Көне Таразды өзгерістер күтіп тұр
Көне Таразды өзгерістер күтіп тұр
395
оқылды
Бұл – шайырлар мекеніне  Елбасының  берген әділ бағасы. Шынында,  2000 жылдық тарихты бойына тұндырған Тараз шаһары ғасырлар тол­ға­­ғының ғаламат туындысы. Тасын түрт­сең  тарихы көрінетін қаланың бүгінде көркіне көрік қосылып, тотыдай тарана түсуде. Бұл тұста  соңғы онжылдықта Тараз тынысында өзіндік қолтаңбасын қалдырған өңір басшыларының еңбегін айта кеткен жөн. Сонымен, тарихи Тараздан келешектің «күмбезін»  көтерген кім? 2009 жылы аймақ тізгінін қолға ұстаған Қанат Бозымбаев төрт жылдың бедерінде облыс орталығына сәулеті мен дәулеті келіскен «Тараз-Арена» спорт кешенін тарту етті. Бүгінде бұл нысанның «Орта Азияда баламасы жоқ» деп бағалануда. Одан бөлек, Қанат Алдабергенұлы «һибатулла Тарази» орталық мешітін тұрғызып, жастарға арнап  медресе  салып берді. Қ.Бозымбаевтың ел есінде қалған үлкен еңбегі – осы. Бұдан кейін билікке келген Кәрім Көкірекбаев та Тараз келбеті үшін аянбай тер төкті. Оның тұсында «Қазақ хандығының 550» жылдығы Тараз төрінде өткені үлкен абырой болғаны анық. Себебі бұл тойға барлық облыстар жабылып үн қосып, бір-бір нысаннан салып берді. Ал Көкірекбаевтың  негізгі туындысы ретінде  – Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хан ескерткіші тарихта қалғаны анық. Асқар Мырзахметовтің  тұсында жасалған жұмысты бүгінгі жұрт аңыз қылып, таңды-таңға жалғай айтуда. Шынында,  Асқар Исабекұлы Тараз қаласы үшін бұрын-соңды болмаған дүниені істеді. Небәрі екі жылдың ішінде тарихи Таразды киелі Түркістаннан кем түспейтін шаһарға айналдырды. Әуелі әкім Жеңіс саябағын жаңғыртып, ер Бәукеңнің еңселі ескерткішін құтты орнына қондырды. Сондай-ақ Ерлік мемориалдық кешенінің кірпішін қалап, Үшбұлақ жағажайын жайқалтты. Бүгінде мұнда үйрек қонып, қаз ұшып, тұрғындар үшін тыныстайтын тамаша орынға айналды. Енді, міне,  Бердібек Сапарбаевтың дәуірі келді. Бердібек Машбекұлы қызметіне кіріскен бойы Асқар Мырзахметов бастап кеткен жобалар аяқсыз қалмайтынын айтқан болатын. Әкім бүгінде бұл уәдесін орындауға барын салуда. Сондай-ақ өзіндік жобаларына  да  «жан»  бітіруде. Атап айтсақ, Сапарбаев облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің  қасбетіне айрықша көңіл бөлуде. Барлық үйлер бірыңғай сәулеттік стильмен әрленіп, әрбір көшенің атына заты сай болуы қажетін айтуда. Мәселен,  Абай көшесіне Ұлы ақынның суретін салу көзделсе, өзге де тарихы тұлғалардың атымен аталатын көшелерді атауына сай безендіру қолға алынуда. Одан бөлек, жаңа №15 ықшамауданнан үлкен саябақ салу да ұсынылып отыр. Мұнда жайлы жағалау  жасауға  мүмкіндік бар. Сонымен қатар «Тараз-Арена» спорт кешенінің маңынан спорт қалашығының кірпішін қалау да жоспарда тұрған дүние. Құрылыстың жалпы аумағы 107 гектарды құрамақ.  Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сай  келетін мұзайдыны мен  жеңіл атлетика манежі де  бой көтермек. Онда велосипед жолағы, теннис корты, жабық футбол алаңдары, альпинистік қабырға, пейнтбол клубы мен  гольф клубы скейт-парктер қамтылмақ. Айта кету керек, бұл жобаға қаржы салғысы келетін инвесторлардың қарасы қалың. Сонымен қатар  Тәуке хан көшесінен бас­тап «Әулие-Ата»  әуежайына дейін абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. – Таразға келген қонақтар мен туристердің  алғашқы әсерлері әуежай мен оған жақын аумақтардың келбетіне қатысты болмақ. Сондықтан бұл жұмыстарға жіті көңіл бөліп,  қала әкімдігі барлық жобаның  барысын  мұқият қадағалап отыруы керек, - дейді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ  мұндағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш маңында этно-ауыл пайда болмақ. Жақын арада «Арбат-3» жаяу жүргіншілер аллеясының құрылыс жұмыстары  аяқ­талады деп