Түркістан облысында пневмонияға шалдыққан науқастар саны күрт көбейді
Түркістан облысында пневмонияға шалдыққан науқастар саны күрт көбейді
фото: ашық дереккөз
5,134
оқылды
Түркістан облысында пневмонияға шалдыққан сырқаттар саны артып отыр, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі. Қазіргі таңда Түркістан қалалық орталық ауруханасына тұмау белгілерімен дәрігерлік көмекке жүгінгендердің саны артты. Науқастарда дене қызуының көтерілуі, жөтел және әлсіздік байқалады. Медициналық тексеру науқастардың пневмонияға шалдыққанын, яғни өкпесі қабынғанын анықтады. «Ауруханаға түскен азаматтардан шұғыл түрде Covid-19 инфекциясына талдама алынады. Талдама анықталғанға дейін олар провизорлық бөлімде ем қабылдауда. Теріс нәтиже шыққандары ауруханаға жатқызылып, тиісті емін алып жатыр. Науқастар негізінен пневмонияға шалдыққан. Тексеру барысында коронавирус инфекциясына теріс нәтиже шығуда. Статистика бойынша қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша провизорлық ауруханаларда 121 науқас пневмониядан ем қабылдауда. Жалпы, 87 азамат жазылып шыққан» делінген хабарламада. Жалпы Түркістан қаласы бойынша 129 адамнан коронавирус табылған, 62 науқас жазылып шықты. 32 адам инфекциялық стационарда ем алып жатыр. Барлық КВИ ошақтарында дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.