Ауызбіршілік бар жерде сенімге селкеу түспейді
Ауызбіршілік бар жерде сенімге селкеу түспейді
223
оқылды
Партияның Жамбыл облыстық фи­лиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Ба­лабек Нарбаев жетекшілік еткен жиын­ға кеңес мүшелері Байзақ ауданы әкі­мі­нің орынбасары Дәуір Дәулетовпен бір­ге облыстық Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, бас­тауыш партия ұйымының төрағалары жә­не ауыл тұрғындары қатысты. Жиынды алғы сөзімен ашқан Балабек Нар­баев басқосудың мән-маңызына тоқ­та­лып, ел арасында бірлік пен татулықты, бір­тұтас­тық пен келісімді сақтаудағы партия­ның саясаты турасында сөз қозғады. Келесі сәтте күн тәртібіндегі мәселе бойынша Бай­зақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас­шысы Салтанат Иманова сөз тізгіндеді. Бө­лім басшысының айтуынша, бүгінде ау­­данда 30-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұ­­мыр кешуде. – Ауданда 5 этномәдени бірлестік бар. Ұлтаралық татулық пен біртұтастық сақ­тау үшін түрлі ұлт өкілдерінің белсенді азамат­тары­нан тұратын бірлескен қоғамдық кеңес құрылды. Аймақ тұрғындарына мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттауды мін­детіне алған 18 ақпараттық-түсіндіру то­бы да ұлттар арасындағы келісімді сақтауға ша­қырады, – деді С.Иманова. Ал Бурыл ауыл­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Са­ды Қуатбеков алақандай ауылды мекен ет­кен түрік ағайындармен татулықта күн ке­шіп келе жатқанын айтады. – Әрине, екі ұлт өкілдері арасында тұр­­­мыстық сипаттағы ұсақ-түйек келіс­пеу­ші­­ліктер болып тұрады. Бірақ бұл мәселені ұл­тара­лық қақтығысқа жеткізбей алдын ала­мыз. Осы орайда, бізге түрік этномәдени бір­лестігінің төрағалары сенімді серіктес бо­лады. Олармен бірлесіп жиын-тойларда ауыл тұрғындарына бірлікпен, татулықта ғұ­мыр кешуді дәріптеп отырамыз, – дейді С.Қуатбеков. Қарияның сөзін Байзақ аудандық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Мехия Раджанов та құптап, ұлтаралық татулықты сақтауға қатысты ұсыныстарымен бөлісті. – Ата-анам Грузиядан қоныс аударғанда мен небәрі 1,5 жаста ғана едім. Үлкен кі­сі­лер үнемі сол кездегі қазақ халқының құ­­­шағын кеңінен жайған дарқан пейіліне ри­­­зашылық білдіріп отыратын. Содан бері осы ауылда қазақ пен түрік халқы тағдырдың басқа жазғанын бірге көріп келеді. Небір қиын-қыстау кезеңді бастан өткердік. Қа­зақ елі тәуелсіздігін жариялап, әлемге дер­бес мемлекет ретінде таныла бастағаннан та­ту­лықты ұран етті. Әлі де этносаралық ке­лі­сімге мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде, – деді аудандық этномәдени бір­лестігінің төрағасы. Сәйкесінше, корей этномәдени бір­лес­тігінің төрайымы Наталья Шин де аудандағы ұлт­тар татулығын нығайту бағытында ат­қа­рылған жұмыстардың ауқымды екенін тіл­ге тиек етті. – Біздің бірлестік жанында корей тілі кур­сы жұмыс істейді. Мұнда корей тілін үйренуге ниетті кез келген тұрғын келіп, оқы­тушылардан дәріс алады. Аудандық ко­рей этномәдени бірлестігі «Nur Otan» пар­тиясының аудандық филиалы мен ау­дан әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен жұ­мыстардың бәрін бірге жүргізіп келеді. Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген сәт­те де бетперде тігіп, қолымыздан келген кө­мегімізді көрсеттік. Әлеуметтік жағдайы тө­мен отбасыларға азық-түлік себетін та­рат­тық, – дейді Н.Шин. Басқосуда өңірге танымал ақын Ғай­ни Әлімбекқызы да көтеріліп отырған та­қы­рыпқа қатысты пікір білдіріп, жырдан шашу шашты. Шараны қорытындылаған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы тө­рағасының бірінші орынбасары Бала­бек Нарбаев төтенше жағдай кезінде тұрғын­дарға саяси құрылым тарапынан жасалған әлеуметтік қолдау шаралары және облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен мұқтаж отбасыларға көрсетілген көмектің көлемі туралы мәлімет берді.  

Саятхан САТЫЛҒАНОВ, Жамбыл облысы