Қазақстан басшылығы жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігіне үнемі көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты «Қазақстан-2050» даму стратегиясы қабылданды. Әлемдегі озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсаты белгіленді. «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары жүзеге асырылуда.
Қазақстанның Үшінші жаңғыруы сана мен сапаға әсер етпей қоймайды. «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасының қабылдануы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспарының жасалуы келешекте бұл бағытта мазмұнды өзгерістер болатындығын айғақтайды.
Осы ретте Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажетін айқындап алу өте маңызды. Жақында Қызылордада IV халықаралық интернет-форум өтті. Бұл форумға Ресей, Татарстан, Сингапур және Қазақстаннан сарапшылар қатысты. Адам капиталын дамыту – аймақтың басымдықтарының бірі. «Біз төртінші интернет-форумды адам капиталын дамытуға арнап отырмыз. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі кезеңде мемлекеттің экономикалық өсуінің шешуші факторы – адам капиталын қалыптастыру мен дамытуға байланысты инвестициялар. Әлемде білім беруді дамытуға мемлекеттік шығыстар бұрыннан әлеуметтік шығындар ретінде есептелмейді. Себебі бұл – табыс әкелетін инвестиция. «Барлығын кадрлар шешетінін» түсінеміз, сондықтан облыстық бюджеттің 40 пайыздан астамын білім беру саласына бағыттаймыз», – дейді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
Қызылорда облысында HackDay жас IT мамандардың бірінші өңірлік фестивалі ұйымдастырылыпты. Қызылорда жастары «IT эшелон» жобасы аясында веб-бағдарламалау негіздері мен фронтенд-әзірлемелер бойынша ақысыз негізде оқытылуда. 2016 жылы бірінші интернет-форум электронды коммерцияны дамытуға, 2017 жылы Байқоңыр қаласында кәсіпкерлікті дамытуға, 2018 жылғы форум өңірде цифрландыруды дамытуға арналған екен. Облыста ситуациялық орталық жұмыс істеп тұрғанын көзімізбен көрген едік. Енді «Барс-Групп» татар компаниясымен бірлесе отырып, «Электрондық балабақша» жобасы жүзеге асырылған. Бүгінде жүйе 425 мектепке дейінгі білім беру мекемесіне енгізіліпті. Сондай-ақ «Транстелеком» компаниясымен бірігіп тұрғын үй коммуналдық шаруашылық шығындарын оңтайландыруды көздейтін 6 көпқабатты үйге енгізілген «е-Шаңырақ» зияткерлік ақпараттық жүйесінің пилоттық жобасы іске асырылуы қуантады.
Бұдан түйетін түйін қандай? Аймақтарда жаңа технологиялық бағыт талаптарына тезірек бет бұру қажет. Бұл салада үйренетін де, игілігін көретін де салалар жетіп артылады. Өкінішке қарай, еліміздің басқа аймақтары бұл жағынан әлі де самарқау секілді...