Партияның Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев жетекшілік еткен жиынға кеңес мүшелері Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовпен бірге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, бастауыш партия ұйымының төрағалары және ауыл тұрғындары қатысты. Жиынды алғы сөзімен ашқан Балабек Нарбаев басқосудың мән-маңызына тоқталып, ел арасында бірлік пен татулықты, біртұтастық пен келісімді сақтаудағы партияның саясаты турасында сөз қозғады. Келесі сәтте күн тәртібіндегі мәселе бойынша Байзақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова сөз тізгіндеді. Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде ауданда 30-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. – Ауданда 5 этномәдени бірлестік бар. Ұлтаралық татулық пен біртұтастық сақтау үшін түрлі ұлт өкілдерінің белсенді азаматтарынан тұратын бірлескен қоғамдық кеңес құрылды. Аймақ тұрғындарына мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттауды міндетіне алған 18 ақпараттық-түсіндіру тобы да ұлттар арасындағы келісімді сақтауға шақырады, – деді С.Иманова. Ал Бурыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сады Қуатбеков алақандай ауылды мекен еткен түрік ағайындармен татулықта күн кешіп келе жатқанын айтады. – Әрине, екі ұлт өкілдері арасында тұрмыстық сипаттағы ұсақ-түйек келіспеушіліктер болып тұрады. Бірақ бұл мәселені ұлтаралық қақтығысқа жеткізбей алдын аламыз. Осы орайда, бізге түрік этномәдени бірлестігінің төрағалары сенімді серіктес болады. Олармен бірлесіп жиын-тойларда ауыл тұрғындарына бірлікпен, татулықта ғұмыр кешуді дәріптеп отырамыз, – дейді С.Қуатбеков. Қарияның сөзін Байзақ аудандық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Мехия Раджанов та құптап, ұлтаралық татулықты сақтауға қатысты ұсыныстарымен бөлісті. – Ата-анам Грузиядан қоныс аударғанда мен небәрі 1,5 жаста ғана едім. Үлкен кісілер үнемі сол кездегі қазақ халқының құшағын кеңінен жайған дарқан пейіліне ризашылық білдіріп отыратын. Содан бері осы ауылда қазақ пен түрік халқы тағдырдың басқа жазғанын бірге көріп келеді. Небір қиын-қыстау кезеңді бастан өткердік. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, әлемге дербес мемлекет ретінде таныла бастағаннан татулықты ұран етті. Әлі де этносаралық келісімге мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде, – деді аудандық этномәдени бірлестігінің төрағасы. Сәйкесінше, корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Шин де аудандағы ұлттар татулығын нығайту бағытында атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін тілге тиек етті. – Біздің бірлестік жанында корей тілі курсы жұмыс істейді. Мұнда корей тілін үйренуге ниетті кез келген тұрғын келіп, оқытушылардан дәріс алады. Аудандық корей этномәдени бірлестігі «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен жұмыстардың бәрін бірге жүргізіп келеді. Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген сәтте де бетперде тігіп, қолымыздан келген көмегімізді көрсеттік. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себетін тараттық, – дейді Н.Шин. Басқосуда өңірге танымал ақын Ғайни Әлімбекқызы да көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты пікір білдіріп, жырдан шашу шашты. Шараны қорытындылаған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев төтенше жағдай кезінде тұрғындарға саяси құрылым тарапынан жасалған әлеуметтік қолдау шаралары және облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен мұқтаж отбасыларға көрсетілген көмектің көлемі туралы мәлімет берді.
Саятхан САТЫЛҒАНОВ, Жамбыл облысы