Шығыстағы кәсіпкерлер дауы сотта жалғаспақ
Шығыстағы кәсіпкерлер дауы сотта жалғаспақ
176
оқылды
Кәсіпкерлердің шағымы әлі де қаралуда. Шығыстағы тендер дауы енді сотта жалғаспақ. Комиссия төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелерді қарайтын облыстық комиссияның үшінші отырысы өтті. Айта кетейік, бұл жолы да шенеуніктерге айып таққан кәсіпкерлер төбе көрсетпеді. Еске салсақ, бұған дейін 3 маусымда комиссияның алғашқы отырысында Александр Федосов пен Болат Бағадаевтың шағымы тыңдалған болатын. Ал 5 маусымдағы екінші отырыста  кәсіпкерлер айыптап отырған мемлекеттік орган өкілдерінің Александр Федосовтың шағымына қатысты жауабы тыңдалған еді. Осы жолы «Топаз» ЖШС директоры Болат Бағадаевтың шағымы қаралып отыр. Облыстағы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың түсіндіруінше, «Топаз» ЖШС «Жерасты сулары қорымен қамтамасыз ету үшін іздеу-барлау жұмыстары» нысаны бойынша конкурстан жеңілген себебі компанияның өтінімінде жұм­ы­­сты тапсыру орны аумағында, атап айт­­қан­­да Риддер қаласында, Глубокое, Жарма, Көкпекті, Қатонқарағай, Ұлан, Шемонаиха, Аягөз және Алтай аудандарында ресурстарының барын растайтын құжаттардың болмауы. – Үкіметтің ағымдағы жылғы 20 маусымдағы қаулысына сәйкес конкурс жүргізудің арнайы тәртібінің 39 пункті бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатысуға өтінімді қабылдау не қабылдамау туралы шешім әлеуетті жеткізушінің орналасқан аумағы мен атқарылатын жұмыс орындарының сәйкес келуіне байланысты қабылданады. Яғни, қызметті жеткізуші атқарылатын жұмыс орны бойынша тіркелуге тиіс немесе сол жерде ресурстары болуы керек. Конкурстық комиссияға мұндай құқық карантин кезінде қалалар мен аудандар арасында қозғалысты шектеу мақсатында берілген. «Топаз» ЖШС-нің конкурсқа қатысуға берген өтінімі қабылданбады, себебі атқарылатын жұмыс техникалық ерекшеліктеріне байланысты облыстың аудандарында орналасқан. Ал «Топаз» ЖШС Өскемен қаласында тіркелген, – деді Руфат Акрамов. Ал «Топаз» ЖШС  басшысының шағымына сәйкес облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудиторлық тексеру жүргізіп жатыр. Департамент басшысы Серік Мамаев болса, «Топаз» ЖШС мен «Триас ЛДТ» ЖШС-нің конкурстық өтінімдерінің қабылданбау себебін қатысушыларға тең мүмкіндік берілмегенінен деп   отыр. Айтуынша, Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының бұл жердегі әрекеті заңсыз. – Бұл фактаж секілді. Нәтижесінде, 39 пунктте берілген құқықты пайдалану арқылы конкурстық комиссия арнайы тәртіптің 9-пунктін бұзған. Қарапайым тілмен айтқанда, «Топаз» ЖШС мен «Триас ЛДТ» ЖШС-ін конкурсқа қатыстырмау заңсыз әрекет болып табылады, – деді Серік Мамаев комиссия отырысында. Алайда Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы басқарма тарапынан заңсыз әрекет жасалмағанын алға тартып, Серік Мамаевтың айтқандарымен келіспейтінін мәлімдеді. Руфат Акрамов мемлекеттік сатып алулардың заңды түрде өткізілгенін сот арқылы дәлелдемек. – Біз департамент жүргізіп жатқан аудиторлық тексерудің қорытындысын күтеміз. Оның қорытындысын алған бойда соған қатысты тиісті уәкілетті органның атына сотқа талап арыз түсіретін боламыз, – деп мәлімдеді Руфат Акрамов. Дәл осы жиыннан соң қызық жағдайдың болғанын да айта кетейік. Руфат Акрамовтың сотқа беремін деген сөзінен тайсалды ма, әлде басқа себебі болды ма, кім білсін? Департамент басшысы Серік Мамаев жиын біткен соң «осы айтқандарыңызды камераға айтып беріңізші» деген тілшілер қауымынан ат-тонын ала қашты. Тіпті, қызметтік көлігі келгенін күтпей, көше бойлап жаяу қашып кетті. Дегенмен осы әрекетінен ұялған болуы керек, ертеңінде журналистерді арнайы жинап, өз кеңсесінде осыған қатысты сұхбат берді.  

«Самал» паркінің мәселесін кәсіпкерлер сот арқылы шешпек

Сонымен қатар комиссия отырысында Өскемендегі «Самал» демалыс саябағына қатысты шағымданған кәсіпкерлердің мәселесі де қаралып, ол жайында қала әкімі Жақсылық Омар түсініктеме берді. – Біріншіден айтарым, «Самал» саябағына А.Федосовтың да, Б.Бағадаевтың да еш қатысы жоқ. Саябаққа қатысты конкурсты Александр Хасистің «Эксперт и Аналитика» ЖШС жеңіп алды. Келісімшартқа сәйкес, қаржы оған толық аударылды. Ал қосалқы мердігерлер мен бас мердігер арасындағы мәселе қалалық әкімдіктің шаруасы емес. Олар өздері өзара келісім жасасқан. Енді олар арадағы туындаған мәселелерін сотқа жүгіну арқылы шеше алады, – деді қала әкімі. Осымен үшінші рет өткізілген комиссия жұмысын қорытындылау қажетін айтқан комиссия төрағасы Алмасхан Сматлаев Александр Федосовтың шағымы бойынша мәселе түгелдей қаралғанын, күн тәртібінен алынғанын, енді тек осыған қатысты облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу нәтижелерін және «Топаз» ЖШС директоры Болат Бағадаевтың шағымы бойынша аудиторлық тексерудің қорытындысын күтетіндерін, ол жөнінде БАҚ өкілдеріне қосымша хабарланатынын жеткізді.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы