Бақытқа бастар он басымдық
Бақытқа бастар он басымдық
162
оқылды

Енді мемлекет сол қиын­дық­тарды жеңіп, ауыртпалықтарды тегіс еңсерсе, ауқымды жаңғы­руларға, ел ырысын еселеп, Қа­зақстанды өркендетуге қол жет­кізбек. Қазіргі кезде Үкімет Мем­лекет басшысы қолмен қой­ғандай белгілеп берген он басымдықты бағыттағы жұмыс­тарды белсенді жүзеге асыруда.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуын­ша, ел Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарла­масын және «Бірге» жалпыұлт­тық акциясы барысында жи­налған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының міндеттері ең алдымен, қазақ­стандықтардың өмір сүру са­пасын жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған.

– Мәселен, «Табысты кәсіп­керлік» бағытында бизнесті да­мыту және қолдау, атап айтқанда, кәсіпкерлік бастаманы дамы­туды ынталандыру және бизнес-ахуалды жақсарту бойынша шаралар қабылданады. Бизнеске қолдау көрсететін шаралардың тиімділігін бағалау мақсатында осы жылы мемлекеттік бағдар­ламаларға жаппай талдау жүр­гізіледі. Оның қорытындысында кәсіпкерлердің өз мойындарына алған міндеттемелерін де еске­ретін жаңа тәсілдер әзірленбек. Биыл сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» мембағдарла­масы әзірленеді, оның шең­берінде бизнесті жаңа фор­мат­та қолдау жалғаспақ, – дейді Ә.Смайылов.

Негізгі тауар нарықтарын­дағы жағдайға талдау жүргізі­ліп, бәсекелестік үшін кедер­гі­лерді жою және монополиялық жағ­дайды теріс пайдалануға жол бермеу үшін «Жол картасы» түзіледі.

– Біз Президент қойған мін­детке сәйкес, қазір ЭЫДҰ елде­рінің үздік тәжірибелерін қол­дана отырып, «Оңалту және бан­кроттық туралы» заңды жаңа редакцияда қабылдау мәселесін пысықтаудамыз. Бүгінде бан­крот­тық және оңалту мәселелері бойынша заңнамаға түзетулердің үлкен блогы да дайын, ол заң жобасы ретінде Мәжіліс қара­уына енгізілді. Салық түрлерін оңтайландыруды жүзеге асыру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру қажет. Салық кредиттерін беру тетігі енгізілетін болады, – дейді бас қаржыгер.

«Тиімді қаржы жүйесі» бағы­тында Ұлттық қордан трансферт қаражаттар тартып, оны шы­ғындай беруді шектеу және бюджеттің шикізат секторына тәуелділігін төмендету мәселесі пысықталмақ.

Бірінші вице-премьердің байламынша, дәл осы шараларды іске асыру үш салада ұтуға жол ашпақ: яғни, мемлекеттік бас­қарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бәсекеге қабі­летті бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасайды және халықтың әл-ауқатын жақсартады.

Қазақстан Президенті ұлық­тау салтанатындағы сөзінде әлеу­меттік салаға жеке мән беріп, тың тапсырмалар жүктеді. Әлихан Смайловтың мәліме­тінше, «Әлеу­меттік қамсыздан­дырудың тиімді жүйесі» бағы­тында әлеу­меттік көмектің ашық­тығы мен атаулылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қолдаудың кепілдік берілген көлемінің бірыңғай стандарт­тарын белгілеуге баса назар ауда­рылады. Ұзақмерзімді ак­туар­лық модельдерді құру негізінде зей­нетақы жүйесі одан ары жаңғыр­тылады.

«Саламатты ұлт: медицина­лық қызметтің сапасы мен қол­жетімділігі» бағытында медиц­и­налық қызмет көрсетудің жаңа форматтары енгізіледі, кадрлар тапшылығы азайтылады. Меди­циналық көмек алу мүмкін­дік­терін кеңейтуді қарастыратын Денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мем­лекеттік бағдарламасы жасалады.

Нәтижесінде, жалпы практи­ка дәрігеріне жүктеме 1 700 адам­ға дейін төмендейді, бұл Қазақ­станды дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ стандарттарына (1 500 адам) жақындатады. Таяудағы 3 жылда медициналық-сани­тар­лық алғашқы көмек объектілері 11 мың медициналық техника­мен жарақтандырылады, жаңа 595 МСАК нысаны ашылады, тағы 228 объектіге күрделі жөндеу жүргізіледі.

Үкімет жетекшісінің бірінші орынбасарының айтуынша, дә­рі-дәрмектердің сапасын бақы­лау күшейтіледі, көтерме және бөлшек сауда бағаларын төмен­детуді ынталандыру шаралары қабылданбақ.

Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесін ен­гі­зуді ескере отырып, 2020 жылы 1 тұрғынға медициналық көмек көрсетуге арналған шығындар
92 мың теңгеге дейін ұлғаюға тиіс.

Жалпы, білім беруге және денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2025 жылға қарай ЖІӨ-ге шаққанда 10% көлеміне дейін жеткізілмек.

«Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындары» бағытында «Еңбек» мембағдарламасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері жетілдіріледі. Жұмыс берушілерді өз қызметкерлерінің жаңа білім алуына мүмкіндік беруге ынталандыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша шаралар қабылданады.

– Тұтастай алғанда, шамамен 370 мың жаңа жұмыс орнын ашу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын 500 мың адамды қамту жоспарлануда. Жалпы, Мемлекет басшысы қой­ған міндеттерді іске асыру әр мем­лекеттік орган басшысының және әкімнің жеке жауапкер­шілігімен тұрақты бақылауда жүзеге асы­ры­луға тиіс, – дейді Ә.Смайылов.

Премьер-министрдің орын­басары Жеңіс Қасымбек іс-ша­ралар жоспарының «Өрлеу» бө­лімінде экономиканы, инфрақұ­рылымды, қолжетімді тұрғын үйді, қоршаған ортаны дамытуға және заманауи ауылды құруға бағытталған іс-шаралар қарасты­рылғанын айтады.

– «Серпінді экономика – әр адамның әл-ауқаты негізі» ба­ғы­тында осы жылдың соңына де­йін 2020-2025 жылдарға ар­налған Индустриялық-иннова­циялық дамудың жаңа мемле­кет­тік бағ­дарламасы қабылда­нады, ол өң­деу өнеркәсібінің бәсекеге қабі­леттілігін одан ары жақсар­туға бағытталмақ. Бағ­дарламаны іске асыру еңбек өнімділігін 1,7 есеге, шикізаттық емес экспорт көлемін 2,3 есеге, негізгі капи­тал­ға салы­натын инвестицияларды 2,3 есе, жұмыс істеп тұрған кә­сіпорын­дар санын 1,6 есеге ұл­ғай­туға әке­леді, – деді Ж.Қасымбек.

«Қолжетімді баспана, таза экология» бағытында баспананы қолжетімді ету және тұрғын үй саясатының ашықтығын арттыру мақсатында 2019 жылдың 1 қыр­күйегіне дейін барлық қолда­ныстағы тұрғын үй бағдарла­ма­лары біріктіріледі. Жыл соңына дейін Үкімет жаңа «Нұрлы жер – 2025» тұрғын үй бағдарламасын мақұлдайды.

Көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы тұрғын үй бой кө­термек. Биылғы мамыр айы­нан бастап инвестициялар мен демеушілерді тарту арқылы 1 480 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жалпы, жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болмақ. Жұмыс істейтін жастардың баспана мәселелерін шешу үшін 3 жылда 3 мың пәтер салынады.

Нәтижесінде, 650 мың отба­сы немесе 2 миллионнан астам азамат жаңа тұрғын үймен қам­тамасыз етіледі. Осы мақсатта бағдарлама аясында жыл сайын кемінде 12-13 млн шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Экологиялық кодекс әзірленіп жатыр, оған сәйкес өнеркәсіптік кәсіпо­рын­дардың қолда бар ең жақсы та­зарту технологияларын енгізуге ынталандыру және шығарын­дыларды түбегейлі азайту жоспарлануда.

«Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан» бағытында 2019 жыл­дың 1 желтоқсанына дейін Үкі­мет 2025 жылға дейінгі өңір­лерді дамытудың мембағдар­ла­масын бекітеді. Негізгі мақсат – ба­қы­ланатын урбанизация арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, «қадамдық қолжетім­ділік» қағидаты бойынша ха­лыққа қоғамдық және әлеуметтік жеңілдіктерді арттыру болмақ.

Ауылдық елдімекендерді да­мыту бойынша «Ауыл – ел бесігі» кешенді бағдарламасы қолға алынуда. Үкімет облыс әкімдік­терімен бірлесіп, биыл 52 ауыл­дық елдімекенді таңдапты. Олар­да 452 іс-шара жүзеге асырылады. Осылайша, мемлекет «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 700 мың адамды, ал 2025 жылға қарай – ауыл халқының 83%-ын немесе 6,5 млн адамды қамтуды жоспарлап отыр.

Азаттықтың алғашқы жыл­дарында-ақ қазақ елі алапат дағ­дарыстарды бастан өткере келе, кез келген қиындықты еңсере алатынын дәлелдеді. Демек, Мемлекет басшысы қойып отырған басымдықты он міндетті де лайықты орындау еліміздің қолынан келетіні сөзсіз.


Елдос СЕНБАЙ