Мұхтар Әуезов 1933 жылы жарық көрген «Абайдың туысы мен өмірі» тақырыбындағы ақынның өмірбаянында Құнанбай кесек мінезді қатты адам болғанға ұқсайды деп сипатталған. Бұл күнге дейін ел есінде қалған әртүрлі сөздерге қарағанда, бұл: «Бір қалыпты, суық, тартымды, қатты мінезді кісі болған» деп суреттеледі. Аға сұлтан, қоғам қайраткері Құнанбай қажы жайында ел жадында қалған аңыз-әңгіме аса көп... Семейдегі Абай музейінің ғылыми қызметкері болған Мұздыбай Бейсенбаев М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының көркемдік шешімінің сырына үңіліп, құпиясын тапқанға ұқсайды. Тобықты елінің өз заманындағы абыройы асқақ, беделі биік Құнанбайынан әдеби кейіпкер – Құнанбай бейнесі жасалған. Ал Әрхам Ысқақов «Абайдың әкесі Құнанбай бір анадан жалғыз болып, қатыбас, қытымыр, суық пішінді, үй ішіне жылы шырай бермейтін адам екен» деп суреттеген. Құнанбайды көрген поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич адам оның іскерлігі мен кісілігіне қатты риза болған сыңайлы. Янушкевич пен Құнанбайдың арасында бетпе-бет кездесулер 1846 жылы маусымның алғашқы жартысынан тамыздың екінші жартысына дейін Құнанбай ауылында болған. Бұған поляк зерттеушісінің жолжазбасы мен күнделігінен бөлек, басқа да дерек пен дәйек толып жатыр. А. Янушкевич өз күнделіктерінде: «Құнанбай би Барақ сұлтаннан бір-екі жас үлкен. Бұл – бүкіл елге әйгілі адам. Қарапайым қара халықтан шыққан Құнанбай жаратылысынан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі» деп өзінің байламды бағасын береді. А.Янушкевич тағы бірде: «Жасынан ол сұлу жігіт екен, қазір шешектің дағынан беті шұбар болып қалған. Бұдан бірнеше жыл бұрын қатты шешек шығып, өлім аузынан қалыпты. Құнанбай бұлбұлдай сайрап сөйлеп кеткенде, тыңдаған халайық бетінің бұдырын мүлде ұмытады», – дейді. Академик Әлкей Марғұлан (1904-1985) «Казахское народное прикладное искусство» альбом кітабының бірінші бөлімінде «Костюм Кунанбая и его жены» фото 1854 г» деген сөз жазылған фотосурет бар. Осы сурет жайында М.Бейсенбаев Абай музейінің ғылыми қызметкері «Құнанбай қажы» атты мақаласында өз дәлелдерін айқын, ашық білдіреді. Бұл қолдан-қолға көшіп жүрген фото – 1982 жылы «Жұлдыз» журналының 4-санында академик Әлкей Марғұлан өзінің «Ақын туған орта» деген зерттеуімен бірге жарияланған «Құнанбай мен Нұрғаным фотобейнесі» деген сурет. Оған автор «Түрі жүдеу, оң жақ көзі соқыр, жанында қымыз құйып отырған жас бәйбішесі – Нұрғаным. Үйі де бірталай жүдеп, ескіре бастаған, көп жері жыртылған» деп түсінік берген. Бірақ сурет қай архивтен тауып алынды, оның Құнанбай мен Нұрғаным екені қалай анықталды, ол жағы мүлде айтылмайды. Сондықтан біз бұл фотоға үлкен күдік келтіреміз. Өйткені суреттегі адамдардың киім киісі мен кейбір тұрмыстық заттарының ұсқыны Орта жүздегі арғын-тобықты елінің үлгілеріне ұқсамайды. Екіншіден, Құнанбай істі болып, қуғын көргенде мал-мүлкінен айырылып, жоқтық тартып, кедейленіп жыртық киіз үйде отырған жоқ. Оның өзі түгілі балаларында үйір-үйір жылқы, мыңғырған қой, шалқып жатқан байлығы болған. Фотодағы киіз көрінісі де – Құнанбайдың сән-салтанатына келмейтін орта шаруаның баспанасы... Үшіншіден, фотодағыдай емес, Нұрғаным да ірі денелі, толық адам болған. Ел-жұрты оны «Май апа» дейді екен. Міне, осы айтылғандардың өзі-ақ бұл фотобейнеге күдікпен қарауға негіз болады. Тегінде тарихи тұлғаларға келгенде әрбір дерекке аса сақтықпен қараған жөн. Аталмыш фотосурет Қазақстанның басқа бір елді мекенінде түсірілген деген болжамға көп келіңкірейді. Ол заманда елдің шығысында айыр қалпақ кию дәстүрі болмаған. Фотодағы ақ айыр қалпақ –қырғыз үлгісі, ол елде кең тараған баскиім екенін соқырға таяқ ұстатқандай, айқын бағдар нұсқап тұрғандай сезіледі. С.Қасиманов «Қазақ халқының қолөнері» кітабында «Әйел киімдерінің де әр аймақта әртүрлі үлгілер мен әр алуан атаулар бар» деп кимешектің үш түрін фотода жариялаған. Молдабек Жанболатов «Тобықты Шыңғыстау шежіресі» жинағының І томында Тобықты үлгісіндегі кимешек жаулық киген әйелдің фотосуретін көрсеткен. Осындай қазақ киім үлгілерін ХІХ-ХХ ғасырдағы түсірілген тарихи фотосуреттерден көре аласыздар.
