Осы қарсаңда өткенді саралап, жүрген жолымыз бен атқарған істерімізді бағамдап, оқу орнымыздың кешегісі мен бүгіні және алдағы мақсат-міндеттері туралы пайымдарымызды «Аграрлық білім бәйтерегі. Белестен-белеске» атты жаңа жинаққа топтастырып, жарыққа шығардық.
Бұл кітапта университет қызметі мен еліміздің агроөнеркәсіптік кешені мәселелері жайлы 2001 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта республикалық басылымдарда жарияланған таңдаулы мақалалар мен сұхбаттар, оқу орны тыныс-тіршілігін көрсететін фотосуреттер берілген.
Жинақтың аты айтып тұрғандай, белестен-белеске жетіп келе жатқан университетіміздің қалыптасып, даму кезеңдері «Аграрлық ғылымның көшбасшысы», «Болашақ кілті ғылымда», «Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану», «Модернизацияланудың алтын үштігі», «Агротехнологиялық хаб – АӨК драйвері», «Жаңа білім мен технологияларды трансферттеудің негізінде АӨК модернизациялау», «Цифрлық университет – сапалы білімнің қайнар көзі», «Тиімді менеджмент, Әлемдік деңгейдегі университет» деп аталатын жеке тараулар бойынша қарастырылды.
Тоқсан жылдық тұғырлы белеске көтеріліп отырған университет тарихына үңілсек, ол елімізде 1929 жылы Ветеринарлық институттың құрылуынан бастау алады. Бұл Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орындарының бірі болды. Көп ұзамай Ветеринарлық институт Ветеринарлық-зоотехникалық институт болып қайта құрылды. Институттың бірінші директоры білікті ғалым-микробиолог И.Сайкович болды. 1933 жылы институттың атауы Алматы зооветеринарлық институты деп өзгертілді.
Жоғары оқу орнының беделін арттыруға белсене атсалысқандар қатарында осы институтта қазақ және орыс тілдерінен дәріс берген, ҚазКСР Ғылым академиясының академигі, заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің есімін ерекше атағанымыз жөн.
1930 жылы егіншілік және жеміс-көкөніс факультеттерінен тұратын Қазақ ауылшаруашылық институты құрылып, оның бірінші директоры болып халқымыздың ағартушы тұлғасы, ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарған, Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясының түлегі, мемлекет қайраткері Ораз Жандосов тағайындалды.
Бүгінгі университет – ұлтымызға еңбегі сіңген осындай ірі қайраткерлердің ерлік істерімен, ұлағатты ұстаздардың даналығымен, олардың білім, ғылымға деген ізденісі мен құштарлығының арқасында қалыптасқан.
Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, 1996 жылы Алматы зооветеринарлық институты мен Қазақ ауылшаруашылық институты біріктіріліп, соның негізінде Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті құрылды.
Елбасы Жарлығымен 2001 жылы оқу орнымыз Ұлттық университет статусын иеленді. Сол уақыттан бері университет жүйелі түрде аграрлық білім, ғылым және өндіріс интеграциясы үрдісін іске асырып, инновациялық бағытта дамуда. Жоғары оқу орны өзінің барлық ресурстарын шоғырландырып, еліміздің аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігіне ықпал жасай алатын, ғылым мен білімнің, аграрлық-индустриялық дамудың инновациялық ортасының түп қазығына айналды.
Университет білім, ғылым және өндірісті интеграциялау бойынша ауқымды жобаларды іске асырып, фермерлердің жоғары мектебін ашып, республиканың 9 облысы мен 88 аймағында жүйелі жұмыс жүргізетін Экстеншн жүйесін енгізді. Сонымен қатар «АгроДаму» ауылшаруашылық ғылыми-өндірістік консорциумы және Халықаралық ғылыми-білім консорциумы құрылды, Халықаралық «Агробілім» қауымдастығы және Кіші академия «мектеп (лицей) – колледж – университет» бағытындағы аграрлық білімнің үздіксіз жүйесін жүзеге асыруда. Шетелдік әріптестермен интеграция нәтижесі ретінде, Қазақстан–Жапон, Қазақстан–Корея инновациялық орталықтары, инновациялық жылыжай және Жаңартылатын энергия көздерінің инновациялық орталығы ашылды.
Мақсатты жұмыс жүргізудің арқасында университет заман талабына сай жобалық басқарудың халықаралық стандарттарын қолдана отырып, шетелдік озық ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының сарапшыларымен бірлесіп, Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануды жүзеге асырды.
2015 жылы университет еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып, тәуелсіз басқаруды іске асыру мақсатында жаңа ұйымдастыру-құқықтық формада қайта құрылып, БҒМ қарамағынан АШМ құзырына өтті. Бұл – университеттің дербестігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі мен автономиялық механизмдерді терең қолдануға мүмкіндік берді.
Бүгінгі күні университетте Елбасының тікелей қолдауымен инновациялық ғылым, білім инфрақұрылымы қалыптасып, жаңа білім мен ғылым трансфертін іске асыратын Агротехнологиялық хаб жұмыс істейді. Оның құрамында 8 инновациялық орталық пен 31 ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Университетте нақты ғылыми жобалар негізінде 18 халықаралық орталық, Су хабы құрылды.
2015 жылы 22 тамызда ҚазҰАУ Қазақстан Үкіметінің қаулысымен құрылған Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» құрамына кірді.
