Түркиялық инвестор Қазақстанға жарты тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді
Түркиялық инвестор Қазақстанға жарты тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді
Қазақстанда 90 жылдардан бері инвестициялық қызмет атқарып келе жатқан түркиялық Magdenli Yer Hizmetleri ve Tasima компаниясы Атырау облысына гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Түркиялық инвестор жалпы көлемі 650 кг болатын медициналық көзілдірік, латекстен жасалған қолғап, маска және комбинезондар жіберді. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлайды.
«Magdenli компаниясының иесі Керем Мағденлиден гуманитарлық көмекті қабылдау кезінде Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Қазақстанда жұмыс атқаратын бауырлас Түркия мемлекетінің инвесторлары COVID-19-бен қарсы күресте белсенділік танытып, осы уақытқа дейін жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Осындай бастамалар Қазақстан мен Түркия арасында орнатылған Стратегиялық әріптестіктің әрі халықтарымыз арасындағы бауырластықтың айқын айғағы дей отырып, Елші алдағы уақытта басқа да түрік инвесторлары көмек көрсетуге ниет білдіргенін айтты»,- делінген хабарламада.
Айта кету керек, Magdenli Yer Hizmetleri ve Tasima компаниясы Атырау қаласы әуежайының инвесторы. Бұдан бұрын YDA Holding, Anadolu Endustri Holding (Coca-Cola Icecek), Nobel Ilac, Abdi Ibrahim, Yildirim Holding сияқты басқа да бірқатар түркиялық инвесторлар Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберген.