазды жалау секілді жүрек айнытар «жаңа челленджді» іске қосып, ғаламторда бейнеайғақтарын таратты. Карантин кезінде іші пысып, тыр жалаңаш шешінуге кірісті. Тіпті, сырт көзден жасырын жүруі тиіс төсек ләззаты секілді нәзік те жұмбақ дүниені бұлдыратып болса да, көрермендеріне тікелей эфирде көрсетуге көшті. Бірақ бұл алып мұзтау-айсбергтің ұшы ғана. Бірқатар белгілі блогерлер мемлекеттік орган, ұлттық компания басшыларына, әкімдерге, жеке бизнесмендер мен компанияларға доқ көрсетіп, ісіне зиян келтіруге уәде етіп, ақша талап етуді заңсыз баю көзіне айналдыруда. Ондай құбылыс белең алғаны құпия емес. Өйткені бүгінде блогерлер табысының басты өлшемі – оқырманды, көрерменді ойға қалдырар терең пікір айту, өткір мәселе көтеру емес, көп жазылушы жинап, тез баю ғана. «Маған мынадай кісі қымбат көлік сыйлады», «құрылыс компаниясы су-тегінге бес бөлмелі пәтер сатты», «мен мына дүкенде тегін киінемін», «мына мейрамхана менен ақы сұрамайды» секілді мақтаныш жазбалар блогердің танымалдығы мен жетістігінің өлшемі саналады.Шенеунік те блогер болуға ынтық
Блогерлердің оңай пайда табатыны кейбір шенеуніктердің де көкейін тескен мәселе болса керек: мемлекеттік қызметшілер арасында блогер болғысы келетіндер көп. Олар атынан таяуда М.Ахметолдин деген азамат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа өтініш жолдапты. Ол шенділерге блогерлікпен шұғылдануға рұқсат етуді ұсынды. Неге ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне емес, антикоррупциялық агенттікке жүгініп отыр? Себебі коррупциямен күрес аясында, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес, мемқызметшілерге және мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғаларға ақысы төленетін өзге қызметпен айналысуға тыйым салынған. Оларға өз лауазымды қызметі сыртында тек педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен айналысуына ғана жол ашық. Осыған байланысты кейбір ғылыми атағы бар шенділер университет-академияда дәріс оқиды. Бұл ретте шығармашылық қызмет дегеннің аясы кең екені мәлім. Мысалы, «Мәдениет туралы» заңында бұған «кез келген нысан-формада және кез келген тәсілмен көркем құндылықтар жасауға немесе әдебиет пен өнер шығармаларын түзуге, тәржімалауға бағытталған қызмет» деген анықтама беріледі. Бірақ Қазақстан заңнамасында «өнер» деген ұғымға нақты не жататыны жазылмаған. «Уақыт бір орнында тұрмайды, заманауи технологиялар рөлі барған сайын артқан мына заманда әлеуметтік желілер адамдардың негізгі бір ақпарат көзіне айналды. Әрбір екінші адам күннің көп бөлігін әлеуметтік желілерде өткізеді. YouTube, Инстаграммда көптеген адам блог жүргізеді, төл бейнерепортажын жасайды. Яғни, өз бетінше өнім өндіреді. Блогерлер халық арасында кең танымал. Мемлекеттік қызметшілер де, квазимемлекеттік сектор қызметкері де блогер бола алады. Интернет арналар ақысын төлеп, оларды тележүргізуші, интернет бағдарламасының жүргізушісі ретінде тарта алар еді», – дейді М.Ахметолдин. Ол агенттік басшысынан блогер болуды, әлеуметтік желіде вайн жасауды, телеарна-радиотолқында бағдарлама жүргізуді, солар үшін өнім өндіруді «өнерге» немесе «көркем құндылыққа» жатқызуды ұсынды. Сонда мемқызметшілер немесе ұлттық компания қызметкерлері қосымша табыс көзіне қол жеткізе алатын көрінеді. Алик Шпекбаев заңнама бойынша шенеуніктер қосымша тек шығармашылық қызметпен ғана шұғылдана алатынын растады. «Дегенмен қандай да бір қызметті шығармашылық қызметке жатқызу мәселесі салалық заңнамада анықталады. Тиісінше, егер уәкілетті орган блогерлікті шығармашылық қызмет ретінде таныса, онда онымен қоса шұғылдану мемлекеттік қызметті өткеруге еш кедергі болмайды», – деп жауап қатты жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы. Қорқыныштысы сол, Үкімет блогерлікті реттеуге талай талаптанып көрді, шуылдаудың шебері болып алған блогерлер билік өкілдерімен жанжалдасып, жағаласып оны қабылдатпайды. Мемлекеттің қолынан бар келгені – «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына өзгеріс енгізіп, барлық интернет-ресурсты БАҚ-қа теңестірді. Тиісінше, заң жүзінде Facebook, Instagram, Twitter, ВК, ОК – бұқаралық ақпарат құралдарына жатады. Сонымен бірге, оларда орналастырылған барлық материал, соның ішінде пайдаланушы топтары, жеке парақшалар, пікірлер мен посттар – БАҚ өнімі болып есептеледі. Бірақ бұл ресурстардың барлығы – шетелдік. Оған Қазақстанның әмірі жүрмейді. Оның үстіне «БАҚ туралы» заңға сәйкес, тек мерзімді баспасөз бен ақпарат агенттіктері ғана міндетті түрде тіркеуге қойылуы тиіс. Блогерлер тіркеуге алынбайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта блогер мәртебесі және оларды БАҚ санатына жатқызу өлшемдері заңнамамен анықталмаған. Биыл ақпарат мәселелері жөніндегі заңнамаға түзету енгізіп, «блогер» статусын айқындау жоспарланған. Заңның қашан өмірге жолдама алары беймәлім. Қалай болғанда, қоғамдық пікірге әсер ететін, тіпті меморгандардың іс-әрекетін түзетіп, мемлекеттік саясатқа ықпал жасайтын, артында қаржылық, саяси топтар тұрған күштерді заң аясында реттеу аса маңызды. Мәселен, бірер жыл бұрын бір топ блогер Bek Air шоқпарына айналып, әуекомпаниясын лицензиялауға тырысқан министрліктің аяғын тұсады. Ақыры былтыр Bek Air-дің ұшағы апатқа ұшырап, адам құрбанына соқтырғанда солардың ешқайсысы жаза тартпады.Елдос СЕНБАЙ