«Nur Otan» партиясы Саяси менеджмент мектебі директорының орынбасары Сәуле Бақтымбет алғашқы оқу күнінің қалай өткені туралы айтып берді. Қазіргі уақытта партияны қайта жандандыру мақсатында 15 маусымнан бастап 7 тамызға дейін «Nur Otan» партиясының Саяси менеджмент мектебі партияішілік праймеризге қатысушыларға арнайы тренинг ұйымдастыруда. – Біз вебинарлардың ақысыз сериясын бастаймыз. Еліміздің 17 аймағынан қатысушылардың санын 3 500 адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгін Павлодар және Қостанай облыстарынан азаматтар қатысты. Олар бастауыш партия өкілдері және «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне үміткерлер, – деді Сәуле Бақтымбет. Праймеризге қатысушылар саяси және партиялық мансапты құруға қатысты еліміздегі белгілі сарапшылардан кеңес алып, 4 сағат бойы интерактивті пікірталас өткізді. Сондай-ақ аталған топтар арасында шығармашылық тапсырмалар мен практикалық сабақтар орындалды. Курсқа спикер ретінде Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев, «Nur Otan» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинская, бизнес-жаттықтырушы, психолог, кәсіби медиатор Жанель Сариева және журналист, продюсер, Саяси маркетинг мектебінің негізін қалаушы, шешендік өнер бойынша жаттықтырушы Ғазиза Райымбек қатысып, әртүрлі тақырыпта дәріс оқиды. «Nur Otan» партиясының Саяси менеджмент мектебінде өткен вебинарда «Праймериз. Жария саясат. Депутаттың бейнесі қандай болуы керек?» деген тақырып қозғалды. Оқыту бағдарламасы онлайн режимде өтетін төрт модульден тұрады. Бірінші модуль: Партияішілік іріктеу – праймеризін іске асыру механизмі. Екінші модуль: Праймеризді өткізудің халықаралық тәжірибесі. Депутаттың биліктегі рөлі мен орны. Үшінші модуль: Депутаттың бейнесі. Имидж және мінез-құлықтың тиімді үлгісін қалыптастыру. Төртінші модуль: Саяси шешендік. – Спикерлер онлайн сабаққа қатысушыларға депутаттың имиджі қандай болуы керек екенін айтады. Сондай-ақ вебинарда сарапшылар мен жаттықтырушылар дәріс оқиды. Мәселен, Ермұхамет Ертісбаев депутаттардың қоғамның саяси өміріндегі рөлі туралы ойымен бөлісті. Спикер сондай-ақ қазіргі заманғы үрдістерге де тоқталды. Бұл вебинарға қатысушылар үшін өте маңызды дәрістің бірі болды, – деп атап өтті Сәуле Бақтымбет. «Партияішілік іріктеуді жүзеге асырудың тетігі – праймериз» атты екінші модуль барысында «Nur Otan» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинская дәріс оқыды. Ол праймериздің негізгі үлгілері және оны өткізудің артықшылықтарын, кандидаттарды ұсыну тәртібі және партия қандай талаптар қоятыны жөнінде және тағы да басқа тақырыптарға тоқталды. Көптеген қатысушыларды партияішілік праймериздің мақсаты мен міндеті қызықтырды. Семинарда праймериздің негізгі принциптері мен кезеңдеріне қатысты бірқатар сұрақ қойылды. Өз кезегінде Жанель Сариева депутаттың имиджі қандай болу керек екенін түсіндірді. Ал вебинар соңында Ғазиза Райымбек кәсіби сөйлеу дауысының негізгі қасиеті, оны дамыту туралы тәжірибесімен бөлісті. – Бұл семинарлар кандидаттардың көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға, пікірталастарда қарсыластарына ықпал ету және сендіру әдістерін сауатты қолдануға көмектеседі. Тәжірибелі сарапшылар оларға саяси брендті ілгерілету үшін технологияны қалай қолданатынын және сайлаушылар арасында сайлау науқанын қалай өткізу керегін үйретті, – деді Сәуле Бақтымбет.
Әбілмансұр ЖАСАН