Елордада коронавирустың симптомсыз тасымалдаушылары телемедицина арқылы ем алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов парақшасында жазды. «Эпидемиологиялық жағдай мен өтініш білдірушілер санының артуын ескере отырып, коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі қалалық шұғыл әрекет ету штабында бірқатар мәселелер қаралды. Бірінші. Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар үшін қосымша 400 провизорлық орын ашылды. Оның ішінде, стационарлар базасында инфаркт, инсульт, қант диабеті бар (КВИ-ға күдігі бар) адамдарға арналған жеке орындар анықталды. Бұған дейін пневмония мен ОРВИ бар емделушілер үшін жеке корпустар ашылған болатын. Оларды коронавирусқа қосымша тексереді. Бұл инфекцияны ертерек анықтауға мүмкіндік берді», - деді Алтай Көлгінов. Екіншіден, оның айтуынша, қалалық және жеке меншік емханалардың бас дәрігерлерімен, стационарлардың, талдау-орталықтарының басшыларымен және қаланың бас санитарлық дәрігерімен онлайн-кездесуден кейін коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларын емдеу үшін телемедицинаға көшу туралы шешім қабылданды. Медицина қызметкерлері бейнеқоңыраулар және басқа да байланыс арналары арқылы тұрғындардың денсаулық жағдайын қадағалайды, коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларына барлық мәселелер бойынша кеңес береді. Науқастарда симптомдар пайда болған жағдайда олар ауруханаға жатқызылады. Үшіншіден, шетелден ұшып келген әуежолаушыларды оқшаулау тәжірибесі жалғасады. «Рамада Плаза» қонақ үйінде медстационарға жабдықталған нөмірлер дайындалды. 22 наурыздан бастап қалаға кіру және шығу жабылды, қалалық штаб барлық әуежолаушыларын тексеру туралы шешім қабылдады. Бұл қалаға инфекция жұқтырғандарды жібермеуге мүмкіндік берді. «Төртіншіден ұйымдар қызметкерлерді қашықтан жұмыс жасау режиміне барынша көшіруі қажет. Қызметі рұқсат етілген ұйымдар санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын бақылауы керек. Covid-19 жұқтырғандардың жартысы әртүрлі ұжымдар. Күн сайын әкімдіктің мобильді тобы полиция қызметкерлерімен, санитарлық дәрігерлермен, волонтерлермен бірлесіп рейдтер жүргізіп жатыр. Тәртіпбұзушылық болған жағдайда нысандар жабылады. Бесіншіден, қала тұрғындары санитарлық нормаларды қатаң сақтауы қажет. Маска киіп (әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде), мүмкіндігінше адам көп жиналатын орындарға бармай, антисептик пайдаланып, ара қашықтық сақтаған жөн», - деді қала басшысы.