2016 жылы университетте ең озық инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздеу, тарту және трансферттеу шараларын іске асыратын Агротехнологиялық хаб ашылды. Онда индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 зертхана, Тамақ өнімдерінің технологиясы мен сапасы, Тұрақты егіншілік және Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталықтары құрылды.
2017 жылы Азия даму банкінің қолдауымен Су хабы ашылды, оның құрамына 14 ғылыми-зерттеу зертханалар кірді. Су хабының миссиясы – Қазақстан мен Орта Азияның барлық су саласында жұмыс істейтін ғалымдардың білімін су ресурстарын тиімді басқару мәселесін шешуде шоғырландыру.
HR және KPI жүйесі енгізілді. Білім алушылардың барлық тәжірибе түрлері 7 айға дейін ұзартылды, Агробизнес стратегиялық зерттеу орталығы құрылды, онда студенттер екінші курстан бастап шаруашылықтардың нақты материалдары негізінде бизнес-жоспар құруды үйренеді.
2018 жылы Әлемдік деңгейдегі университетті құру Тұжырымдамасы бекітілді. Бұл ретте университет өзінің инновациялық даму жолында әлемдегі аграрлық жоғары оқу орындары арасында 1-орында тұрған Вагенинген университетінің (Нидерланд) тәжірибесіне сүйенеді.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу қызметімен (USDA), Мичиган, Корнелл университеттерімен меморандумдарға қол қойылды.
Елбасының Финляндияға ресми сапары кезінде Шығыс Финляндия университеті мен ҚазҰАУ арасында магистрлік және докторлық бағдарламалар шеңберінде екі жақты келісімге қол қойылды.
Университетте GPI-тобының 15 тәуелсіз халықаралық сарапшылары корпоративтік басқару жүйесінің диагностикасын жүргізді, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру мүмкіндіктерін бағалады. Университеттің коммерцияландыру және цифрландыру стратегиясы жаңартылып, Цифрлық университет құру бағдарламасы жасалды.
2019 жылдың қазан айында Қазақстан Үкіметі делегациясының Нидерланд Корольдігіне сапары кезінде Вагенинген университетімен (WUR): «Ветеринариялық-тамақ қауіпсіздігі және технологиясы», «Өсімдіктер мен технология ғылымдары» WUR екі білім беру бағдарламасы бойынша ҚазҰАУ-нің негізінде 100 маман даярлау туралы меморандумға қол қойылды. .
Биыл жыл басынан бері өсімдіктердің микроклональді көбеюі және Сүт бойынша референттік зертхана, сонымен қатар Digital орталығы қосымша жабдықталды. Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы 75 бірлік ауылшаруашылық техникасымен толықтырылды.
Қазақстан-Нидерланд «Интенсивті бақ» орталығы құрылды, Халықаралық вакцинология орталығы ашылды.
Бүгінгі күні Аумағы 845 гектар болатын «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы негізінде көрсеткіштік Smart-ферма, машина сынақ стансасы, 10 дақыл түріне арналған эксперименталды полигон құрылуда, Агротехнопаркті дамыту жұмыстары жалғасуда.
Әр апта сайын жүйелі түрде Ситуациялық орталықта агроөнеркәсіптік кешен дамуының барлық бағыты бойынша ауыл кәсіпкерлері үшін онлайн-конференциялар өткізіліп тұрады.
Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Қаржы министрлігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мақұлдаған «Әлемдік деңгейдегі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған бағдарламасы» жасалды.
Осылайша, университет бірнеше жыл ішінде өз ресурстарын шоғырландырып және елдің осы саладағы бәсекеге қабілеттілігіне нақты ықпал жасайтын, аграрлық секторды жедел дамытудың білім беру, ғылыми, инновациялық қызметінің өзегіне айналды.
Жақында ғана жеткен тағы бір табысымыз: Қазақ ұлттық аграрлық университеті QS World University Rankings рейтингісінің 2020 жылға арналған қорытындысы бойынша өз көрсеткішін жақсартып, 651- орыннан 60 позицияға көтеріліп, 591- орынға ие болды.
QS әлемдік рейтингісі дүниежүзінің ең үздік 1 000 университетін қамтиды. Биыл бұл тізімге қазақстандық 10 жоғары оқу орны енгізілген. Әлемнің үздік 600 университетінің қатарына енген оқу орнымыздың алдағы мақсаты – 2024 жылға қарай QS-300 рейтингісі бар әлемдік деңгейдегі университет болу. 90 жылдық тағылымды тарихы бар университетіміз ұжымның бірлігі мен біліктілігінің арқасына бұдан да биік белестерді бағындыра береді деп сенемін!
«Аграрлық білім бәйтерегі. Белестен-белеске» кітабын дайындау барысында мен өз ұжымымның тәжірибесімен оқырмандармен бөлісу және университеттің трансформациялану нәтижелеріне қалай қол жеткізгеніміз және оны ұлттық зерттеу университеті ретінде одан әрі дамыту жолдары туралы айтуды мақсат еттім. Біз бұл кітапты оқитындар маңызды қажетті ақпарат алатынына және ғылыми зерттеу университетіне айналуды жоспарлаған жоғары оқу орындарына әдістемелік көмек болатынына сенімдімін.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҰҒА вице-президенті, академик