күтілуде. Бірегей сәндік элементтері мен жарықтармен безендірілген аллея серуендеушілерге керемет көңіл күй сыйлайтыны  сөзсіз. Дәл қазір «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі басталып кетті. Жоспар бойынша  ескі бекініс жөнделіп, кешен шекарасы кірпіштермен қаланған қабырғамен қоршалады. Ондағы бақылау алаңдары мен қамал аллеямен жалғасып,  облыстың тарихи нысандары мен жәдігерлердің макеттері орналасады. Бекініс пен бақылау алаңдарының арасында ұзындығы 15-20 метр болатын панорамалық панел  жобаға енген. Мұнда  ел  тәуелсіздігі тарихындағы маңызды оқиға – Атлах пен  Аңырақай шайқастары туралы құнды дүниелер көрініс табады.  Бұдан бөлек, жағалау, тоған және жасанды сарқырама салу да көзделіп отыр. Тағы бір үлкен жоба – Қарасу алқабында Денсаулық саябағы бой көтереді. Саябақта бірнеше спорт алаңдары, велосипед жолағы және   workout алаңшалары ашылады деп күтілуде. Таразда бой көтеретін «Анаға тазым» ерекше ғимараты да  қаланың көрікті жерлерінің біріне айналмақ. Қазіргі таңда аналардың құрметіне арналған ескерткіштің макеті әзірленуде. – Соңғы кездері мен ұлттық құндылық­тарымыздан алшақтап бара жатқанымызды  жиі айтып жүрмін. Осы орайда,  облыс орталығында ұлттың құндылықтарын жандандыруға, сананы жаңғыртуға және жастардың тұлға болып қалыптасуына, аға және жас буын арасындағы диалогті  нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады. Жас аналарға арналған  үйірмелер, қайта даярлау курстары, түрлі мәселелер бойынша кеңес беру орталықтарын құру қажет. Сонда аналар түрлі мекемелерге шабылмай,  бір ғимаратқа жиналады, – деп облыс әкімі орамды ойы мен ұтымды ұсынысын айтып отыр. «Локомотив» стадионы да түбегейлі  жаңғыртудан  өтпек. Стадионды қайта құру кезінде көрермен орындары мен алаң жаңартылатын болады. Құрылыс басқармасының ұсынысы бойынша жаңа жекпе-жек залының құрылысын салу да  көзделуде. Балаларға базарлық ретінде  жаңа «Оқушылар сарайы» салынбақ.  Жоспар бойынша  бастапқыда нысан №15 ықшамауданда бой көтереді деп жоспарланса, ұстаздардың ұсынысымен  әрі балалардың қатынауына қолайлы болу үшін   мектептен тыс шаралар мен балалар шығармашылығы орталығы  «Оқушылар сарайына» айналмақ.  Ол үшін  ескі ғимарат ретке келтіріліп, қосымша құрылыс жұмысы жүргізіледі. Тағы бір жағымды жаңалық  – «Дос-Нар» сауда орталығына қарама-қарсы жерде  «Қазақ халқына мың алғыс» монументі тұрғызылады. Ал әлемдік пандемияға байланысты  Б.Сапарбаев  кеселмен күреске атсалысқан адамдарға арнап  Biz Birgemiz ескерткішінің  дизайнын жан-жақты саралауда.  Ескерткіштің  орны мен мән-мазмұны алдағы уақытта айқындалмақ. – Жаңа нысандар мен архитектуралық ғимараттар  көне әрі жаңа Тараздың болмысын айшықтап тұруы тиіс, – дейді болашаққа көз салған  Бердібек Сапарбаев. Иә, аталған жобалардың барлығына «жан» бітсе, көне Тараздың келбеті тағы өзгере түсетіні анық. Бұл, әрине жүрекке жылу, санаға қуаныш сезімін сыйлайды. Десе де, жамбылдықтардың асыға күтіп отырған өзге де  жобалары  бар. Оның алғашқысы – Жуалы ауданында құрылысы басталған «Қаралма» тау-шаңғы кешені. Әрине, инвестициялық жоба болғаннан кейін мердігердің тілін тауып, көңілін аулау қажеті түсінікті. Дегенмен  Бердібек Машбекұлы осы жобаны жіті назарға алып, алдағы  қыста пайдалануға берсе деген бұқараның тілегі бар. Одан бөлек, мойынқұмдықтар «Мырзахметов айтқан ұшақты Сапарбаев ұшыра ма?» деп үмітті көзбен қарап отыр. Облыс әкімі аталған ауданға  іссапармен барғанда әуежайға арнайы ат басын бұрып, жобаны зердеден өткізгенін  ел біледі. Егер тұрғындардың тілегі қабыл болып, кеңестік кезеңнен кейін Мойынқұм ауданынан ұшақ әуеге көтерілетін болса, Сапарбаевтың бұл ерлігі ел есінде мәңгі қалары  анық.    width=     Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы