Әкімдіктерге сөгіс жарияланды
Әкімдіктерге сөгіс жарияланды
©Сурет интернеттен алынды

Бүгін Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмовтың қатысуымен өткен аппараттық жиында бірнеше лауазымды тұлғаға сөгіс жарияланып, жауапты қызметкерлердің жұмыс ұйымдастыру сапасының төмендігі атап өтті.

Бүгінгі күнге дейін жұмыстар тиісті деңгейде орындалмаған. Шағын микро кредиттердің кәсіпкерлерге жеткізілмеуінен облыс бойынша қосымша жұмыс орындары құрылмаған. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерде шағын кредит беру бағытының жарты жылдықтағы орындалысының төмендігіне байланысты облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақовқа және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлға сөгіс жарияланды.

Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов шаһар ішіндегі жасыл желектердің уақытылы суарылмауына байланысты сөгіс алды. Мұнайлы ауданында тазалық жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі және аудан ішіндегі қоқыстардың тазаланбауына байланысты аудан тұрғындарына ауыз су жеткізуді жүйелі түрде ұйымдастыра алмаған аудан әкімі Рахат Елтизаровқа да сөгіс жарияланды. Бұған дейін аудан әкіміне аумақтарды санитарлық тазалау және қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау бойынша бірнеше рет тапсырмалар берілген болатын.

Облыс бойынша әкімдіктер жанынан құрылған мониторингтік топтармен соңғы 5 күнде рейттік жұмыстар жүргізіліп, 577 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде карантиндік режим талаптарын бұзған 6 нысан иелеріне ескерту берілді.

Барлық аталған бұзушылықтар Мұнайлы ауданында анықталды. Басқа аудандарда рейдтік іс-шаралар формальды сипатқа ие, тек түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жиын соңында аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, дер кезінде орындалуы жөнінде қатаң ескерту жариялады.

Жазира Қуанышханқызы