Бүгін бүкіл әлем қан донорларының күнін атап өтеді
Бүгін бүкіл әлем қан донорларының күнін атап өтеді
фото: ашық дереккөз
181
оқылды
  Жыл сайын 14 маусымда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен барлық елдер қан донорларының күнін атап өтеді. «Қауіпсіз қан қашанда керек. Ол науқастарды емдеуге де, шұғыл медициналық көмек көрсеткенде де аса қажет. Қан қауіпті дертке шалдыққан адамдардың өмірін ұзартып, оны жақсартуға, одан бөлек күрделі медициналық және хирургиялық процедураларды жасағанда қолданылады. Ол сондай-ақ кез келген апат кезінде жарақат алғандарды аман алып қалуға көп септігін тигізеді және ана мен жаңа туған баланың өміріне араша түседі», - делінген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарламасында. Дегенмен, қауіпсіз қан әлі күнге дейін тапшы. Көптеген елдерде қанмен қамтамасыз етуде проблемалар баршылық. Өйткені донор саны өте аз, ал қанды зерттейтін құрал-жабдықтар жоқтың қасы. «Қанның 42 пайызы табысы жоғары дамыған мемлекеттерде жиналады. Ал бұл елдерде әлем халқының 16 пайызы ғана тұрады. Науқастарды қанмен қамтамасыз ету үшін донорлар тұрақты түрде қан өткізіп тұрады. Бұл мәселенің шешімі - осы ғана. Сондықтан 2005 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамбелясы 14 маусымды донор күні деп белгіледі. Бұл күні донорларға алғыс жаудырып, құрмет көрсетіледі» деп жазады ДДСҰ. Атаулы күнге орай бүкіл әлемде қан өткізу науқаны басталады. Биылғы науқан «Қауіпсіз қан адам өмірін құтқарады» деген тақырыпқа арналып, дені сау әлем үшін қан өткізуге үгіттейді. Осы науқан аясында кез келген адам қан өткізіп, сырқаттардың өмірін құтқарып қала алады.