Арысты қалпына келтіру – парыз
Арысты қалпына келтіру – парыз
158
оқылды

Nur Otan партиясының хатшылары Тамара Дүйсенова мен Илья Теренченко Арысқа бүкіл қазақстандықтың көмек­тесіп жатқанын айтты.

Бұған дейін Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге Nur Otan партия­сының көмегімен 518 тонна азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары жеткізілген.

Nur Otan партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова халыққа материалдық көмекпен қатар психологтар да көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.

– Апат болған күннен бастап партия барлық 17 өңірде гуманитарлық көмек орталықтарын ашты. Бүгінгі таңда осы көмек орталықтары арқылы Түркістан облысының Әлеуметтік даму кор­по­ра­тивтік қорына жарты миллиардқа жуық қаражат жиналды. Бұл біріншіден, бар­лық қазақстандық азаматтардың атынан, екіншіден, Шымкент қаласын­дағы Түркістан облысы штабының қоймасына 518 тонна азық- түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары жет­кізілді.

Сонымен қатар партия жанынан Балалар құқығын қорғау кеңесі ашылды. Оның Шымкент қаласында мобильді кеңсесін аштық. Бірінші күннен бастап кеңестің мүшелері Қазақстанның пси­хологтар ассоцияциясы Психологтар кеңесімен бірге 25 психолог балалармен жұмыс істеді. Үлкен азаматтарға да психологиялық көмек алу керек болған­дықтан, 19 психологты барлық Қа­зақстан бойынша жібердік. 700 бала жаз­ғы лагерьде демалады. Қазір олар сол жерде жұмыс атқарып жатыр, – деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, Арысқа көмек төрт тараптан қаржыландырылуда. Бірін­шіден, Үкімет қазына қаржысынан қо­мақты қаражат бөледі. Екіншіден, сақ­тандыру қоры да көмектеседі. Үшін­­­­шіден, жергілікті әкімшіліктен қар­жы қа­рас­тырылған. Төртіншіден, халық заттай және қаржылай көмектесіп жатыр.

Жиында Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко жарылыс болған күні зардап шеккендерге азық-түлік уақытылы жеткізілгенін, қазіргі уақытта қираған үйлерді қалпына кел­тіру үшін құрылыс материалдары жеткізіліп жатқанын айтты.

– Алматыдан 100 тонна құрылыс материалы Арысқа жөнелтілді. Жеткізуге партиялықтар мен кәсіпкерлер үлес қосуда. Қазіргі уақытта 600 миллион теңге қаржы жиналды. Бірыңғай есеп­шотты бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы жариялаған болатынбыз, – деді Илья Теренченко.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жағдайды тікелей қадағалап отыр. Жарылыстан кейінгі Арысты қалпына келтіру – Үкімет, жергілікті әкімдік, Нұр Отан партиясының міндеті.

Ерекше айтып өтер жайт, Nur Otan пар­тиясының бастамасымен #Арыс­БізБіргеміз жалпыхалықтық акциясы өткізілуде. Партияның аймақтағы филиалдарында гуманитарлық көмек жинау орталығы күні-түні жұмыс істеп тұр.