«Құнанбай қажының көзіне найзаның ұшы тиген, содан соқыр болған» деген ел аузындағы сөздер шындыққа жанаспайды, ал шындығында көзіне ақ дақ түскен, ол қатты ауырғаннан пайда болған дегенге сенуімізге әбден болады. Абайдың әйгілі әкесі Құнанбай – өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған ақылды да зерек, шешен адам, аға сұлтан болып ел билеп, халқының қошеметіне бөленген тарихи ірі тұлға.
Ең басты дерек фото ісі жайында болмақ. Наталья Перцева құрастырған «Первый фотограф степного края» атты мақаласында ХІХ ғасырдың ортасында Томск губерниясынан қоныс аударған, Соломон Лейбин-алхимик Семей (Семипалатинск) қаласында өзінің жеке фото ісін ұйымдастырған. Семей облысында алғашқы фотосуретке түсіру өнері сол кезден бастау алған. Соломон Лейбин кейіннен Верный (Алматы) қаласына қоныс аударған. Оның ісін балалары жалғастырған. Осы мәліметтерге қарағанда, Шыңғыстау өлкесінде фотосуретке түсіру кейінірек болған сыңайлы. Шамасы, 1860-1870 жылдар болса керек деп топшылаймыз. 2008 жылы баспадан шыққан Шәкәрім энциклопедиясының 504- бетінде жарияланған Құнанбай Өскенбайұлы фотосуреті мүлде басқа адамдікі. Ол кімнің фотобейнесі екені түбегейлі зерттелмеген. Біздің ойымызша, Құнанбай қажы –жасынан өнегелі мұсылман болған адам, дінді берік ұстанған кісі, сол себепті суретке түсуді жақтыртпаған болуы мүмкін... «Құнанбай қажының көзіне найзаның ұшы тиген, содан соқыр болған» деген ел аузындағы сөздер шындыққа жанаспайды, ал шындығында көзіне ақ дақ түскен, ол қатты ауырғаннан пайда болған дегенге сенуімізге әбден болады. Абайдың әйгілі әкесі Құнанбай – өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған ақылды да зерек, шешен адам, аға сұлтан болып ел билеп, халқының қошеметіне бөленген тарихи ірі тұлға. Мұхтар Әуезов роман-эпопеясының бірінші бөлімінде ұлы Абайдың бала күніндегі әкесі Құнанбайдың бейнесін суреттеуі суретшілер үшін аса маңызды дерек болуы керек деп ойлаймыз. Бұған себеп – төмендегі суреттеу кімнің де болса назарын өзіне аударары анық жай: «Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр... Кейде ұғымсыз сөзден іші пысып, әкесінің пішіні, тұлғасына қарап, қадалып қалады. Тегінде ертекші, өлеңші, не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді. Адам пішіні әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізденетін... Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғары жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне, ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші. Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кірпігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқая отырып сөйлеген Құнанбай осы үйде әркімге қарамайды». Міне, Мұхаң жасаған Құнанбай бейнесі осындай. Әлемдік көркемсөзде сирек кездесетін аса күрделі бейненің бірі – бұл. Құнанбай образы Қазақстанның бейнелеу өнерінде де айтарлықтай орын алмаған. Осы олқылықтардың орнын толтыру суретші-шеберлердің міндеті деп білеміз. Соңғы жылдары Құнанбай қажының бейнепішінін графикада бейнеледім. Ы.Мусиннің шығармалар жинағының бірінші кітабының 13-бетінде басылды. Сол суреттің астыңғы жағында «Қарқаралы дуанының аға сұлтаны болған, қажы, мырза Құнанбай Өскенбайұлы» деген сөз жазылған. Құнанбай қажы – еңселі, ұзын бойлы адам. Құнанбайдың Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы Құдайбердінің Дәметкен (Төлебике) дейтін бәйбішесінен туған төртінші, кенже ұл – Шаһкәрім. Ал Шәкәрім атамыз ұзын бойлы, келбетті де көрікті адам болған екен. Шамамен бойы 1 метр 80 см болса керек. Онда Құнекеңнің бойы қандай екенін шамалаймыз. Тегінде Құнанбайдың балалары түгелдей бойшаң екені бізге, яғни суретшілерге қиын соқпайды. Хакім Абайдың дене бітімінің ірілігі мен бойшаң болғанына көз жеткізуімізге болады. Бейнелеу өнерінде сонау замандардан келе жатқан ереже-қағида қалыптасқан, ол адам басының биіктігі төбеден иектің астына дейінгі өлшемі тұлғасына жеті рет өлшеніп салынады, болмаса одан да асып кетеді. Сол ережеге сүйенсек, Абай атамыздың бойы да еңселі болып шығады және орта бойлы дегенге келмейді. Жоғарыда атап кеткендей, Құнанбай атамыздың «басы мен беті бір өңірдей» деп суреттелгені шындық. Бейнелеу өнерінде алдымен графитті сурет жасалады. Бұл қағида бейненің суретін нақты зерттеп шығару графикадан, яғни суреттен басталады. Одан соң, басқа материалдармен жұмыс істеуге мүмкіндіктер ашыла береді. Адам бейнесін айқын бейнелеу – графиканың да, кескіндеменің де мүсін жасау өнерінің де алғышарты әрі міндеті. Бейнелеу өнерінде адам бейнесін сомдау немесе сурет материалдарымен көркем бейнелеп шығару – аса күрделі іс. Адамның сурет-бейнесі тек әдебиетте немесе ел аузында қалған әңгімелер негізінде жасалса, әрине ондай сурет, әйтпесе портрет деректі деп айта алмаймыз. Суретші міндеті адам бейнесін шындыққа, яғни образға мейлінше жақындату, көркем елестету. Көрермендерді Құнанбай бейнесіне еніп кетуіне мәжбүр ету, соған себеп болу. Бұл Абайтану әлеміне қосқан парыз деп ұғамыз.Нұрбұлан ӨТЕПБАЕВ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі